Пробация қызметінің пәрмені
[ 2017 ] 5 шілде, 07:37 | Құқық
Өткен сейсенбі күні өңірімізге іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайм Кесебаева Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрамымен кездесті. Жиында Қазақстан Республикасының «Пробация туралы» Заңын іске асыру мәселесі талқыланған жиынға прокуратура, облыстық білім басқармасының, облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты.
Кездесуде заң және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитеттің мүшесі Балайм Туғанбайқызы қатысушыларды ел Парламентінде жасалған жұмыстардан хабардар етті.
–ҚР Парламентінің соңғы сессиясында 54 заң жобасы қабылданып, оның 66-ына Елбасы Н.Назарбаев қол қойып, заңды күшіне енді. Біз заң шығарушы орган ретінде жылына 2 мәрте өңірлерге барып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заңның жүзеге асыру барысына мониторинг жүргіземіз. Маңғыстау облысына келудегі мақсатым – «Пробация туралы» Заңның қалай іске асып жатқанын көру және туындаған мәселелер мен ұсыныс- тілектерді жинақтап, шешу жолдарын қарастыру, – деді депутат Балайм Кесебаева.
Жиында облыс бойынша қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің басшысы, әділет полковнигі Теймур Гашимов аталған заң аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.
–Басында бірнеше мәселелер туындады. Бұрын қамауда болғандар «пробация» сөзінің мағынасын түсінбей, мемлекет оларға жайлы жағдай жасалуына, құжаттарын қалпына келтіріп, жұмыс тауып беруге мүдделі екеніне сенімсіздік танытты. Басым көпшілігі біздің көмегімізден бас тартатындықтан пробация қызметкерлері бас бостандығынан шектеу мерзімі аяқталуға жақын сотталғандармен алдын ала сөйлесіп, дайындайды. Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы аясында жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарға әлеуметтік және құқықтық көмек беріледі. Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне 2 қала мен 5 ауданның пробация қызметі кіреді. Компьютерлермен жабдықталып, жедел ақпараттық базаларға қосылған пробация қызметтерінде жаңа «Пробация туралы» Заң туралы түсінік жұмыстары жүргізілді, – деді ол.
Оның айтуынша, жыл басынан бері босап шыққан 1125 адамға әлеуметтік- құқықтық көмек көрсетіліп, оның 46-ы жұмысқа орналасқан. Барлық мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыс орнатқан пробация қызметі босап шыққандардың емделуіне, білім алуына, құжаттарын қалпына келтіруге, психологиялық көмек алуына және тағы да басқа қажеттіліктеріне қарай жұмыстанған.
Кездесу барысында пробация қызметінің қызметкерлері Мәжіліс депутатына сұрақтарын қойып, ұсыныс- пікірлерін жеткізді. Жиында шартты сотталғандарға қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы сотқа материал жолданған кезде соттың материалды қанағаттандырудан бас тартуын реттеу, бұрын шартты сотталғандарға кісен тағу тәжірибесін енгізу, жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, мемлекет алдында айтарлықтай сомада өтейтін берешегі бар шетел азаматтарының шығынды өтеуі жөнінде мәселелер көтерілді. Сондай-ақ «Пробация туралы» Заңдағы бірқатар баптарға өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар айтылды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суретті түсірген Ердос ҚОЖАНТАЙҰЛЫ
934
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.