Сот жүйесінде оң өзгерістер енгізілуде
[ 2017 ] 30 маусым, 07:26 | Құқық
Елбасымыздың қолдауымен тәуелсіздікпен бірге түлеген сот жүйесі талай белестерден өтіп, құқықтық реформалардың аясында оң өзгерістерге қол жеткізді. Осы орайда сот саласындағы әрбір реформалардың басты мақсаты – ашықтық пен жариялылықты сақтай отырып, халықтың сотқа деген сенімін нығайту екендігін жақсы білеміз.
Қазақстанның сот жүйесінің құқықтық мемлекеттің стандарттарына сай қарқынды қадам басуы нәтижесінде әрбір тұлғаның өз құқықтарын сот арқылы қорғауына жол ашылып, азаматтардың сот билігіне деген сенімі күшейді.Оның ішінде 2002 жылдары мамандандырылған ауданаралық соттардың бой көтеруі нарықтық институтты дамытып, сот саласына тың серпін берді. Мамандандырылған соттардың құрылуы жүктеменің азаюына, жеке категориядағы істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда, тұрғындарға ашық және қол жетімді етуге, заңды мүдделерi мен құқықтарын қалпына келтіру үшін сотқа жүгінген азаматтар мен заңды тұлғаларға тиісті жағдай орнатуға айтарлықтай ықпал етті десем артық айтқандық емес.
Сондай-ақ, елімізде «Медиация туралы» Заңның және жаңа Азаматтық процестік кодекстің қабылдануы дауларды баламалы тәсілдермен шешу мүмкіндігіне жол ашты. Елбасымыз «Қазақстанда соттан тыс делдалдың көмегімен бітістіру процесі - медиация институты құрылды. Бұл екі жақ та келісетін шешім қабылдануы мүмкін істерді қараудан соттарды біртіндеп босату үшін алғышарт жасайды. Бұл институтты дамытып, әлемдік деңгейге жеткізу қажет», -деген болатын.
«Алдыңа келсе атаңның да құнын кеш» демекші билік айтудың ең озық өнегесі бітімгершілікті жатсынбадық. Оған бүгінде соттарда медиациямен қысқартылғаністердің санының артуы дәлел болмақ. Сонымен қатар, Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бағдарламасының заңның үстемдігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстацияларын оңтайландыру қолға алынып, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көштік. Маңызды құжаттың 20-қадамына сай өңір бойынша сот залдары бейне және таспаға жазу құрылғыларымен толық жабдықталған. Бұл әрбір сот отырысының «тайға таңба басқандай» дыбыс-бейнежазу арқылы өтуіне кепіл болмақ. Соттардағы «Сот кабинеті» сервисінің іске қосылуы да сот өндірісін жеңілдетуге, бюрократиялық кедергілерді жоюға, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен тікелей байланысын азайту жолымен сыбайлас жемқорлықтың орын алу ықтималдығын төмендетуге мүмкіндік беріп отыр.Аталған жүйені қолдану арқылы жеке және заңды тұлғалар кез келген уақытта сотқа келмей-ақ, яғни үйде отырып, онлайн режимінде электронды түрде талап арыздарды беруге, шағымдар мен өтініш хаттарды жолдауға, тіпті істің қарау барысын бақылауғақол жеткізді. Соттағы мұндай жетістіктерсудьялардың кәсіби тәртібін нығайтып, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға және халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға негіз болмақ.
Қорыта айтқанда, сот ісін жүргізу саласын реформалау, сот органдарын жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралардың түпкі мақсаты – азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыру.Сондықтан, сот жүйесін реформалау тоқтап қалатын құбылыс емес. Әрбір сәт Отандық сот жүйесін одан әрі қарай жетілдіру, соттардың рөлін арттыру, судьялардың тәуелсіздігін жоғарылату басты назарда.
Азат Ізбасаров, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы
730
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.