21 маусым М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші-композитор, академик Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Қазақстанның Германия Федаративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен басқарма басшылары, қала тұрғындары мен қонақтары, композитордың шығармашылығын сүйер қауым қатысты.
Сахнада Секен Тұрысбектің жетекшілігімен «Ақжауын» Мемлекеттік камералық оркестрі, Бибігүл Қилымхан, республикалық конкурстардың лауреаттары Маржан Ержанқызы мен Гүлнұр Саргизова өнер көрсетті.
Шарада композитордың «Көңіл толқыны», «Көк бөрі», «Ерке құсым» сияқты шығармаларымен қатар, Төлеген Момбековтың «Салтанат», Құрманғазының «Серпер», «Адай» туындылары орындалды.
- Бүгін өңіріміз үшін ерекше күн. Облысымызда Германияның Федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайердың қатысуымен Маңғыстаудағы «жасыл» сутегі өндіретін зауыттың құрылысы аясында бұрғылау жұмыстарын іске қосты. Сонымен қатар, ол Құрық порты мен көлік логистика саласындағы жобалармен танысты. Секен Тұрысбектің де өңірімізге келуі осындай айтулы күнге тұспа-тұс келді. Секен Тұрысбек - қазақтың қара домбырасын, күй өнерін бүкіл әлемге танытып жүрген, қазақтың Нұрғиса Тілендиевтен кейінгі маэстросы. Сіздер күй арқылы адамдардың бойына өнерге деген махаббатты сіңіресіздер. Домбыра ғасырлар бойына жалғасып келе жатқан ұлттық өнеріміздің бір бөлігі іспеттес. Бұл аспапта екі ішек болса да, шырқағанда халқымыз бен салт-дәстүріміздің мың түрлі бояуын көркем жеткізеді. Еңбектеріңізге береке берсін. Бүгінгі кеш құтты болсын, - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Секен Тұрысбек - 15 жуық күй мен 30-ға тарта әннің авторы. «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Кеш соңында шараға жиналған қалың көрермен домбырашыға ыстық ықыласын білдірді.