Баяғыда газетті КСРО ыдырағанша 70 жыл бойы «Газет – ұжымдық үгітші, ұжымдық насихатшы ғана емес ұжымдық ұйымдастырушы да» деп атап келді. Ал тәуелсіздік орнағасын тағы да баяғы Ахмет Байтұрсынов атамыздың «Газет халықтың – құлағы, көзі һәм тілі» деген даналық сөзі де қайта оралды. Қазір осылай аталып жүр. Қандай болып аталса да газет шын мәнінде негізінде үгітші де, насихатшы да, ұйымдастырушы да. Яғни, барлық дүниеден, әлем жаңалықтары мен күнделікті айналаңда болып жатқан оқиғалардан да халықты хабардар қылып тұратын елдің құлағы, көзі және тілі екендігі де рас. Қалың оқырман қауым шартараптағы оқиғалар мен жаңалықтарды осы газет арқылы, күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біліп отырады. Десек те, бүгінгі желден жүйрік ғаламдық өзгерістер, замануи технологиялардың қарыштап алға басуының нәтижесінде бүгінгі күнгі газет, оқырманды бүгінгі күннің талаптарына сай қамтамасыз ете ала ма, деген заңды сұрақтар кім-кімді де ойландындырып тастайтыны да шындыққа айналды. Себебі, газет – ұжымдық үгітші, ұжымдық насихатшы, ұжымдық ұйымдастырушы болу үшін ақиқатында да халықтың шынайы құлағы мен көзіне және тіліне айналуы керек. Ол үшін БАҚ қалың бұқара халықтың соңында емес, алдында жүруі тиіс. Ел Президенті мен Үкіметтінің күнделікті саясатын елге толық және мұқият түсіндіріп отырулары қажет. Ұлттық идеологияны басты нысаға айналдырып, үгіт және насихат жұмыстарын жүргізіп, елді бірлікке, татулыққа, еселі еңбек етуге үндеп отыратын нағыз ұйымдастырушыға айналуы шарт. Бірақ кейбір тұста осындай талаптарға жауап бере алмай жататын жағдайларын да естен шығаруға болмайды. Міне, осындай жағдайларға байланысты, яғни келесі жыл үшін баспасөзге жазылу бойынша Жаңаөзен қаласында қала белсенділерінің жиыны болып өтті. Онда шаһар басшысы Мақсат Ибағаров кіріспе сөз сөйлеп, қалада болып жатқан соңғы жаңалықтарды, оларды насихаттау жолындағы мерзімді баспасөздің ролі мен тиімділігін әңгімесіне арқау етті. Келесі жылдың баспасөзіне жазылу науқанына да жұртшылықты белсене қатысуға шақырды. Мұнан кейін «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директорының міндетін атқарушы Анар Шамшадинова сөзге шығып, бүгінгі, жалпы соңғы кездердегі газет-журналдарға жазылудың барысы жөнінде мәлімет берді. Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласының облыстағы деңгейі, алатын орны туралы да тілге тиек етіп, оқырмандарды газеттерге жазылуда белсенділік көрсетуге шақырды. Ардагер журналист Асылбек Айдаров шығып сөйлегенде келесі жылы Ұлы Жеңіске 75 жыл толатын жыл. Соған байланысты қаламызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері қалмаса да, олардың ұрпақтары бізбен бірге өмір сүріп жатыр. Сол үшін арнайы айдарлар ашып, осы Жеңіс туралы облыстық және қалалық газет беттерінде материалдарды тұрақты түрде беріп отырса нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, Отан соғысының ардагері, халық ақыны, осы қаланың тұрғыны Есенғали Бөкенбаевтың туғанына 2021 жылы 100 жыл болады. Соған алдағы жаңа жылдан бастап газет беттерінде насихаттап, дайындық жұмыстарын бастай беруге әбден болады, деген мәселе көтерді. Мұнан кейін «Қазпошта» АҚ Жаңаөзен бөлімшесінің жетекші маманы Маржан Рамазанова басталып жатқан жазылым науқанына байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берді. Сөйтіп қала әкімі Мақсат Оңғарбайұлы жазылым науқанына байланысты тиісті шараларды 10 қарашаға дейін аяқтауды тапсырды.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН