Құлбарақ – Табылды бабамыздың тұңғыш ұлы. Табылдының әкесі Итемген, оның әкесі Есболай, Есболайдың әкесі Айболат, оның әкесі Андағұл, Андағұлдың әкесі Қаратоқай, Қаратоқайдың әкесі Тілес, Тілестің әкесі Байсейіт, оның әкесі Беріш.
Құлбарақтың нағашысы түрікпеннің белгілі адамы Ходжа Непестің баласы Сүйін батыр. Елдің тыныштығы үшін Табылдыны түрікпеннің қызына үйлендірген.
Түрікпеннің ханы Аллақұл 1832 жылы қазақтың Сүйінқара Үргешбайұлының (17561841 жылдар) ауылын шапқызып, көп шығынға ұшыратады. Жау шапқанда Сүйінқара ауылда болмаған деген мәлімет бар. Жаудан мал мен жанды айыру үшін асығыс аттанған қазақтың 800 адамдық қолы түрікпеннің үш мыңдық ауыр қолына қарсы соғысады. Соғысқа Құлбарақ және оның баласы Кебіс, Мырзатай, Батырбек, Қабыл, Көбен, Көшек және Қабылұлы Жапаберді және тағы басқалар қатысады. Осы соғыста Құлбарақ атаның ағайындары мен жолдастарының ішінен тек Жапаберді ғана тірі қалады.
Ығылман Шөрековтың «Ел едік» деген өлеңінде:
«Құлбарақ, Кескір, Көбен кетті бірге, Тап болып, сол қуғынға іліккеннен. Құлбарақ, Жапаберді, Кекшіл, Көшек, Секілді алмас қылыш Кескір, Көбен, Қасында Батырбек пен бар Байтөбет. Мас болып ашуланса, сес бермеген. Барлығы бел немере, саф батырлар, Жау десе, жан аямас дәстүрменен», – дейді.Сүйінқара сол шайқасқа қатысты, оны қорғап, аман алып қалған Жапаберді екен, деген де пікір бар. Оны тереңірек зерттеу тарихтың еншісінде. 1832 жылы ақпан айында Құлбарақ ата қаза болғанда нағашылары оның басын құрметтеп, Хиуадағы Балуан Махмуд (12471326 жылдары) мешітінің жанына жерлеген.
Осы жерде сәл шегініс жасап, айта кететін бір жәйт – Аллақұл хан «Сүйінқараның ауылын шауып, басын кесіп әкеліңдер», – деп тапсырма берген ғой, бірақ ханның бас кесерлері Сүйінқараның басы деп Құлбарақ батырдың басын шауып алып барған. «Тапсырмаңызды орындадық», – деп басты ханның алдына тастағанда Құлбарақтың басы ыржиып күліп жатыр екен дейді. Бұл көріністен шошынып қалған хан: «Мынау Сүйінқара емес, бірақ құр адам емес. Сыйлы орынға құрметтеп жерлеңдер», – деп тапсырма беріпті дейді.
Сөйтіп, Құлбарақтың басы Хиуаның орталығындағы хандар сарайы маңында Пахлаван Махмуд қауымының шет жағына жерленген, «Бас әулие», делінеді. Бұл мәліметті Құлбарақтың ұрпағы болып табылатын шетпелік Орынбасар Жалжанов (марқұм) барып, көзімен көріп, бабасының басына зиярат етіп келіп, жазып қалдырды. Ал маңғыстаулық Ә.Табылды «Өмір – өзен, даңғыл жол» деген кітабында және «Атырау» газетінде (10.11.1992 ж.) Дүйсенғали Төленов (марқұм) Құлбарақтың басы Хиуада Балуан күмбезінің ішіне жерленгенін анықтай түседі. Ал, «Көкжиек» газетінде (21.07.2006 жыл) Д.Әріпұлы мен А.Ершуовтың «Сүйінқара – ел қорғаны» деген мақаласында: «Құлбарақтың басы Көне Үргеніштегі атақты Шикабр әулие қауымына жерленген», – дейді.
Осындай әртүрлі деректер мен пікірлер түрлі ойға қалдырады. Құлбарақтың басы түрікпен жеріндегі Көне Үргеніште жатса, Хиуадағы Пахлаван Махмуд мұражайының қызметкерлері Қазақстаннан барып тұрған осыншама адамдарға теріс мәлімет беруі мүмкін бе? Бізді толғандыратын осы сұрақ. Дегенмен естігеннен, оқығаннан гөрі барып көзімен көрген, басына барып дұға оқыған ұрпағының қалдырған жазбасына сенгеніміз жөн деп ойлаймыз.
Ақын Дүйсенбек Қанатбаев Құлбараққа арнаған өлеңінде:
Айтшы, айтшы қайда жатыр Құлбарақ?
Қабіріне кетсем деп ем гүл қадап...
Батырлардың басы қайда қалмаған,
Ал, ерлігі төбемізден тұр қарап! – деп жырлайды.
Енді Құлбарақтың әкесі Табылды (1755-1835 жылдар) туралы айтсақ, ол би, батыр адам болған делінеді.
Ақын Мұрат Мөңкеұлы оның соғыста жеңіп келе жатқанын (заманында талай шайқастарға қатысқан батыр ғой) былай су реттейді:
«Олжасыз өзге қазақ құр қайтқанда,
Табылды найзасына қыз байлаған».
Себебі, соғыста жауын жеңген батырлар еліне сұлу қыздарды ала келіп, құрдастарына берген немесе өздері әйелдікке алатын болған.
Атақты Абыл ақынның:
Аржағын, ер Есболай, Итемгеннен,
Келеді айқын жүйрік ит өлгеннен.
Қайтпады қайран ерлер қауымына,
Ажалға намыс оты итергеннен.
Құлбарақ туып еді Табылдыдан,
Жау көрсе жаман қашар шабындыдан.
Ер жігіт жауды жайпап, қапыда өлді,
Тиген соң қиғыр қылыш қағындыдан, – дейді.
Табылды бабамыздың зираты Маңғыстаудың Бозашы түбегіндегі Ақорпа-Өжен де (Төлеу қауымында). Қасында атасы Есболайдың Маңғыстауға келіп қоныстанған жері, Ақорпа құдығының қасында ту тіккен қыстауы және бауыры Қараның зираты, үш шақырымдай жерде төбе басында орналасқан. Балалары Құлбарақ, Досыбай, Жолдыбай, қызы Марал атақты би Бердінің бәйбішесі, одан туған жиені Мүсірәлі – әрі би, әрі бай, беделді адам болған. Ол 1878-1884 жылдары Есбол болысының правителі болған.
Әбіш Кекілбаев «Үркер» романында: «Ес болай, Итемген, Әлім, Киікбай, Жаулыбай сосын осы Тайлан дегенде ішкен астарын жерге қоймайтын кісі жоқ», – дейді (3-том, 361-бет, Алматы, «Өлке» баспасы, 1999 жыл). Бір кезде қазақтың осыншама біртуар тұлғаларымен қатар аталып, 300 жылдан аса халық қастерлеген Табылды, Есболай есімдері бүгінгі ұрпақ тарапынан ескерусіз қалуы шынымен қынжылтады. Итемген – Құлбарақтың кәрі әкесі. Шектінің Көбек биі Итемген бабамыз туралы:
Атқа мінсе желденген, Қан ішпесе, шөлдеген.
Дұшпанын жеңіп меңгерген,
Қаратоқай Айболаттан туған Итемген», – дейді.
Мұрат Мөңкеұлы бір өлеңінде:
«Қалмақты ер Итемген бостырыпты,
Сол күні қоныс бермей Қарағаштан», – дейді
Итемгеннің балалары: Қара, Табылды, Мәтен, Қабыл, Қалдыбай. Ел ішінде «Итемгеннің бес бөрісі» атанған. Бұлар туралы ақын Мұрат Мөңкеұлы:
Итемгеннен туған бес бөрі,
Қара менен Табылды,
Қалдыбай, Мәтен, Қабылды.
Сол ерлерім барында,
Дұшпаннан кегім алынды.
Сөйтіп жүрген ерлерді,
Алып кетіп қара жер,
Беріп кетті-ау жәбірді..., – дейді.
Олар Ресейдің бодандықпен басып алу және ұлтшылдық саясатымен Маңғыстау жерін тартып алмақшы болған түрікпендерге өмір бойы қарсы шығып, соғысып өткен батырлар. Есболай атақты Әйтеке бимен құда болып, Итемгенді оның қызы Айманға үйлендірген. Арғы-бергі тарихымызға көз жүгірткенде, ту ұстап, қол бастаған ержүрек батырларды, шындықты бетке айтқан әділ билердің сөзін қазіргі жастарға үлгі ету – аға буынның қасиетті борышы. Соның бірі – Есболай. Ол Құлбарақтың үшінші атасы (яғни, әкесі Табылдыны айтпағанда, тек ата ретінде). Құлбарақ Есболайдың шөбересі. Есболайды ең көп жырлаған ақын Мұрат Мөңкеұлы. Ол өзінің «Сарыарқа» толғауында:
«Есболай, кете Әжібай қарай келген,
Қасына батыр досы Шотан ерген.
Әжібай Сарыарқада қыстап қалып,
Керелді Есболай бай белгілеген», – дейді.
Мұрат ақынның екінші бір толғауында Есболай туралы:
«Билік пенен байлыққа бермеген екен дестені-ай,
Дүние шіркін не дейсің, одан да өтті көшпелі-ай!» – деген жолдарды кездестіреміз.
Есболай туралы осы мақала авторларының бірі, яғни Аманқос ең бірінші рет өз атасы Мәтібайдан естіген. Есболайдың әділдігі, турашылдығы, жаумен арпалыста жүріп мал жинауы да ерлік. Мұрат Мөңке ұлының:
«Біз көштік Сарыарқадан бермен асып,
Көлденең Сағызбенен Жемді басып.
Ат мініп, киім киіп, тұқым алдық,
Көршілес жақын жұртпен араласып», – деуінде үлкен мән бар. Себебі қатты қыста, аязда малды аман сақтау да үлкен еңбекті қажет етеді. Ол кезде мал баққанға емес, оны жаудан қорғай білгенге бітті. Жылқыны«Айдаса жаудікі, ысқырса желдікі» деу сол уақыттың ақиқаты.
Есболайдың тектілігін Мұрат Мөңкеұлының мына сөздерінен де аңғаруға болады:
«Табылды Итемгеннен Қара туды,
Қалдыбай, Қабыл, Мәтен және туды.
Шынжырың арылмаған бір сой едің,
Әуелде Алла артық жаратулы».
Немесе,
«...Шынжырың жеті атаңнан арылмаған,
Қашаннан Алла сізді жарылқаған.
Болғалы атаң сенің ер Есболай,
Дұшпаннан кегің бар ма алынбаған?»
Атақты Шотан батыр Есболайдың Мақпалжан деген апасынан туған. Есболай бабамыздың зираты Атырау облысы, Құлсары қаласынан 60 шақырым, Бекбике темір жол разъезінен шығысқа қарай 14 шақырым жердегі биік төбеде жатыр. Қасында «Зираттың көлі» атанған үлкен көл бар.
Өлке тарихын зерттеуші Сабыр Ғабдол кәрімұлы былай дейді: «Ұзақ жылдар «Қазақстан» және «Ембі» кеңшарында директор болып қызмет жасаған Қарағұл Құрмановты ертіп барғанда, ол кісі Есболайдың жерленген жерін дәл тауып, бейітін көрсетіп, белгілеп берді. Бұрынырақта басында құлпытас болған екен, бірақ біз барғанда құлпытасы табылмады, біреулер алып кеткен, иә болмаса, құмға көміліп қалған шығар».
Есболайдың Итемген, Көтен, Күшік, Мәй мен, Қоныс, Темір, Тума деген балалары болған. Құлбарақ батырдың төртінші атасы, яғни Есболайдың әкесі Айтболат – би, батыр болған тұлға. Оның қызы жоғарыда айтқан Мақпалжан Әбілхайыр ханның бас сардары атақты Шотан батырдың анасы. Осы жерде айта кететін бір мәселе - әртүрлі қиын тарихи жағдайға байланысты қоныстарын тастап, ауа көшкендердің ұрпақтары (нағашы, жиен т.б.) бар болса, тың мәліметтер беруі мүмкін деп ойлаймыз. Әсіресе Ресейдің Астрахан және Түрікпенстанның Ташауыз, Шағадам өңірінде, Қазақстанның батысында Құлбарақ ата ұрпақтарын қатты құрметтеп, сыйлайды деп естиміз.
Құлбарақ батырдың атасы Андағұл би, батыр болған делінеді. Оның ұрпақтары Ресейдің Саратов, Астрахан, Волгоград, Орынбор облыстарында және түрікпеннің Ташауыз, Түрікменбашы, Шаржоу, Мары облыстарында, Хорезм ойында, Тәжікстанның Қорғантөбе қаласы маңында қоныстанған деген болжам бар. Сонымен бірге Қазақстанның барлық жерінде, әсіресе батыс облыстарында көбірек болуы мүмкін.
Құлбарақ батырдың алтыншы атасы Қаратоқай (16251715 жылдар) би, батыр, қалмақтарға қарсы жорықтарға шыққан адам. Оның ұрпақтары – Тайсойған, Қарабау, Бүйрек, Сарыкөл, Қаракөл, Жем, Сағыз өзендерінің бойы, кейіннен Нарын құмы аймағы, Арал теңізінің солтүстігіндегі борсық құмында қоныстанған делінеді. Қаратоқай бабамыздың зираты Қызылқоға ауданы, Қарабау-Тайсойған өңіріндегі биік төбедегі «Қарабала» қауымында. Қара бала Қаратоқайға 8-ші атадан тарайды. Қаратоқайдың балалары – Андағұл, Байқожа, Айтқожа, Саназар және Көшетер.
Кейбір зерттеушілердің Ресей архивінен алған мәліметтері бойынша, Қаратоқай 22 жасында Астрахан қаласында елшілік қызмет атқарған делінеді. Бұл Годуновтың заманымен тұстас келеді. Құлбарақ ба тырдың жетінші атасы – Тілес, ал сегізінші атасы – Байсейіт. Бұлар туралы бізде мәлімет жоқ. Олар тыныш, мамыражай уақытта өмір сүріп, елге сыйлы болып, ел басқарған адамдар болуы мүмкін. Жаугершілік, соғыс ұдайы бола бермейді ғой. Құлбарақ батырдың тоғызыншы атасы - Беріш. Беріш атамыз туралы ғылыми зерттеумен айналысушылар баршылық.
Тағы оқыңыздар: Маңғыстаулық тігінші кәсіпкерлікті үйреніп, іс бастады
«Құлбарақ атамыз ХIХ ғасырдың басында өмір сүріп, қол бастап, ту ұстаған дулығалы батыр. Қазақ жерін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған айтулы ерлердің бірі. Маңғыстауда түрікпен шапқыншылығына тойтарыс беруде өмірін сарп еткен, намысы үшін ажалға қас қақпай тура барған жүрек жұтқан ер. Ол батыр ғана емес, киелі әруақ иесі» – дейді Сабыр Ғабдолкәрімұлы. («Атадан аманат»), Ақтөбе қаласы, 2007 жыл, 260 бет).
Құлбарақ атамыздың туыстарының бірі - Қараның Есеті (1779-1869) тоқсан жас жасаған би, шешен, жырау. Қазақтың танымал үш Есетінің бірі (Есет батыр Көкіұлы, Есет батыр Көтібарұлы), Үлкейгенде Исатай, Махамбетті жақтағаны үшін қуғында көрген. Есет жыраулық өнердің дүл-дүлі, оның термелері осы күнге дейін көркемдік, тәрбиелік мәнін жойған жоқ. Есеттің термелерін айтушылар әр жерде де баршылық. Сонымен бірге, ол Мұрат Мөңкеұлының ақын атануына үлкен ықпалы тиген, оны тәрбиелеп, ұстазы болған адам делінеді. Қазақтың халық ауыз әдебиетін, ескі әңгімелерді, жырларды, дастандарды Мұратқа үйреткен Есет ата деген пікір бар. Батыс өңірінде туыпөскен бүкіл көркем сөз, жыр сүлейлері Махамбет, Шернияз, Қашағандармен қатар айтылатын ұлы ақынның бірі – осы Мұрат Мөңкеұлы.
Шортанбай, Мұрат «зар заман» ақындары, феодалдық өмірді мақтады, деп айып тағылуының мәні, біздің пікірімізше Мұрат сол кездегі халықтың өмірі, тіршілігі, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын үлкен шеберлікпен, өзінің ой-өрісінің кеңдігі арқылы дәл, нақтылы түрде өлеңмен баяндап жеткізе білді.
Мұрат Мөңкеұлы туралы Бауыржан Омаров тағы басқалар кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғады. Адам бойындағы туа біткен дарын иесі – осы Мұрат Мөңкеұлының шығармалары мектеп оқулығынан 1947 жылы шығарылып тасталған. Әлі сол күйінде болуы өте өкінішті-ақ. Мұрат ақын туралы көп айтып отырған себебіміз, Құлбарақ атаның бабаларын көп жырлаған ақын Мөңкеұлы деп біз жоғарыда айтып өткенбіз.
Қорыта келе айтарымыз, Құлбарақ атамыздың ерлігі, елінің амандығы мен жерінің тұтастығына сіңірген еңбегі туралы біраз дүниелер жазылды, әлі де жазыла береді, деп ойлаймыз. Ал, оның туыстары - Күшік, Мәймен, Қоныс, Темір, Тума туралы, сондай-ақ Айтболат, Андағұл, Байқожа, Айтқожа, Саназар, Көшетерлер және Құлбарақ батырдың жетінші, сегізінші, тоғызыншы аталары туралы мәліметтер өте аз, тіпті жоқтың қасы. Осындай қордаланып қалған мәселелерді, қазір көзі тірі, кәрі құлақ естіміші көп жандардан, әке шешелерінен естіген, білген адамдар болса айтып, баспасөзге жарияласа құба-құп болар еді дейміз.
Құлбарақ бабамыз – көрнекті тарихи тұлға. Біз ол туралы рухани жаңғыру аясында ыждағаттылықпен ізденіп, зерттеу жұмыстарымызды тереңдеткен сайын, оның тарихи тұлғасы зорая түсері анық.
Жиенбай БАКИ,
Аманқос ҚАРЖАУБАЕВ