Орталық Коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік шекті аспаптар квартетінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Өнер ұжымы киелі Маңғыстау өңіріне алғаш рет келді. Тулаған телегей теңіз толқыны, тылсым табиғат тартуына тәнті боп, таң қалысқан талант иелері сөз басында квартет тарихына тоқтады.
Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік шекті аспаптар квартеті 1988 жылы А.Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебінде дүниеге келді. Шеберліктері толысып, репертуары кеңейіп, құрамы жаңара түсті. Бүгінде әлемдік сахнада әйгілі ұжым өнер көрсетіп, тың сарын, теңдесіз талғам, хас шеберлік әрі жоғары кәсіби деңгеймен дараланып жүр. Жапония елі Осака қаласында өткен халықаралық конкурста, Мәскеудегі Шостокович атындағы халықаралық байқауда, Италия елі Сицилия қаласындағы «Bellini» сайысында жүлделі орындарды иемденді.
«Биыл Қазақ елі Тәуелсіздігінің 25 жылдығы атап өтілмек. Айтулы мереке аясында қазақ елінің әр түкпірін аралап, жеке концерт беруді ұйғардық. Классикалық музыка тыңдармандарын жаңа әрі ерекше репертуармен қуантамыз» дейді көркемдік жетекшісі Ернар Мынтаев.
Өрелі өнер ұжымы талғампаз тыңдарман қауымды Бетховеннің №8, №2 квартеттері, П.Чайковскийдің теңдесіз туындыларымен, қазақ камералық-аспаптық музыка інжу-маржаны – Ғазиза Жұбанованың №1 квартеті және Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке Сылқымы», М.Өтемісұлының «Жұмыр қылышы» мен Құрманғазының «Адай» күйімен тамсандырады.
«Қазақ күйлерін Гүлжан Үзенбаева өңдейді. Былтыр швейцариялық “Divox” дыбыс жазушы компаниямен келіссөз нәтижесінде Мәскеу қаласында Ғазиза Жұбанованың екі квартетін жаздырдық. Әлемнің қай түкпірінде болмасын дәстүрлі музыканы дәріптеуде, ұлттық бояуы қанық үн үйлесімін насихаттаудан танбаймыз»,- дейді Е.Мынтаев.
Квартет дарынды, өн бойы өнер тұнған талантты жастардан құралған.
«Мен 6 жасымнан бастап музыкамен айналысамын. А.Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебінің түлегімін. Ұлттық консерватория қабырғасында жүріп, квартет құрамында өнер көрсетуге тыңдаудан өттім. Өнер ұжымының таңдауы маған түсті. Табанды еңбек, зор ізденіс өз нәтижесін берді. Екі жыл ішінде Бетховеннің барлық квартеттерін орындау бақыты бұйырды. Бұл мен үшін зор жетістік»,-дейді Бекзат Сайлаубайұлы.
Марий Эл Республикасында дүниеге келген Алексей Лебедов музыка мектеп-интернатында тәрбиеленген. Жастайынан өнерге жақын жан әсерлі әуен, әуезді ән, әдемі музыкаға еліте өскендігін айтады.
Өнер ұжымының әлемге әйгілі классикалық туындыларды ойнауда өзіндік ерекшелігі бар. Шетелдік жанкүйерлер мен тұрақты тыңдармандар қазақ өнер ұжымына тән осы бір қасиетті ерекше бағалайды. Домбыра көмейнен төгілген күй күмбірі, қобыз сарыны, сыбызғы сазымен сыр шерткен қазақ ұлттық музыкасын ынта-ықыласпен еліте тыңдасады екен. Алдағы уақытты квартет репертуарын жаңа сапалы туындылармен толықтыруды көздейді.
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ