Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қанат Таймерденов халықпен есеп беру кездесуін өткізді. Қазіргі кездегі облыстағы қылмыстық ахуал және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын-алу бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Артынша жиналған көпшіліктің сауалдарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.
Кездесуге келе алмаған, орталықтан шалғай жатқан аудан тұрғындарының да сұрақтарына жауап беру мақсатында бейне селекторлық режимдегі байланыс жүйесі орнатылды.
«16 қазанда ҚР Үкіметі қаулысымен Ішкі істер департаменттері мен Жергілікті полиция қызметі Полиция департаменті болып қайта құрылды. Департаментке күніне 150-дей азаматтардың келуіне байланысты, бақылап-өткізу пункті екі есеге кеңейтіліп, қосымша "фронт-офисі" ашылды. «Фронт-офистерді» жыл соңына дейін қалалық және аудандық полиция бөліністерінің жанынан да ашу жоспарланды», - деді Қанат Таймерденов.
Ішкі істер министрлігі басшылығының нұсқауына сәйкес, қазан айынан бастап тәртіп сақшыларының бейнетіркегішсіз қызметке шығуға тыйым салынды. Онлайн режимде полиция қызметкерлерінің жұмысын қадағалау үшін барлық қызметтік автокөліктерге де бейнетіркегіштер орналастырылған.
Сондай-ақ басшы полиция қызметкерлерінің жалақысын көтеру бойынша да жұмыстарды атап өтті.
«Қаражаттарды үнемдеу үшін аппараттың басшы құрамы қысқартылып, үнемделген қаражат қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және еңбекақысын көтеруге жұмсалатын болады. Патрульдік полиция қызметкерлері 80 мың теңгенің орнына 120 мың теңге алатын болады. Облыс Әкімінің қолдауымен келесі жылдан бастап, барлық сержанттар офицерлік лауазымға ауыстырылып, жалақылары 80-нен 150 мың теңгеге дейін өсетін болады», - деді ол.
Полиция қызметін жақсарту мақсатында Елбасының тапсырмасына сәйкес, қоғамға жаңа үлгідегі полиция киімдері ұсынылған болатын. Жаңа үлгідегі киімдерді дайындау барысында еліміздің климаттық жағдайлары ескерілген.
Департамент басшысы баяндамасында биылғы 10 айда облыста тіркелген қылмыстардың саны 12%-ға, яғни 4925-тен 4343-ке төмендегенін айтты.
Жыл басынан бері 2 мың 894 қылмыс ашылып, іздеудегі 48 қылмыскер ұсталған, сондай-ақ 30 із-түссіз жоғалған тұлғалар анықталған.
Жыл басынан бері бекітілген кестеге сәйкес 400-ден аса террористтік тұрғыдан осал объекті тексерілген. Нәтижесінде 93 әкімшілік хаттама толтырылып, 49 объект басшысы әкімшілік жазаға тартылған.
Бүгінгі күні Электрондық қылмыстық іс жобасы бойынша 149 жұмыс орны жасақталып, жыл басынан 560 қылмыстық іс электрондық форматта тергелген.
Сондай-ақ басшы жергілікті атқарушы органдармен үй-жайы мен жұмыс орындары біріктірілген учаскелік полиция пункттерін салу немесе сатып алу мәселелері қарастырылып жатқанын жеткізді.
«Жоспарға сәйкес Түпқараған аудандық Полиция бөлімі мен Ақшұқыр елдімекеніне Полиция бөлімшесінің жаңа құрылысын салу жобасы әзірленуде», - деді ол.
Статистикалық талдауға сәйкес жыл басынан бері облыс көлемінде шетелдіктермен 217 қылмыс жасалған.
«Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қызмет көрсетуге қолайлы жағдай жасау мақсатында (Маерск компаниясынан сатып алынған ғимаратта) халыққа қызмет көрсету орталығы қағидатымен қазіргі заманғы жабдықтармен қамтылған, Көші-қон қызметі орталығын ашу жоспарлануда. Бұл орталықта Көші-қон қызметтерінен басқа қаруларды сақтауға және автокөліктерге газ қондыруға рұқсат беру, айыппұлдарды төлеу, мұрағаттық анықтамалар беру және күзет қызметтерін лицензиялау қызметтері ұсынылатын болады», - дейді Қанат Таймерденов.
Сөз соңында басшы департаменттің әрқашан тұрғындармен сұхбаттасуға дайын екендігін, қоғам қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, бақылауда адал қызмет ететіндігін жеткізді.
Сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай және МО аумағында қоғамдық тәртіп пен қаәуіпсіздікті қамтамасыз етуге, қылмыстардың алды алу, жолын кесу, ізін суытпай ашуға үлес қосқаны үшін бірқатар азаматқа марапат табыстады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН