Елімізде 1-тамыз бен 30-қыркүйек аралығында «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы өтіп жатқаны белгілі. Осынау қайырымдылық шарасына үн қосқан Қазақстан мешіттері де Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының тапсырмасы бойынша акциялар ұйымдастыруда.
Аталмыш шараны өткізудегі мақсат–аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетiм балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар әлеуметтiк себептермен мектептен қалып қоймауы үшін олардың жаңа оқу жылына дайындығына көмектесу екендігі түсінікті.
Сейсенбі күні Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінде де «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Шараға көп балалы жанұялар мен мүжәлсіз отбасылар балалары ата-аналарымен бірге келді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңіріміздегі өкіл имам Смайл Сейтбеков балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім алу–мұсылманның ең үлкен міндеті екенін айтып, осы орайда мешіт тарапынан ұйымдастырылып жатқан мұндай игі істердің алдағы уақытта да мүмкіндігінше жалғасын табатындығын жеткізді.
Бұл игілікті шараға Ақтау қалалық мешіті мен Мұнайлы аудандық мешіті де ат салысты. Бұл мешіттер имамдарының ұйытқы болуымен атқарылған қайырымдылық шарасында 0-6-сыныптарда оқитын барлығы 130 ұл мен қызға мектеп құралдары салынған оқушы сөмкесі таратылды.
Мемлекеттен бір тиын да алмайтын, тек қарапайым халықтың, жүрегінде иман тұнған кәсіпкерлердің өз еріктерімен ұсынған қаржысын ұқсатып, мектеп оқушысына бірінші кезекте қажет болатын құралдарға ие болған балалар да, ата-аналар да дән риза. Бір айта кетерлігі, балаларына мектеп құралдарын алған ата-аналар мешіт тарапынан алғаш рет жәрдем алып отырған жоқ. Олардың барлығы дерлік бір жылда бірнеше мәрте ұн, май, күріш, ет, қант сияқты алдымен керек азық-түліктерді алып жүргендер. «Менің отбасымды осы мешіттер асырап отыр», деді көзіне жас іркіліп аты-жөнін атамаған көп балалы келіншек
Ата-аналар балаларын мектепке дайындауға қол ұшын берген мешітттер имамдарына алғыстарын білдіріп, олардың әрдайым өздеріне жәрдем беріп келе жатқандарын ризашылықпен айтты.
Валентина МҰСТАЖАПҚЫЗЫ