Маңғыстаудағы Н. Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры аудандар бойынша гастрөлдік сапарын «Мұқағали-Фариза» «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» атты қойылымдарымен бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Н. Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры директорының орынбасары Тілеу Тоқтамұраттың айтуынша, биылғы гастрөлдік сапар 7 ақпан күні Сайын Шапағатов ауылында «Мұқағали-Фариза» қойылымымен басталып, әртістер көрерменнің ыстық ықыласына бөленген.
- 16 ақпан күні Қанат Жүнісовтің «Пай-Пай, Жас Жұбайлар-ай» атты ерекше қойылымды Жаңаөзенде сахналаймыз. Замана заңғары Әбіш Кекілбаев туып-өскен Оңды ауылына сапармен бару жоспарда тұр. Сонымен қатар, алдағы уақытта республика бойынша гастрөлдік сапарды бастауға ниеттіміз. Оның ішіне, Алматы қаласы және Абай облысына жол тартып, жоғары деңгейде өнер көрсетуді жоспарлап отырмыз, - деді Тілеу Тоқтамұрат.
Өңірлік театрдың танымал әртісі Айдос Тастаев Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай сахналанған «Мұқағали- Фариза» қойылымның бағасын көрерменнің қошеметіне қарап байқауға болатынын, онымен қоса, әр қойылымды сахналауда өзіндік қиындықтармен бетпе-бет келетінін айтты.