©
Бүгін облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінің күн тәртібінде облыстық еңбек басқармасы және тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының жұмысы туралы баяндама тыңдалды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев төрағалық еткен жиынға аймақ басшысының орынбасарлары, облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, облыстық басқарма мен мекемелердің басшылары, кәсіпорындар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Гүлзайда Төлеуғалиева көпшілікті өзі басқаратын басқарманың жұмысынан хабардар етті. Оның айтуынша, өңірдің қала және аудандарында басқармаға қарасты 7 мемлекеттік архивте 115 қызметкер жұмыс жасайды. Облыста қоныстанған 626 мың 793 халықтың 90,2 пайызын қазақ ұлты, 9,8 пайызын өзге ұлттар құрайды.
– «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011– 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру мақсатында өткен жылдары іс-шаралар жоспарына сай жұмыс жүргізілді. Бұл бағдарламаға сәйкес өткен жылы мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлеріне қазақ және ағылшын тілдерін тегін оқыту курстары ұйымдастырылды. 2015 жылы 180,2016 жылы 250 тілді оқыту курсына қатысса, биыл 300 адамды тілге үйрету жоспарланып отыр. Өңірдегі өндірістік мекемелер, кәсіпорындар және өзге де мекемелердің жұмысшыларына қазақ тілін тегін оқыту сабақтары ұйымдастырылған, – деді облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Гүлзайда Төлеуғалиева.
Аталған басқарма мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру бойынша «Қолдау Қазақстан», «Жастар жетістіктері», «Жас ұлан», «Шуақты өлке» үкіметтік емес ұйымдарымен бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Атап айтсақ, облыстағы тіл ахуалына әлеуметтік зерттеу жүргізу нәтижесінде тұрғындардың 93,4 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген болса, 47,4 пайызы орыс тілін, 8,2 пайызы ағылшын тілін білетіні белгілі болған. Үш тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 7 пайызды құрайды. Сондай-ақ облыс орталығындағы 21 этномәден бірлестіктің 4-еуі жексенбілік мектептер арқылы қазақ және ана тілдерін оқытатын курстармен қамтылған. Өткен жылы әзірбайжан, лезгин, дағыстан, корей этномәдени бірлестігінің жексенбілік мектебі ашылса, биыл орыс және украин ұлттарының осындай мектебін ашу жоспарланған. Мемлекеттік органдардың құжат айналымындағы қазақ тілінде іс жүргізу үлесіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік тілде іс жүргізу үлесі 99,8 пайыз болса, ағымдағы жылдың 1- мамырына дейін 98,2 пайызды құрады.
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің өткен жылдағы қаулысымен 7 білім беру және мәдениет мекемелеріне атау берілді. Республикалық ономастика комиссиясының қарауына Жаңаөзен қаласындағы 1 мәдениет үйіне, Мұнайлы ауданындағы 1 орта мектепке атау беруге құжаттар ұсынылды. Ел Үкіметінің ағымдағы жылы наурыздағы қаулысымен 7 білім беру мекемесіне атау берілді. Облыс бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталған ескірген көше атауларын өзгерту жөнінде аудан әкімдіктеріне ұсыныс жіберілді, – деді облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Гүлзайда Бектұрқызы.
Баяндамашының хабарлауынша, 1920 жылдан басталатын облыстың мемлекеттік архивіндегі қорында 369 мың 072 құжат бар. Ұлттық архивті қалыптастыру мақсатында 2015 жылы мемлекеттік сақтауға 7 мың 354,2016 жылы 8 мың 102, биылғы жылдың 1-мамырына дейін 1 мың 789 құжат қабылданған. Жыл соңына дейін 8 мың 394 құжат қабылдау жоспарланған. Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Гүлзайда Бектұрқызы сөз соңында Жаңаөзен қаласының, Маңғыстау, Түпқараған, Бейнеу, Қарақия, Мұнайлы аудандарындағы мемлекеттік архивтерінің типтік ғимаратының жоқтығын, бұл мәселе жылдан жылға кейінге қалдырылып келе жатқанын айтты.
Мәжілісте тікелей байланысқа шыққан қала, аудан әкімдері бұл мәселенің оң шешілуіне қаржы қолбайлау болып отырғанын жеткізді.
«Барлық қала, аудан әкімдері мемлекеттік архив ғимаратын салуға өтінім беріңіздер. Тарихын білмеген халықтың болашағы жоқ. Өзімізден кейінгі ұрпаққа сақталған тарихымызды қалдыруымыз, жеткізуіміз қажет. Облысымызда көптеген нысандар салынып жатыр. Келешек ұрпақтың қамы үшін келер жылы архив ғимаратын салуды бастап кетуіміз керек» деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Тасеменұлы аймақ басшысының орынбасары Шолпан Илмұханбетоваға қаржы мәселесін шешуді тапсырды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Гүлзайда Бектұрқызына мемлекеттік мекемелерден басқа кәсіпорындар мен компанияларда іс- қағаздарының қанша пайызы мемлекетте тілде жүргізілетініне мониторинг жасауды тапсырды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Қуаныш ИСМАИЛОВ