Таяуда «Нұр Плаза» қонақ үйінде «Сән мен сахна» атты аймақтық фестивалі өтті. Онда Маңғыстаудың сән әлемін өркендетуге үлес қосып жүрген сәнгерлер туындыларын ұсынып, шеберлігін паш етті.
Фестивалдің шымылдығы елге ерекше стилімен белгілі «JADO» сән үйінің халық назарына ұсынған үздік топтамасымен түрілді. Сән көрсетілімде ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген, ерекше нақышпен безендірілген киім үлгілері ұсынылып, сәнқой қауымды тәнті етті.
Осымен екінші рет ұйымдастырылып жатқан фестивальге облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Пәния Сармурзина қатысып, қатысушыларға құттықтау сөзін айтып, «Сән мен сахна» халықаралық сән фестивалінің директоры Ханум Айдашқызына Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хатын тапсырды: - Маңғыстау өңірінде «Сән мен сахна» халықаралық сахна киімдері фестивалін ұйымдастыру жолындағы табанды еңбегіңізге алғыс білдіремін! Ұлттық киім үлгілерін заманауи сән әлемінде дәріптеу – Тәуелсіз еліміздің өркениеттілігін жаһан жұртшылығының алдында танытудың басым бағыттарының бірі. Сонымен қатар, сән өнері – елімізде шағын бизнестің дамуына ықпал етуші серпінді сала. Қазақ ісмер тігіншілерінің қолынан шыққан небір асыл туындылар ХІХ-ХХ ғасырларда шетел жиһанкездерінің көздерінің жауын алып, суреттерін жарыса жариялады. Ұрпақ құлықсыздығынан тек мұражайлардан ғана орын алған осы қымбат қазынамызды жарыққа шығарып, заманмен үндестіре білген азаматтық жанашырлығыңызға ел-жұрт тәнті болуда. Ұлттық киімдер – әр ұлттың өзіндік дүниетаным, тұрмыс-салтының көрінісі, сәні мен салтанаты. Еңбегіңіз жанып, ұлтымыздың сән өнері – әлем сахнасында салтанат құруды нәсіп етсін! - деп аймақ басшысы жолдаған алғыс хатты фестиваль директорына салтанатты түрде ұсынды.
Сән мен сапа сынға түскен байқауға өңірдің бес үздік сәнгері қатысып, өнер туындыларын әділқазылар құрамына ұсынды. Нәтижесінде, «Fa Ber» сән үйінің директоры Фарида Бердіханқызы жеңіс тұғырынан көрініп, басты ақпараттық қолдаушы – «Не хабар?!» республикалық газетінің ақшалай сертификатына ие болып, Түркия елінде өтетін сән фестиваліне жолдама ұтып алды. Екінші орынды «BB Ladies» сән үйі иеленіп, ақшалай сертификат алса, үшінші орынды Жәмиля Жапалова еншілеп, «Не хабар?!» газетіне 6 айға тегін жазылу түбіртегіне ие болды.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН