©
Күні кеше Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл және Қазақстан Республикасының Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, профессор, күйші - домбырашы Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 70 жыл толуына орай, «Түбек толғауы» атты концертін Ақкетік сахнасында қала тұрғындарына ұсынды. Боздақ Рзаханов атындағы II – «Сиқырлы таяқша» республикалық дирижерлар байқауының лауреаты дирижер Әлібек Мұратов жетекшілік еткен оркестр Қаршыға күйлерін күмбірлетіп, Ақкетіктің сахнасын ән мен күйге толтырды. Көзі тірісінде күйдің бар жанрына қалам тартқан жүзден аса күй шығарған күйші, Маңғыстауды ақжармалатып күй күмбіріне қосқан шығармаларының топтамасы «Түбек толғауы» деген атпен ұсынылған болатын.
Сахнада алғашқылардың бірі болып «Арпалыс» күйін оркестрмен орындаған өзіміздің жерлесіміз, консерватория түлегі Майра Қоңырова домбыра қағысымен сахнадағы оркестрді ғана емес көрермендерді де арпалысқа түсірді. Беріле орындаған шығармсын өз көрерменіне жан –тәнімен жеткізген туған жер түлегіне туған ауылы ықыласты қол шапалағын аяған жоқ. Қазақтың атынан, Маңғыстаудың атынан талай шет елдерді аралап жүрген Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркесрінің белді мүшесі Майра Қоңырова қызымызбен мақтанамыз. Шығармашылығына шабыт тілейміз!
Дирижер Әлібек Мұратов жетекшілігімен «Нұрғиса», «Елбасы», «Күй-ұран», «Ақжарма», «Шабыт», «Қосбасар» сынды бір топ Қаршыға күйлерін күмбірлеткен оркестр күй құдыретін қондырып, құлақ құрышын қандырды. Күмбірлеген күй керуенін жалғаған ұлы композитордың басқа қырынан бағын ашқан шығармаларынан әсем әндер орындаған Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» атты сайысының жүлдегері Асанаәлі Көшеров, Асқар Көшеров, Күріш Тасболатов атындағы Републикалық әншілер байқауының бас жүлдегері Сәбит Шектібаев және жас әнші, «Шабыт» фестивалінің дипломанты «Мама» әнін орындаған Шахризада Сапарова көрерменді әдемі үндерімен ұйытса, залдың ерекше қошеметімен сахнаға шақырылған ҚР мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ерімбетова өз дауыс сиқырымен көпшілік көрерменді елітіп, арбап алды. Ақмаралдың ақжарма жырлы шалқыма әндеріне ұзақ шапалақ ұрған зал қошеметі ұзаққа дейін соғылды.
-Композитор әрі ұлағатты ұстаз. Біз ол кісіден білім алдық. Сол кісіден білім алған көп шәкірттер осы жерде өнер көрсетіп отыр.Сонымен қатар,күй жанрының барлығын қамтыған күйші.Бүгінгі кеш тақырыбындағы «Түбек толғауы» деген Маңғыстаудың алып күй мектебіне арналып жазылған күй. Ағамыздың ұстаздығы мен күйшілігінен бөлек, адамдық қасиеті көңілімізде мәңгі жаңғырып тұра береді, -деп ҚР-еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның құрметті профессоры Роза Айдарбаева сахнада қара домбыраны қолына алмас бұрын ұстазы, қазақ күй өнерінің шебері, композитор Қаршыға Ахмедияров туралы ыстық ықыласы мен ұстазға деген сағынышын жеткізді.
Кеште көрермен сұрауымен «Адай» күйімен аяқтаған оркестр ұжымы мен өнерпаздарға аудан әкімі аудан тұрғындары атынан «ықылас гүлін» сыйлады.
-Осыдан тура 10 жыл бұрын Форт-Шевченко қаласының 160 жылдық тойында Қаршыға Ахмедияровты Аманбек Сүндетов ағамызға айтып, Форт-Шевченко мәдениет үйі жананыдағы 50 адамнан құралған оркестрмен бірге өнер көрсетуге шақырдық. Дәл осы шағын сахнада оркестр алғашқы шығармасын орындап жатырғанда, ағамыз дайындық бөлмесінде отырған. Басында біз осы оркестрге дирижерлық етіңіз деп қолқа салғанбыз, содан бірінші шығарманы құлағы елең етіп тыңдады. Екінші бір күй орындалған уақытта -мына оркестрде қанша адам бар?,- деп сұрады. Елу адам бар екенін айттым. -Неше қобызшы ойнап отыр?- деді. Мен жеті қобызшы ойнап отыр дедім. Содан не керек, тыңдай келе - мынау шынымен оркестр ғой!,- деп шыдай алмай үшінші шығармада сахнаға өзі шығып, алдымен өз шығармасын орындап, кейін оркестрге дирижерлық еткені бар. Шалғайда жатқан құраттай түбектің аудандық мәдениет үйінің құртақандай оркестрінің бар екеніне мән беріп келуінің өзі ұлтымыздың өнеріне жаны ашығандық деп есептей отыра, ондай адамдар бар да өнер өшпейтінін айтқым келеді,- деп алғыс білдіру үшін сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Айкүміс Сәрсенғалиқызы Досанова.
«Қаршығаша күй шалу жаппай сәнге айналды. Осылайша оның күйшілік өнері халқының сыр сандығына, алтын қазынасына айналды. Артында өлмейтін өнеге, өшпейтін асыл мұра қалдырды. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» демекші, қара домбыра тұрғанда Қаршыға да тірі. Қазақ тұрғанда қара домбыра да дүлдүл. Мәңгілікпен сырласқан саңлақ-ғұмыр жалғаса бермекші» деп аяқтаған жүргізуші сөзімен әдемі күй мен ән кеші көрмендеріне өнерін ұсынды.
Милана ЕЛЕУСІНОВА