2016 жылдың басында қабылданған жаңа Азаматтық процестік кодекспен жұмыс жасаудың артықшылығы көп. Оңайлатылған іс жүргізу тәртібінің кілті де - осы кодексте. Азаматтық процестік кодекстің 13-тарауында оңайлатылған іс жүргізу тәртібі туралы егжей-тегжейлі жазылған. Судья істерді арыз қабылданған күннен бастап бір ай мерзім ішінде оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарауы тиіс. Әрбір істі мұндай тәртіппен қараудағы негізгі мақсат – іс бойынша тараптарды сот отырысына шақырмай, сот отырысын өткізбей, олардың алдын ала ұсынған дәлелдемелерін судьяның жеке, ішкі пайымын басшылыққа ала отырып шешім қабылдауына мүмкіндік туғызу. Ең бастысы судья бапқа сәйкес, қос тарапқа заңнаманы барынша түсіндіріп, жауапкердің өзі негіздейтін құжаттар мен дәлелдемелерді беруі үшін мерзім белгілейді. Пікірді, дәлелдемелерді және өзге де құжаттарды ұсыну үшін сот белгілеген мерзімдер өткеннен кейін тараптарды шақырмай-ақ, істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарайды. Яғни, сот шешімді қабылдаған кезде тараптардың ұсынған түсініктеме, қарсылық және дәлелдемелерін басшылыққа алады. Бір айта кетерлігі, істі оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қарау барысында хаттама жүргізілмейді және істерді оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау мерзімі ұзартылуға жатпайды.
Оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралатын істердің негізгілеріне тоқталып өтсем. Егер талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін – жеті жүз айлық есептік көрсеткіштен, жеке кәсіпкерлер, азаматтар үшін - екі жүз айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ақша сомаларын өндіріп алу туралы талап қою арыздары бойынша; талап қою бағасына қарамастан, талап қоюшы ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қою арыздары бойынша; заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған сақтандыру даулары және банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша келісімдерді орындау туралы; заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған неке-отбасылық қатынастар саласындағы даулар бойынша келісімдерді орындау туралы; азаматтың абыройына, қадір-қасиетіне немесе iскерлiк беделiне және заңды тұлғаның іскерлік беделін түсіретін мәліметтерді теріске шығаруды не бұқаралық ақпарат құралында жауапты жариялау туралы даулар бойынша келісімдерді орындау туралы; заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда дауларды сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған өзге де келісімдерді орындау туралы істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатын іс бойынша қысқаша шешім шығарылады. Шығарылған сот шешімінің көшірмелері тараптарға шешім шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуі тиіс. Жауапкердің шығарылған шешімге көңілі толмаса, ол сот шешімінің көшірмесін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқылы. Арыз мынадай жағдайларда беріледі. Егер, жауапкер талап қою арызының келіп түскенінен хабарсыз болып, істің оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатынынан ақпарат алмаса, оның өз мүддесін қорғап арыз жазуға құқығы бар. Сондай-ақ, шешімнің мазмұнына әсер ете алатын дәлелдемелерді ұсына алмаған жағдайда да жауапкер өз мүмкіндігін пайдалануға құқылы. Бүгінде соттарда аталған іс жүргізу тәртібімен істер қаралып, оң нәтижесін көрсетуде.
Нұрсұлтан Дидар, Маңғыстау облыстық сотының бас маманы