Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуынада себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» десе, Мағжан Жұмабаев: «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құымақ» деген екен. Бір ғасыр бұрын айтылған Алаш арыстарының осы сөздері дәл бүгінгі заманның да тамыр бүлкілін дөп басып тұрғандай.
Қазақстан Республикасының Ата Заңы мемлекеттік тілдің жоғары деңгейде қолданылуына кепілдік береді. Оның 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілдің қазақ тілі екені, мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін қамқорлық жасайтыны нақтыланған. Осы баптың екінші тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Егер заңның мәтініне зар салсақ, мемлекетімізде қазақ тілімен бірге орыс тілі де қатар қолданылатыны айтылған. Заңның осы тармағын қате түсініп, теріс қолдануға тырысатын адамдар да бар. Заңның бұл талаптарын тең дәрежеде теңестіріп қарауға болмайды. Заңның негізгі талабы мемлекеттің тілі – қазақ тілі болғандықтан ең бірінші осы норманы басшылыққа алып нақты тұрмыста қолдануымыз қажет. Нақтырақ айтқанда, Конституциямызда айқындалған «Мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі ресми тіл болып» деген норма бастапқы мағынасындағыдай айбарлы рөл атқармайтынын түсінгеніміз жөн. Ата Заңымыздың қабылданған уақытын ескеріп, сол кездегі жағдайларға тереңірек үңілер болсақ, буыны жаңа қатайып келе жатқан мемлекетіміздің әлеуметтік – экономикалық жағдайы, қазақ ұлты санының аздығы осы заңның кеңірек пайдаланылуына, құқықтық нормасының жоғары қолданылуына итермеледі. Ал, қазіргі жағдай басқаша. Еліміздің демографиялық жағдайы түзеліп, қазақтың саны 68 пайызға жетті. Ана тіліміздің қолданылу аясы кеңейіп, мемлекетіміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі болып күн сайын әлеуеті айбынды асқақтап келеді. Сондықтан, Конституция, заңдағы нормаларды қолданғанда заңды нақты түсініп, қолданысқа шығару міндет.
«Тіл туралы» заңның 4 – бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» - деп атап көрсетілген. Десек те, айдың-күннің аманында, тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында тіл тағдырын шешетін киелі құбылыс. Ал, бабалар тілінің тегеурінін алға жылжытпай отырған мәселелер бізде әлі де азаяр емес. Мәселен, 2015 жылдың 1 – жартыжылдығында Астана қалалық сотындағы кіріс құжаттары 16 мың 417, оның ішінде, 8 мың 930 қазақ тілінде, шығыс құжаттар 16286, оның 12 мың 716 – сы мемлекеттік органдар мен ұйымдардан келетін құжаттар мемлекеттік тілде аз түсетінін дәлелдейді. Ал, бірінші жартыжылдықта елордалық соттармен 5095 іс мемлекеттік тілді қаралған.
Туған тіліміздің тағдыры өз елінде, өз жерінде таразыға түспеуі тиіс. Тіл тағдырының шешілмей тұрған күрмеуі, қиын тұстары әлі де жетерлік. Сондықтан, біздің қоғамдағы тіл мәселесі тек сот органдары жүйесін емес, барлық саланы қаматығанда дамып, оркендейтін болады.
М. Қожиева Ақтау қалалық әкімшілік сотының бас маманы