Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының урология бөлімшесінде 1967 жылы туған тұрғынға лапароскопиялық уретеролитотомия операциясы жасалды. Нәтижесінде несепағарда жинақталған 3 сантиметр тас алынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Уролог-дәрігер Мұрат Қалдыбекұлының айтуынша, науқас бірнеше жылдан бері несеп-тас ауруымен ауырған. Соңғы 10 күнде жоғарғы оң жақ бел аймағының қатты ауырсынуына байланысты жергілікті емханаға қаралып, КТ және УДЗ-ден өтіп, облыстық ауруханаға келіп түсті. Науқасқа несеп-тас ауруы, оң жақ несепағардың жоғары 3/1 обтурациялық тасы диагнозы қойылды. Тастың көлемі – 2,5 және 3 см.
- Науқасқа жоспарлы ем тағайындалғаннан кейін эндоскопиялық құрылғылармен лапароскопиялық уретеролитотомия операциясы жасалды. Науқастың терісін кеспей-ақ, тек тесу арқылы лапароскопиялық жолмен тас алынып, стенд қойылды. Айта кетейік, мұндай операциядан кейінгі оңалту кезеңі жеңіл өтеді. Науқас операциядан кейінгі 3-4 күннен соң амбулаторлы емге шығарылды. Қазір жалпы жағдайы қалыпты, отадан кейінгі бірінші тәулікте аяғына тік тұрды. Үшінші тәулікте үйге шығарылды. Енді 1 айдың ішінде несепағарға салынған стенд алынады, - дейді Маңғыстау облыстық ауруханасының уролог-дәрігері Мұрат Бекхожин.
Операцияға урология бөлімшесінің меңгерушісі Бекхожин Мұрат Қалдыбекұлы, уролог-дәрігер Асқар Бекарыс Ерболұлы, анестезиолог Чотбаев Төлеген Базарбайұлы қатысты.
Уролог-дәрігер Мұрат Бекхожин облыста несеп-тас ауруымен ауыратындардың саны артқанын тілге тиек етті.
- Лапароскопиялық уретеролитотомия операциясы облыстық көпбейінді ауруханасында 2018 жылдан бері жасалса, 2023 жылдан бастап бүйректің үлкен тастарын, яғни, коралл (маржан) тастарын алуға арналған Перкутанды нефролитотрипсия операциясы жасалып жатыр. Бұған дейін айына 1-2 ота жасалатын, ал қазір аптасына 3-4 операция жасалады. Себебі облыста бүйрек тасымен ауырып жүрген тұрғындар саны артқан. Осы орайда тұрғындар Астана мен Алматыға бармай-ақ, МӘМС көмегімен облыстық ауруханада аз инвазивті операцияларды жасата алады, - дейді уролог Мұрат Бекхожин.
Бүйректегі тастың пайда болуына әсер ететін бірнеше нақты фактор бар. Нақтыласақ, зат алмасудың бұзылуы, дұрыс тамақтанбау және судың сапасыздығы. Тасты дер кезінде емдеп, алмаса, түбі бүйрек жұмысының тоқтауына әкеп соғатынын ескертті. Дәрігердің айтуынша, несеп-тас ауруының алдын алу үшін уақытылы медициналық тексерістен өтіп, анализ тапсыруы қажет.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА