Маңғыстау облысында 182 науқас ағза ауыстыру кезегінде тұр. Оның ішінде 179 ересек, 3 бала бар. Бұл туралы республикалық транспланталогия орталығының Маңғыстау облысы бойынша үйлестірушісі, анестезиолог-реаниматолог Иляс Бурыбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Республикалық транспланталогия орталығының Маңғыстау облысы бойынша үйлестірушісі Иляс Юсуповичтің айтуынша, қазіргі таңда елде ықтимал реципиенттер тіркелімінде (күту парағында) 4000-нан аса науқас ағза ауыстыруға кезекте тұр. Ал Маңғыстау облысында бүйрек трансплантациясына сұранып тұрған 175 ересек, 2 бала бар. Ал 2 ересек, 1 бала бауыр ауыстыруға мұқтаж. Жүректің трансплантациясына 2 науқас кезекте тұр.
- Биыл Маңғыстау облысында ми өлімімен 5 ықтимал донор болған. Алайда науқастың туыстары мәйіттік донор болуынан бас тартқан. Басты себептің бірі – діни наным-сенім, екіншіден, отбасылық жағдайға байланысты шешім қабылдауы. Қазіргі таңда мәйіттік донор көбейту мақсатында халыққа түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Себебі, донор болу және мәйіттік донордың мүмкіндігін пайдалану арқылы науқасқа жаңа өмір сыйлауға болады, - дейді республикалық транспланталогия орталығының Маңғыстау облысы бойынша үйлестірушісі Иляс Юсупович.
Еске салайық, облыста донорлық стационар – Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы. Науқасқа донор табылған жағдайда жақын орналасқан өңірдегі – Ақтөбе, Шымкент, Астана, Алматыдағы трансплантациялық орталықтың бірінен мамандар келеді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА