Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Орталық Кеңесі 2015 жылғы 10 желтоқсанда Судьялар одағының кезектен тыс VII съезін өткізу жөнінде шешім қабылдап, ол биылға жоспарланып отыр. Ел судьяларының алдағы жиынынң басты міндеттерінің бірі – Судьялар әдебі кодексінің жаңа нұсқасын қабылдау.
Судьялардың Ар-ождан кодексінің қабылдануы ел тәуелсіздігі мен судьялар қауымдастығының құрылуымен тікелей байланысты. «Судьялар әдебінің» бастапқы қағидаттары 1996 жылы 19 желтоқсанда өткен Қазақстан судьялары қауымдастығының бірінші съезінде тұжырымдалса, ел тәуелсіздігінің он жылдығына орайлас келген 2001 жылғы 6 маусымдағы үшінші съезде оған өзгеріс енгізілді.
Қазақстан Республикасы судьяларының 2009 жылғы 18 қарашада өткен съезінде Судьялар әдебі кодексінің жаңа нұсқасы бекітілді.
Судьялардың жетінші съезінде қабылданатын жаңа Әдеп кодексі судьялардың мінез – құлық қағидаларының Банголор қағидаттары мен үздік халықаралық тәжірибелерге негізделіп әзірленуде. Бұдан бұрынғы Кодекс те осы принципті басшылыққа алған болатын.
Судьялар әдебінің ұстанымдарына келгенде, біз әдетте, тарихи тағылымдар мен халықаралық озық тәжірибелерге жүгінеміз.
Жаңа Кодексті әзірлеуде қазіргі замаңғы ғылыми айналымдағы еңбектерде дәлелін тапқан және істе сыналған судьялардың әдеп нормаларының басшылыққа алынғаны және ел дамуының стратегиялық басымдылықтарына қарай жаңартылғаны белгілі. Осы орайда, халықаралық нормалар мен әлемдік стандарттардың озық үлгілеріне бағдар ұстай отырып, ұлттық дәстүріміздің – билер институтының әдеп нормаларын да назардан тыс қалдырмағанымыз жөн.
Қазіргі заман – ашықтық пен жариялылық уақыты. Сот актілері Интернет желісіндегі соттардың сайттарына орналастырылады. Электрондық нұсқадағы сот актілерімен танысушылар ең әуелгі кезекте сот актісінің стилистикалық, грамматикалық және орфографиялық қателеріне назар аударады және оның негізділігі туралы бастапқы әсер де осыдан туындайды. Демек, судья процестік құжаттарды сауатты және уақытылы, сапалы дайындауға тиіс. Ал ұқыпсыз, түсініксіз, грамматикалық және басқа да қателері бар сот актілері судьяға деген сенімсіздікті, оның біліктілігіне, сондай – ақ, әділдігіне орынды күмән туғызады. Сондықтан судьяның аса сауатты және ұқыпты болып, кәсіби біліктілігін ұдайы жетілдіріп отыруы да оның әдеп ұстанымдарының құрамдас бөлігіне айналғаны жөн.
Қазақстанда судьялар – Елбасының Жарлығымен тағайындалатын және қызметінен босатылатын, жоғары жалақы төленетін және тиісті әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етілген мәртебелі мемлекеттік лауазым иелері. Сондықтан олардан сұраныс пен талап та жоғары. Судьялардың мінез – құлық, ар – ождан келбеттерінің үлгілі қоғамдық нормаларын қалыптастырудың маңызына аса мән беріліп отыр.
Ө. Садықов Ақтау қалалық әкімшілік сотының төрағасы