М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармония залында Қазақстан мен ресей мемлекеттерінің достығын насихаттайтын Астрахань облысы мемлекеттік автономиялық мәдениет мекемесінің жанынан 2005 жылы ашылған Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталықтың концерті өтті.
Ақтаулықтар ен тоғайлы Еділ бойындағы ежелгі Хажы-Тархан аймағын мекен еткен діні мен тілі бір бауырларымыздың киелі өлкеміздегі өнер сапарында Рүстем Себекбаев жетекшілік ететін «Самал» қазақ ұлт аспаптар ансамблі, Руслан Грачев жетекшілік ететін орыс ұлттық халық аспаптар ансамблі - «Белый город», Виктория Есенәлиева жетекшілік ететін «Алтын» халықтық би ансамбльдерінің репертуарын тамашалады.
Қонақтарға арналған құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ильмухамбетова:
-Ресеймен тату көршілігі ғасырлардан жалғасып келе жатқан Қазақ елінің құшағы Астраханьдық өнерпаздарға әрдайым ашық. Теңіздің екі бетін жайлап отырған ағайындардың өз ара мәдени және экономикалық қарым қатынасы тығыз байланыста. Осы өнерпаздар сапары соның жарқын айғағы,-деді.
Сахна шымылдығы «Самал» қазақ ұлт аспаптар ансамлінің орындауындағы қазақтың ұлы сазгері Құрманғазы Сағырбайұлының «Серпер» күйімен ашылды. Бұдан соң осы ансамбль: И.С.Бахтың «Шутка», Махамбеттің «Өкініш», Астор Пьяццолланың «Либертанго», Құрманғазының «Адай» күйлерін тамылжыта тартып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Кеш барысында ақтаулық өнерсүйер қауымға Әмина Айдаралиева жеке дауыста «Любовь моя Россия» әнін, «Белый город» халық аспаптар ансамблі «Цыганочка», «Калинка» шығармасын, Людмила Семик алтынжарлық ақын-публицист Мәжіліс Өтежанов пен Артемий Черчинцевтің «Последняя стая» әнін тарту етті. Арман Байзуллаев «Теріс қақпай» күйін, Виктория Есенәлиева татар биін, Өмірзақ Зинелғабиденов Медеу Арынбаевтың «Алматының кешінде» әнін, жас өнерпаз Ильяс Дүйсеев.
«Қара жорға» биін, Арман Әбліғазиев пен Әмина Айдаралиева Ескендір Хасанғалиевтың «Асыл арман», «Алтын» ансамблі орыс халық әні «Барыня» мен «Гүлдер» биін, Людмила Семик «Голос» әнін, «Асыл» дуеті «Іңкәрім-ай» әнін және барлық концерт берушілер құрамының қатысуымен «Туған жер» әнін орындап, көпшілікті өнер бұлағымен сусындатты.
Кеш соңында ақтаулық ардагерлер атынан Кәрім Иренов ақсақал алғыс айтып, өз кітаптарын астрахандық қонақтарға сыйлады. Өнер сапарын бастап келген Астрахань аймақтық мәдени орталықтың жетекшісі Арман Әбілғазиев ақтаулық көрермендерге алғыс білдіріп, облыс әкімінің орынбасары Ш. Ильмухамбетова мен облыстық мәдениет басқармасының бастығы Б. Базарбаевқа Алтынжар аулындағы күй атасы Құрманғазы кесенесі бейнеленген ескерткіш-картинаны сыйлық ретінде табыс етті.
Үміт Жәлеке