Құрық ауылында роботты техника және 3D модельдеу кабинеті ашылды. №1 орта мектептегі сыныптардың бірін тиісті жабдықтармен қамтамасыз ету «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен жүзеге асты. Бүгін аудан орталығына келген компания өкілдерінің және аудан басшылығының қатысуымен кабинеттің ресми ашылуы өтті. Мектеп оқушылары роботтармен жұмыс жасау бойынша үйренген машығын көрсетсе, мектеп директоры О.Шәтенов «Теңізшевройл» компаниясының демеушілеріне алғысын айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сандық экономиканың қажеттіліктері үшін білікті мамандар даярлау, бұл – еліміздің және түгелдей қоғамымыздың басты міндеттерінің бірі. Мектеп оқушыларының қызығушылығын оятатын және 3D модельдеу мен роботты техниканың негізгі дағдыларын үйретуге көмектесетін бастамаларды қолдау бізді қуантады, - деді ТШО Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев. Кәсіпорын тарихында бұл «Теңізшевройл» ЖШС мен Құрық ауылының тұрғындары арасындағы ынтымақтастың алғашқы тәжірибесі емес. Осы жылдың наурыз айында әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында кәсіпорын жергілікті мәдениет үйіне музыкалық және cахналық жабдықтар сатып алуға қолдау көрсеткен болатын. Маңғыстау облысында ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы 2018 жылдың қыркүйегінде іске қосылды және «Келешек кеңею» жобасы, «Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару» жобасы аяқталғанға дейін жүзеге асырылады. Бағдарлама Ақтау, Форт-Шевченко, Баутин, Құрық және Боранқұл ауылдарында жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысындағы бірқатар үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлік, экологиялық туризм, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жобаларды сәтті жүзеге асыруда. «Теңізшевройл» ЖШС-шикі мұнай, сұйық және құрғақ газ, сонымен бірге күкірт өндірумен және өткізумен айналысатын қазақстандық ірі компания.
Шынар КЕНДІН