Облыстық Дін істері басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында «Отпан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ел тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «XIX-XX ғасырлардағы қазақ ойшылдары дін турасында» атты облыстық жыршы-термешілер сайысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мұрат Өскенбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында өткен сайыстың мақсаты – дәстүрлі дінімізді дәріптеу, деструктивті діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыруға, дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарды және қазақ халқының жыр дастандарын дәріптеуге бағытталды. Әсіресе, ҚМДБ тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқан «Ихсан» іліміне ерекше көңіл бөлінді.
Байқауға жыршылар Бақдәулет Толыбекұлы, Әнуар Аманқос, Қайырбек Теңел, Жарас Ізғалиев, Ғанибет Аманғали қатысты. Олар бойына біткен ақындық дарынын дінді насихаттауға арнаған ақын-жырауларымыздың рухани мұрасын қайта жаңғыртты. Ақтан Керейұлының «Бір Құдіреттің ісімен», Базарбай Құнанорыстың «Әуелі Алла пана бер», Қашаған Күржіманұлының «Әзіреті Ғали», Сүгір Бегендікұлының «Мүштарих сөз» сияқты ақын-жыраулардың көптеген шығармаларын орындады.
"Қазақ әдебиеті ауызша дәстүрде таралуына орай, әуел бастан-ақ халық ақын-жыраулардың жырларына, ой-толғауларына үнемі құлақ түрді, оларды жадына ұстады. Діни қиссалар, ақын-жыраулардың шығармаларындағы діни тақырыптағы өлең-жырлар халықты ислам дінінің рухында тәрбиелеуше,имандылық құндылықтарын нығайтуға айтарлықтай үлес қосты. Бұндай туындылар халыққа рухани бағыт-бағдар берп, дәрстүрлі әнмен үйлескен ұлттық тәлім-тәрбиенің жандануына себепкер болды", - деді облыстық дін істер басқармасының басшысы Мақсатбек Маханбетов.
Дін мен дәстүр дәріптеліп, асыл дініміз туралы оймақтай ой айтылған сайыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені Әнуарбек Аманқосов, жүлделі бірінші орынды Бақдәулет Толыбекұлы, екінші орынды Жарас Ізғалиев, үшінші орынды Қайырбек Теңел иеленді. Ал, байқауға белсене қатысқаны үшін Ғанибет Аманғалиға арнайы ынталандыру сыйлығы табысталды. Жүлделі орын алғандар сертификатпен бірге ақшалай сыйақыға ие болды.
"Маңғыстаулық бес жүйрік сияқты ата-бабаларымыздың шығармаларынан, насихат термелерінен байқау өтті. Осындай байқаулар көп болса деп тілейміз. Аталарымыздың сөздер ұмыт қалмай жыл сайын байқаулар жалғаса берсін", - деді байқаудың бас жүлдегері Әнуар Аманқосов.
Айта кетейік, бұл шара Маңғыстау телеарнасындағы қазақ ақын-сазгерлерінің ән-жырлары мен күйлерін насихаттауға арналған «Сөз бен саз» бағдарламасының 37-ші саны аясында өтті.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН