Маңғыстауда "Жастар керуені" өтетіні туралы аймақ басшысының орынбасары Мақсат Сқақовтың төрағалығымен «Рухани жаңғыру» жастар керуеніне дайындық барысы пысықталған жиында айтылды. Оған қала, аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.
Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов 1-15 қараша аралығында облысымызда өтетін жастар керуенінің бағдарламасымен таныстырып өтті.
– Республикамызда алғаш рет Елбасы Н.Назарбаев жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында жастар керуені өтеді. Облыстық шара Жаңаөзен қаласында басталып, Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы, Маңғыстау, Бейнеу аудандарында жалғасып, Ақтау қаласында қорытындыланады. Жастар керуенінде 56 ауылды аралап, 6-7 мың адамның қатысуын қамтамасыз етеміз. Шара кезінде халыққа медициналық жылжымалы кешен қызметін, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін, теологтар дәрісін өткізіп, «Жаңа серпін» бағдарламасы бойынша бағыт-бағдар беріп, жастарды кәсіпкерлікке баулып, тарихымызды таныту бағытындағы шараларды ұйымдастырамыз. Сондай-ақ туған жеріне көмек көрсетіп жүрген меценаттар да көпшілік алдында сөз сөйлейді. Жастар керуені қорытындыланғаннан кейін көрші облыстарға эстфетаны береміз, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов жастар керуенінің өту барысын егжей- тегжейлі жоспарлауды, аясында өтетін шараларды халыққа пайдалы әрі қызықты етіп өткізуді, дәріс оқитын мамандардың сауатты болуын жүктеп, қорытындысы жақсы көрсеткіштермен, нәтижемен аяқталу қажеттігін қатаң тапсырды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ,
Көрнекі суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ