Теңге ауылы №14 орта мектебі ғимаратында «Мүлікті жария ету» акциясы аясында ауыл тұрғындарымен жиналыс өтті. Жаңаөзен қалалық әкім аппаратының инспекторы Қанат Құсайынов пен экономика және қаржы бөлімінің инспекторы Раушан Танқұлова қатысқан жиынды ауыл әкімі Үбін Максимов ашып, осы мақсатта арнайы комиссия жұмыс жасап жатырғанын айтып өтті.
Ауыл әкімінің сөзінен соң, мүлікті жария ету туралы заңына енгізілген өзгерістер туралы толыққанды ақпарат беру үшін сөз кезегін Қ.Құсайынов алды. Маманның сөзінде, аталмыш науқан бар мүлікті тегін жария етуге және заңды айналымға енгізуге мүмкіндік береді. - Құжат мемлекет басшысының бес институционалдық реформасы аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталады. Осыны ескере, мүлікті жария ету акциясы 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылды. Мүлікті жария ету заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, ағымдағы жылдан бастап жылжымайтын мүлікті жария ету тәртібі оңтайландырылды, - деді, Қ.Құсайынов.
Бүгінгі таңда мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссияға қыркүйек айының бірінен бастап 150 арыз-өтініш келіп түскен, оның 104-і жария етілген. Жарияланған мүліктердің ішінде 83 жеке тұрғын-үй, 21 жеке кәсіпкерліктегі жеке меншік жерлер. Маманның мәліметінше, келіп-түсіп жатырған арыз-өтініштер саны өткен жылдарға қарағанда биыл көбейген. Тұрғындардың белсенділігін арттыру мақсатында мүлікті жария етуді насихаттау жұмыстары тоқтатылмай, жүргізіле бермек. Шара соңында, Ү.Максимов әрбір азамат науқанға атсалысу керек екендігін айтты. Жиын барысында ауыл тұрғындары тұрғын үйлеріне қатысты көкейкесті сұрақтарын қойып, кеңес алды.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА