Жастардың қызығып ойнайтын, көрерменнің тамсана тамашалайтын «Жайдарман» ойыны жалынды жастардың тағы да басын қосты. Сенбі күні өңірде алғаш рет кәсіподақ ұйымы қызметкерлері арасында «Жайдарман» көңілді тапқырлар ойыны өтті. Әзіл кеші Ел тәуелсіздінің 25 жылдығына және кәсіподақ қызметкерлерінің төл мерекесіне орай ұйымдастырылды. Облыс орталығындағы «Абай» мәдени-демалыс кешенінде өткен «Жайдарман» ойындарын тамашалауға келген көрерменнің қарасы көп болды. Кешті Қазақстан КВН одағының президенті Есен Елеукен жүргізді.
«Жайдарман» ойындарына «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қазақстан темір жол» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы, Маңғыстау гуманитарлық колледжі, денсаулық сақтау, білім басқармасының кәсіподақ ұйымдарынан жасақталған және «Жас Отан» жастар қанатынан барлығы 9 команда қатысып, бақтарын сынады. Олардың өнерін облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков, «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Дархан Уәлиханов, «Жайдарман» ойындарының бас редакторы Рүстем Елжанов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетовтен құралған қазылар алқасы бағалады.
- Бүгінгі жарысқа қолдау көрсеткен облыс әкімдігі, облыстық ішкі саясат басқармасы, ұйымдастырушы облыстық кәсіподақтар орталығы. Жалпы кәсіподақ ұйымы қызметкерлері арасында «Жайдарман» ойындары республика көлемінде алғаш рет өткізілгелі отырғанын айта кеткім келеді. Мақсат-кәсіподақ ұйымының беделін көтеру, кәсіподақ ұйымы қызметкерлерінің ауызбіршілігін арттыру, шығармашыл ортаны қалыптастыру, талантты жастарды қолдау. «Жайдарман» ойындары бүгінгі таңда көптің ықыласына бөленіп жүрген ерекше жобалардың бірі. Әзілқойлар мен тапқырлардың сайысы жастарды мәдениеттілікке, интеллектуалды деңгейін көтеру және өмірлік дұрыс бағыт-бағдар беруге, қоғам дамуына үлес қосуға баулитыны анық. Сондықтан да бүгінгі кеште үздік әзіл көрсеткен, көрерменнің көңілінен шыққан командаға арнайы тағайындалған қаржылай сыйлық пен кубок табысталатын болады. Одан бөлек сайыс барысында «Үздік ойыншыны» да анықтайтын боламыз. Негізі бұған дейін кәсіподақ ұйымы мүшелерінің арасында волейболдан жарыс, танымдық-өлкетану экспедициясы ұйымдастырылған болатын. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады, - деген облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков алдағы уақытта «Жайдарман» ойындарын республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Тартысты өткен әзіл додасы көрерменнің көңілінен шығып, керемет көңіл-күй сыйлады. Әзіл-шыны аралас тақырыптар арасында көбінесе көп ұлтты кәсіпорын, мұнайшылар проблемасы, облыстағы газ мәселесі, әскердегі оқиға көтерілді.
- Жайдарман ойыны кәсіподақ ұйымдарының арасында алғаш рет ұйымдастырылып отырса да, біздің көңілімізден шықты. Қатысушы командалар әдемі кеш сыйлады. Уақыттың зымырап өте шыққанын байқамай да қалдық. Барлық командалардың әзілі жақсы, жүлделі орынға лайық өнер көрсетті, - дейді «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Дархан Уәлиханов.
Ұтымды қалжың, өткір әзілмен ерекшеленген, көреременнің ерекше ықыласына бөленген мұнайшылар қаласынан келген «Мұнай тамшылары» командасы («Өзенмұнайгаз» АҚ) жарыстың бас жүлдесін қанжығасына байлап, 100 мың теңге ақшалай сыйлыққа және кәсіподақ кубогіне ие болды. Екінші орын «Қаражанбасмұнай» АҚ командасына бұйырса (70 мың теңге), үшінші орынға «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ командасы лайық деп танылды (50 мың теңге). Сондай-ақ, «Үздік ойыншы» аталымы облыстық денсаулық сақтау басқармасы кәсіподақ ұйымынан жасақталған «Адреналин» командасының ойыншысы Азамат Наурызовқа табысталды.
- Мен өзім №1 Ақтау қалалық емханасында медбике болып жұмыс жасаймын. Бұған дейін облыстық деңгейде медицина қызметкерлері арасында өткен «Жайдарман» ойындарына қатысып, өнер көрсеткен болатынбыз. Бұл жолы да сайысқа жақсы дайындықпен келдік. Мақсатымыз-орын алу емес, бастысы қатысу, сәтті ойын көрсетіп, көрерменнің көңілінен шығу... Сайыс қорытындысында «Үздік ойыншы» аталымымен біздің команданың ойыншысы Азамат Наурызов марапатталды. Оның өзі біз үшін үлкен жетістік, - дейді «Адреналин» командасының мүшесі Жазира Сакиева.
Кеште қонақ ретінде оралдық «Грант» командасы және «Қазақстан кіші құрамасы» өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Айта кеткен жөн, «Жайдарман» көңілді тапқырлар ойындарының толық нұсқасын маңғыстаулық көрермен алдағы уақытта облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасынан тамашалай алады.
Венера МИРЛАН,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="3514,3518,3520,3525,3526,3529"]