Сәуірдің 30-ы күні Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 1-мамыр Қазақстан халқы бірлігі күнін тойлады.
Мерекені атап өту 25-сәуірден басталды. Бұл күні 7-11 сынып оқушылары шаңырақ кураторларымен бірге «Ынтымағы жарасқан - Туған өлкем Қазақстан» тақырыбындағы суреттер мен постерлер көрмесін ұйымдастырды.
Ал, сәуірдің 29-ы күні 9-11 сынып оқушылары Маңғыстау облысындағы «Алан» осетин этномәдени бірлестігінің төрайымы Биркле Фатима Михайловнамен жүздесті. Ол зияткерлік мектеп оқушылары дайындаған постерлер көрмесін тамашалап, мектепке қысқа тур жасады. Содан соң мектеп акт залына жиналған оқушылармен кездесіп, Қазақстанның көпұлтты ел ретінде бірлік пен береке, ынтымақтастықта өмір сүріп жатқаны, татулық пен кеңпейілділіктің белгісі екендігін айтты. Әңгіме барысында осетин ұлтының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық тағамдары хақында да сөз қозғады. Содан соң өзі басшылық ететін «Алан» этномәдени бірлестігі жайлы баяндады.
- Біз жақында Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-сессиясына қатыстық. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарабевпен қанша кездессек те, үнемі ол кісіден көп ақпар алып қайтамыз. Ол үнемі бізді таңқалдырып жүреді. Сіздердің де бойларыңызда сарқылмас энергия, таусылмайтын терең білім болғанын қалаймын. Сіздер көпұлтты Қазақстанға алған білімдеріңіз бен жеткен жетістіктеріңіз арқылы көмектесесіздер, -деді Биркле Фатима кездесу соңында. Кездесуде оқушылар әртүрлі аспаптарда ән, күй орындап отырысқа ажар кіргізе түсті. Кейін мектеп директоры Ермек Серікұлы Пайзов сөз алып, кеш қонағына уақыт тауып келгендігіне рахмет айтып, оны естелік үшін алғыс хатпен марапаттады.
Ұлттар достастығын тойлау 30-сәуір күні мерекелік бағдарламамен жалғасты. Зияткерлік мектептің барлық оқушысы 1-мамыр мерекесінің шымылдығын жаппай флешмоб билеу ақылы ашты. Бейбітшілік құсы ақ көгершін мен түрлі түсті шарлар ұшырды. Кейін мейрамға арнайы келген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Шамшадинова Күләш Ноғатайқызы барша қазақстандықтарды халық бірлігі күнімен құттықтады.
- Біздің бірлігіміз, біздің даламыздың кеңдігі, біздің еліміздің тыныштығы - халқымыздың пейілінде шығар. Пейіліміз кең жеріміз сияқты, жеріміз кең пейіліміз сияқты. Сіздерге осындай үлкен мектеп салып берді. Жақсы бағдарламалар алып келдік. Енді осы мектепте жасалып жатқан жақсылықтарды басқа мектептерге тарату үшін еңбек етіп, ұстаздарды оқытып жатырмыз. Қазақстанның барлық балалары жақсы білім алып, ХХІ ғасырда өздерінің орнын тауып, еркін еліміздің еркін болашағын, мәңгілікке жеткізетін, ұрпақты ұрпаққа жеткізгендерін қалаймыз. Сондықтан осы ұлыстың ұлы күні барлықтарыңызды шын жүректен мерекемен құттықтап, бақыт пен береке тілеймін. Аман болыңыздар! Еліміз аман болсын, жеріміз аман болсын! Қазақстанның туы қашанда биікте желбіреген мәңгілік ел бола берсін!,- деді ол. Мереке мектептегі әр ұлт өкілдерінің өз тіліндегі құттықтаулары мен музыкалық номеріне ұласты. Украин, әзірбайжан, армиян, орыс ұлттарының ұлттық билері орындалып, қазақтың ұлттық аспаптарында нақышына келген күйлер орындалды. Кеш соңында басқарма төрайымы оқушылармен естелікке суретке түсті.
Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Рысгүл РАМАЗАНОВА