Облыстық әмбебап кітапханада қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медаль, «Платина Тарлан», «Жыл Адамы – Алтын адам» сыйлықтарының лауреаты, Арал ауданының құрметті азаматы, «Елім менің» атты ән-өлең бәйгесінің екі дүркін Бас жүлдегері Шөмішбай Сариевтың 70 жас мерейтойына арналған жасөспірімдер бөлімінің ұйымдастыруымен «Шөл даланың ұлымын» әдеби-сазды кеші өтті.
Кешке М. Тынышпаев атындағы ҚазККА Ақтау Көлік колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Кезбаева Роза өнерпаз жастарымен, Ақтау Технологиялық қызмет көрсету колледжі, «Мейірбике» колледжінің студенттері белсене қатысты.
Қазақ поэзиясын «Балдәурен», «Арайлы көктем», «Теңізден соққан жел, «Тағдыр», «Өң мен түс», «Үш өлшем», «Тағдыр жыры», «Біздің ғасыр», «Қос қанат», «Шөл даланың ұлымын» т.б. жыр жинақтарымен байытқан ақын кешінің шымылдығы халық арасында кеңінен танымал «Қарағым-ай» әнімен ашылды.
Академик Мұхамеджан Қаратаев: «Шөмішбай Сариевтың өлеңдері табиғат, өмір суреттерін эстетикалық талғамда қабылдауымен, лирикалық кейіпкерлерінің әрі шынайылығымен, әрі қарапайымдылығымен баурайды», – деген болатын.
Қазақ халқының көрнекті ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Сыйлыгының лауреаты Ғафу Қайырбековтың Шөмішбай Сариевты «Қос қанатты ақын» деп атауы да тегін емес. Оның екінші қанаты – ән-өлеңдері.
Үш жүзден астам ән-өлеңдерін Е.Хасанғалиев, С.Тыныштығұлова, Р.Рымбаева, Н.Есқалиева, М.Жүнісова, т.б. сынды қазақтың майталман әншілері орындап, ән сүйер қауымға кеңінен танытып келеді. «Атамекен», «Қазағымның күйлері-ай», «Домбыра», «Туған жер», «Айналдым сенен, атамекен-ай!», «Сәлем саған, туған ел!», «Аралдан ұшқан аққулар», «Сарыарқа», «Қазақстан», «Бозжорға», т.б. ән-өлеңдері ақынның атын асқақтатып жіберді.
Отанға, туған жерге, сүйген жарға деген ыстық сезім ақынның ән-өлеңдерінде бірінен-бірі туындап, біріне-бірі жалғасып жатады.
Академик Мұхамеджан Қаратаев: «Шөмішбай Сариевтың өлеңдері табиғат, өмір суреттерін эстетикалық талғамда қабылдауымен, лирикалық кейіпкерлерінің әрі шынайылығымен, әрі қарапайымдылығымен баурайды», – деген болатын.
Осы пікірге сүйенетін болсақ, «Ғашықтық қуаныш боп сезілгенмен, Махаббат ешқашан да мұңсыз болмас» дейтін ақын махаббаттың жолы даңғыл емесін, оның да ойы мен қыры, сан соқпағы бар екенін «Аяулым», «Сен мені сағындың ба?..», «Өкінбе сен» т.б. өлеңдерінде жеткізе жырлады.
Кеш барысында «Ана туралы баллада», «Бүгін», «Ана туралы жыр», «Сен мені сағындың ба?» әндері орындалды.
«Сүйгенінің қасын қарақатқа, күлкісін шарапат сезімге, сөзін балға, пәк сезімін ақ ұлпа қарға, көңілін жаңа жауған қарға» теңейтін ақын көпшілік сүйіп тыңдайтын ғашықтар жырымен «Елім менің» атты ән-өлең байқауының екі дүркін жеңімпазы атанды.
Атақты ақын Ғафу Қайырбековтің: «Қоғамдық-әлеуметтік маңызды оқиғаларға, өз тұсындағы саясатқа үн қатып отыру – әрбір тұлғалы ақынның борышы. Тарих тереңіне бойлау, оның ағыстары мен тол-қындарын аңдау – үлкен ойдың, мәдениеттің, білімділіктің белгісі. Шөмішбай ақындығында осы нышандар анық байқалып отырады», – дегенін жадымызда ұстайтын болсақ, Шөмішбай Сариев – ел өміріндегі жаңалықтарға дер шағында үн қосып отыратын ізденімпаз ақын. «Төрлет елге, кел, ғасыр!» өлеңінде үшінші мыңжылдықты қазақ елі тәуелсіз елдердің қатарында қарсы алғанын мақтан еткен ол «Бақытыңды бер Ғасыр, Төрлет Елге, кел, Ғасыр» деп, ХХІ ғасырдан мол үміт күтеді. «Туған елім», «Қолыңды бер, Астана», «Әнұраным – Азиада» өлеңдері қазіргі тәуелсіз елдің күйінен сыр шертеді.
Қазақ деген ұлтты күллі әлемге танытқан тәуелсіз қазақ елі мен оның Елордасы Астананың көз алдымызда ғарыштап дамып жатқаны әмбеге аян. Қазақстанда тұңғыш рет өткен 7-ші қысқы Азия ойындарына да алғашқылардың бірі болып үн қосқан ол «Әнұраным – Азиада» өлеңін жазды. Алау эстафетасының әнұраны Кувейт пен Астанадан бастап барлық облыс орталығында Азиада алау отын жаққанда орындалды. Шөмішбай аға киелі Сыр елінің тумасы. Бүгін біздің санамызда сақталып, әуен болып қалықтап жүрген әндердің көбінің авторы атанған ақын-сазгер қазақ эстрадасына ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосуда.
"Ғашықтар жыры", "Боз-жорға" атты авторлық бейнетаспасы жарық көрген тұлғаның алғашқы жыр жинағы 1974 жылы "Балдәурен" деген атпен жарық көрді. Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы шықты.
«Қазағымның жүрегімен жырлаймын» деп, егемен елдің тәуелсіздігінің ғұмырлы болуын жырлап жүрген, Тәуелсіз ел-қазағым...», «Тәуелсіздік сапары»
Ақын-сазгердің өлеңдері оқылып, әндері орындалды. Ақтау Технологиялық қызмет көрсету колледжінің ұстазы Сәнімгүл Амантайқызының шәкірттері, I курс студенттері Тәженов Бексұлтан, Төрехан Жайдарбектерді ерекше атап өтуге болады. Кеш соңында кешке белсене қатысқан студенттер марапатталды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ