Талантына табиғаттың өзі тамсанған
[ 2017 ] 19 мамыр, 10:27 | Мәдениет
Қоғамдағы түрлі шаралардың бел ортасында жүретін, қағылез қайың жігіттің сырт көзге уайым-қайғысы жоқ жандай көрінуі мүмкін, бірақ бажайлап қарасаң, біз байқамайтын тұстары көп екен. Қара гитарасын асынып, әдемі әнін тамылжыта айтып қойып, жылы жымиысымен баурап алатын жан көбімізге жүзтаныс болса да ол жайлы көп нәрсені біле бермейді екенбіз. Шынымен де шамның жарығы қасына түспейді, шынымен де қасымыздағы таудың биіктігі байқалмайды екен, өзі айтпақшы таулар алыстаған сайын биіктей береді. Біздің бүгінгі әңгімеміз ұлы дала баласы - Есенбай Құлиев жөнінде болмақ.
Есенбай Ізтөреұлы 2008-2015 жылдары "Нұр Отан" партиясының Мұнайлы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Мұнайлы аудандық мәслихатының екі шақырылымының депутаты болды. 2015 жылдан бері аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарады. Яғни, онымен осы аталған қызметтік лауазымдары арқылы таныспыз. Көңілді кездесулерде гитараны ән ырқына көндіріп, көптің қошеметіне бөленіп жүргенін де көріп жүрміз. Абыройлы композитор, бірнеше байқаулардың лауреаты атақтарын да естиміз. Дегенмен ол туралы сол шектен әрі асып, Фариза апамыз айтпақшы "Осы жердегі бір талантты баланың" өнері мен өміріне бойлап көрмеппіз. Бүгін соның сәті түскендей.
"Талантты бала". Фариза Оңғарсынованың сол сөзі тегін емес еді. Қазақтың өршіл қызы мұны өңірімізде өткен өз кешінде Есенбайдың өнерін тамашалай тұрып айтады. Естіген жұрт поэзия падишасы былай деген деседі: "Осы жерде бір талантты бала бар, аты Есенбай деген. Өзі қыздардың ішінде өскен бала секілді, қарапайым. Мына Әбекең (Әбіш Кекілбайұлы) сияқты өте кішіпейіл, адамдардың көзқарасына көз қиығын салып, жәй бақылап жүреді. Өзінің ән шығаратын, кітап оқитын қасиеті бар. Сондай талантты".
Есенбай Құлиға ақын апамыз ғана емес, түбектен шыққан қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы да игі тілегін білдіріпті. Оның «Жалғыз жиде» атты ән кітабына алғысөз жазып: «Ән – қазақ баласының ана сүтімен бірге емген нәрі. Оның құлағының ең алғаш еститіні – ана әлдиі мен бесік жыры.
Ән – сезімнің ең нәзік тебіренісі.
Ән – сананың ең нәзік күңіренісі.
Ән – жүректің ең нәзік дүрсілі.
Ән – домбыра ішегінен де жіңішке.
Бірақ, білектен де қуатты, жүректен де отты бола алады. Менің алдыма кеп, талдырмаш қара торы жігіт ән салғанда ойыма осындай үзік-үзік сырлар оралды. Бұл тыңдап отырған әндерімнің ең алғаш әсерлері. Демек, Есенбайдың өнерінің өресі биік. Бойыңды балқытып, ойыңды шалқытады. Әсері зор. Бәлкім, жастайымнан елжіретіп келе жатқан кейбір етене сезімдеріме дөп түскендігінен де шығар.
Мүмкін... Мүмкін... Ол менің анам туған топырақта туыпты. Бабаларым басқан топырақты басыпты. Мен естіген гәптерді естіп өсіпті.
Көкірегіндегі күңіреніс те өте таныс. Жүрегіндегі лүпіл де етене.
Аймалаған аялы алақанды түйілген жұдырыққа тек өшпенділік қана айналдыра алады. Жұдырықтың қажеті қанша?! Өмірге мейірім керек. Аялы алақан керек. Бауырмал сезім мен ақадал сана керек. Демек ән керек...
Ол, бірақ, домбыраның кінәмшіл ішегі сияқты. Керек пернені дөп бассаң ғана тебіренеді. Ендеше, өнерлі өрімталдың саусағына сәт, жүрегіне шабыт тілейік...», - депті. Ендеше, осы ел мақтаныштары сенім артқан талант иесі қайда, кімнен туғанына, оған бұл қасиеттің қалай қонғанына тоқталайық.
Есенбай Ізтөреұлы 1976 жылы қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылында дүниеге келіпті. Сол жердегі орта мектепті бітірген. Әнші – композитор. Әкесі Ізтөре мен анасы Қоңырау мал шаруасындағы қарапайым жандар болыпты. Балалық шағы қыс қыстауда, жаз жайлауда, табиғат аясында өтеді. Өздері он тумалас. Туған ағаларының бірі Жұмабай Құлиев еліміздің мәдениет қайраткері, бірнеше кітаптың авторы, ақын, журналист. Ол «Інім Есенге» деген өлеңінде бауырынан үмітін мына жыр шумақтарымен білдірген екен:
"Тағдыр өзі алар бір күн сағақтан,
Биігіңнен түсе көрме төменге.
Балық иісі шығады ғой шабақтан,
Адам иісі шығып жүрсін сенен де".
Сол айтқандай, Есенбай өзіне артылған сенімді ақтауға өмір бойы ізденумен келеді. 15 жасынан ән жаза бастайды. 2-сыныпта ешкімнің көмегінсіз, өз ынтасымен гитараны, кейін клавишті синтезатор аспабын меңгереді. Әндерді аранжировка жасауда, көркемдеуде өзін-өзі үздіксіз дамытады. Жастайынан кітапқа қызығып, көркем әдебиетпен, поэзия әлемімен достасады. Сағыздағы «Шұғыла» мәдениет үйінде әдіскер болып қызмет жасай жүріп, «Наурыз» эстрадалық тобында ән салып, бірнеше үнтаспасы шығады. Оған Табылды Досымовтың да ықпалы зор деседі.
Талапты жас киелі Маңғыстауға 1997 жылы келіпті. Сол жылы «Қайнар» университетінің Ақтаудағы филиалына оқуға түсіп, 2001 жылы заңгер-құқықтанушы мамандығымен бітірсе, Каспий мемлекеттік инжиниринг және технологиялар университетін «менеджмент» мамандығы бойынша 2014 жылы аяқтайды. 2007 жылы «Жалғыз жиде» атты ән дискісі мен кітабы өнерсүйер қауымға жол тартады. Өзінің шығармаларынан тұратын «Айқалқа» атты екі дискілік үнтаспасы, қазақтың тұңғыш барды Т.Досымовтың 21 әнін гитарада орындаған үнтаспасы 2014 жылы жарық көреді. «Ән басы», «Мәжнүн тал», «Жалғыз жиде», «Айқалқа», т.б. әндері еліміздің эстрада жұлдыздары Ұлықпан Жолдасов, Асқар және Асанәлі Көшеров, Жоламан Көшкінов, Тамара Асар, Ақылбек Жеменей сынды әншілердің репертуарынан орын алған. «Отпан тау» әні «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің ашылуына орай өткен ән сайысында I орынды иеленген. Тәуелсіздіктің он жылдығына орай, Қазақ радиосы ұйымдастырған патриоттық әндер байқауында Сабыр Адайдың сөзіне жазылған «Ән басы» әнімен бас жүлдені жүлде қоржынына салады. Ақын Светқали Нұржанның өлеңіне жазған «Жастықтың жазғы бағы» әні 1998 жылы Ақтау қаласының 35 жылдық мерекесінде гитарашылар сайысының бас жүлдесін жеңеді. 2001, 2003 жылдары Маңғыстау облыстық патриоттық әндер байқауының бас бәйгесін алады. Рза Оңғарбайдың сөзіне шығарған әндері 2006 жылы Халықаралық «Каспий – достық теңізі» фестивалінің гимні және облысымызда тұрақты өтетін «Маңғыстау жұлдыздары» ән фестивалінің гимні болып бекітіледі. Жалпы 50-ге жуық әннің авторы. Т.Досымовтың әндерін гитарада өз мәртебесінде насихаттап жүрген бірден-бір шәкірті. Осындай еңбектерінің арқасында екі рет Мемлекет басшысының Алғыс хатымен, Маңғыстау облысының 40 жылдығы, Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл медалдарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі. 2015 жылы Президент стипендиясының иегері. Мұндай жетістіктерге жету жолын, өмірін өзінен сұрағанымызда былай деген еді:
- Есенбай аға, сіз мемлекеттік қызметкер әрі өнер адамысыз. Екеуін қатар алып жүру қиын емес пе?
- Кезінде сондай сауал Әбіш ағаға да қойылған. Саясат пен жазушылық қалай үйлеседі дегенде, ол кісі жазушы әуелден саясаткер болып туады деген екен. Жазушы болу үшін де үлкен саясаткерлік қасиет керек. Сол сияқты өнер мен мемлекеттік қызметті қатар алып жүрудің де өз ерекшелігі бар. Өнердің адамзатты отансүйгіштікке, бейбітшілікке, жанашырлыққа тәрбиелеуге септігі зор. Ал егер мемлекеттік қызметші оның иесі болса, онда нұр үстіне нұр. Жақсы ән қашанда жан азығы. Жабырқағанда рухани демеп, адамды жігерлендіруге, алға жетелеуге ықпал етеді. Кейде өнерге тәнті жастар сіз сияқты қос саланы қатар алып жүргіміз келеді, деп жатады. Еңбектенген адамға бәрі де болады. Жігітке жетпіс өнер де аз. Оны үйрен де жирен, дегені содан.
- Әбіш аға деп қалдыңыз. Ол кісі сіз туралы ізгі ой айтып, кітабыңызға пікір білдіріпті...
- Мені Әбіш Кекілбайұлымен жиі жүздестірген халық. Ән орындағанымды тәуір көре ме, оны қонақ қылған ел ағалары мені де шақыратын. Ағамыз әндерімді ынтамен тыңдайтын. Есенғали Раушановтың сөзіне жазған "Жалғыз жиде", "Есентай өзені", Светқали Нұржанның өлеңіне жазылған әуендерді ұнататын. "Жалғыз жидені" орындап болғанымда "Айналайын, шалдарым туған екен ғой" дегені есімде. Кітабымның кіріспесіне анам туған топырақта туыпты, бабаларым басқан топырақты басыпты деуінің өзінде терең мағына жатыр. Ата-бабаларымыз, жалпы Маңғыстауды мекендейтін қазақтар қыста түбекте қыстаса, жазда Жемнен өте Сағызда, әрі қарай Ақтөбе асып жайлауға қоныстанатын. Аналарымыз тарапынан да бөлелігіміз бар еді. Бәйімбеттің, байпақтың қыздары. Егер менде тамшыдай талант болса, сол кісілердің сүтімен де жұққан шығар. Ата-бабаларым да жай кісілер емес. Қалың Маңғыстаудың ғана емес, Алаштың қазанына ас салған Қалнияз, Жұбан, Зәкәрия, Шам, Талпақтардың есімі көпке таныс. Кешегі репрессия құрбаны болған Зәкәрия атамыз аты белгілі жырау-жыршы. Артында керемет жырлары қалған. Ыбырай Ахунның "Алтынды орда қонған жер" кітабында "Ай мүйізді қошқардай,
Қуғанын алған құбарлан,
Адайда байлық өткен жоқ,
Қалнияз бен Жұбаннан" деп олардың бай-бақуатты болғанын жыр етеді. 20 мың жылқы біткен, жомарт байлар болыпты. Көшіп келе жатқанда сауынға мұқтажға сауынын, шаруа жасаймын дегенге қаржы беріп, қарайласып кетеді екен. Олар туралы көлемді ода жырлар Сәттіғұлдың, Сүгірдің жырларында да кездеседі.
- Онан қалса, еліміздің алғашқы бард ақынымен де замандас әрі жақын болдыңыз...
- Табылды Досымов ағам Жұмабаймен бірге оқығандықтан үйде жиі қонақ болатын. Мені "Есенбайжан!" деп еркелетті. Келген сайын жаңа шыққан шығармасын өз қолымен жазып беріп, үйретіп кететін. Сол кісінің ықпалы көп тиді. Сондықтан да халық соның тікелей шәкірті деп біледі. Кейде Табылдың терең әндерін түсіне алмай, жеңіл жағынан айтуды жөн көретін әншілерді байқайсың. Міне соларға бағдар болсын, Т.Досымовтың өнерін өзгелер де өз биігінде үйренсін деген ниетпен өзі орындап, үнтаспаға түсіріп үлгермеген әндерімен қосып, дискісін шығардым. Өйткені, Толстойдың "Етікші болсам да, жаман етікші болмас едім" дегеніндей, тау тұлғалы Табыл да қай қырынан қарасаң да сан қырлы дарын иесі болды. Әрине, өнер алдымен Құдайдың сыйы. Соған қоса мен оны өмірден үйрендім. Өзімді жетілдіруге Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Өтежан Нұрғалиев, Есенғали Раушанов, Сабыр Адай, Светқали Нұржанның шығармаларының септігі көп болды. Сондай жандарға қарап бой мен сөз түзеп өстік.
- Өнерді өмірден үйрендім дедіңіз, байқасақ оқыған бағытыңыз да бөлек. Кәсіби білім алуға қызықпадыңыз ба, әлде...
- Мен ауылда тудым. Мал шаруасымен айналысқан жанұяның 10 баласының кенжесі болдым. Анам үйдің көлеңкесінде отырып, "Ауыл кеші көңілді" кітабынан "Дедім ай-ау", "Ләйлім шырақ" әндерін орындап отыратын еді марқұм. Әкем Ленин атындағы совхозда қошқаршы болды. Ән, күйден сабақ алып, музыка мамандығын оқығым келмеді дей алмаймын. Өмір жолы солай шығар, Ақтаудағы ағамның түрткі болуымен басқа мамандық бойынша оқудың сәті түсті. Өнерде белгілі бір орын табу үшін міндетті түрді музыкалық білім керек деп айта алмаймын. Бұл өзі бір құдырет. Кешегі Қашаған, Сәттіғұл, Құрманғазылар да консерватория көрмей-ақ қандай биікке жетті. Мен де өздігімнен оқып, үйрендім. Менің өнерпаз болуыма туған ағам Жұмабайдың мол әсері тиді. Көркем әдебиетке құштарлығым артты. Ағаларым да гитара шертетін. Естігенімді қағып алып, үйреніп алатынмын. Ол уақытта гитараны табу да мұң. Алда жалда аспапты таба қалсам, саусақтарымның талғанына да қарамадым. Университет кітапханасынан В.Сухановтың "Алты ішекті гитараны үйрену құралы" кітабының бар екенін көріп, соны іздеп жүріп сатып алғанмын. Студентпін. Жатақханада тұрамын. Сенімді серіктерім - гитара, синтезатор, кітап. Күні-түні дайындаламын, "Мәжнүн тал", "Жалғыз жиде" әндері сол кездері шықты. "Мәжнүн талды" сағат күндізгі 15:00-де бастап, тапжылмай отырып түнгі 03:00-де бітіргенмін. Ішкен асын жерге қояды дегенді сондайда сезінеді екенсің. Классик ақын Есенғали Раушановтың "Мен көп жылаймын, бірақ көз жасымды ешкімге көрсетпеймін" дегені бар. Мен де "Мәжнүнталды" оңашада жылап отырып шығардым.
- Көз жасының аржағында не жатыр?
-Сағыныш.
- Кімге немесе неге?
- Сағыныш неге қарата айтылса, соның барлығына. Ол бір адамға немесе бір дүниеге ғана тән емес. Адамның өзінің ішіндегі қол жетпейтін арманға сағыныш, ғашықтық болды. Ол қыз, туған жер, ел, ана, ата-бабаға деген махаббат болуы да мүмкін. Менің ойымда ең бастысы Ұлтыма, ата-бабама, әке-анама деген махаббаттан тұратын. Шығармаларымнан да осыны байқайсың. Бұл қызды, әйел затын жақсы көрмеу, сүймеу, деген емес. Біреулер туындысын ғашығына арнап жатады, менде ондай болған жоқ. Бірақ әндерім біреуге ғашық болып, соған арналғандай көрініп тұруы мүмкін.
-
Алғашқы ән қалай туындады?
- Ол кезде "Лениншіл жас" газеті, "Жұлдыз", "Жалын" жұрналдарын көп оқимыз. Баспасөз бетінен Гүлсім Назарымбетова деген қыздың "Сүйдім жалғыз өзіңді" атты өлеңі ұнап қалды. Қиып алдым. Бозбаламын, шабыт келіп ән болып шықты. Қазір бұрынғы "Наурыз" тобының жігіттері айтып жүр. Жақсы ән шығару оңай шаруа емес. Дайын өлеңге де ән жаздым немесе әуенін бұрын шығарсам арнайы ақындарға сөз жазғызып аламын.
- Өнерде жүргендердің жүрегі жібектей үлпілдек келеді, олармен өмір сүру оңай емес деп жатады...
- Дұрыс. Олар сәл нәрсені тікелей қабылдап, көңілге алып қалуы да ғажап емес. Сондықтан өнердегі азаматтардың жұбайына көп салмақ түсуі де мүмкін. Менің мінезімде де өрлік те, нәзіктік те табылады. Өнерлі болсаң өр бол дейді. Бірақ оның жанұяма кері әсері тиіп жатқан жоқ, бәрі өз ырғағымен. Десе де менің бұл тұрғыдан бағым жанған. Жолдасым Алтынайдың мамандығы суретші. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Аллаға шүкір. Балаларымызды да өнерге баулып жүрміз. Болашақта қандай мамандық иесі болса да өнерлі болғаны дұрыс.
- Міне, өзіңіз айтқандай тынымсыз талпыныспен жүріп 40 жасқа да жетіп қалыпсыз. Артта қалған өміріңізге көз жүгіртсеңіз, көбірек нені көресіз? Өкініш те бола ма?
- 40-қа келіп халқыма есеп ретінде шығармашылық концертімді бергелі отырмын. Үлкен ағаларымыз, әсіресе жастар ән кешін өткізіңіз деп жиі қолқалайды. Ал, жалпы, өткенге өкініш әр адамда болады. Мені мазалайтыны уақытты тиімді жұмсай алмадым-ау деген өкініш. Жалпы тағдырыма ризамын. Жаратқан маған осындай ғұмыр, өнер сыйлады. Кезеңімен әндерім де жарыққа шығып жатыр. Жақсы ғұмырлы ән жазу тек композиторлық қасиет ғана емес, жан-жақты мол білімді қажет етеді. Менің әндерім дегенмен, мен жасап жатырмын деп айта алмаймын. Бұл маған берілген қасиет. Ән шықпайын десе қанша талпынсаң да жолың болмайды. Әр жерден ұрлап, жырмасаң әрине...
- Әңгімеңізге рахмет!
Шахида Жұман
1691
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.