Адамдардың барлығы бірдей заңнан хабардар емес, сол себепті өз құқығын қорғауға келгенде әлсіздік танытып жатады. Өмірдің кейбір сәттерінде әрқайсымыз ерте ме, кеш пе заңгерлік көмекке жүгінуге мәжбүр боламыз. Бірақ бәрінің бірдей заңгерлік қызмет үшін ақы төлейтін мүмкіндігі бола бермейді. Соның салдарынан әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылғандар санатына жататын, өмірлік қиын жайтқа тап болған жандар көп ретте өздерінің заңды құқығын қорғауда шарасыз күй кешеді. Бұл өз кезегінде адамдардың заңға деген үмітін жойып, құқықтық нигилизм тудырады, ақыр соңында халықтың билік құрылымдарына деген сеніміне селкеу түседі. Осы себепті де 2019 жылдың маусым айынан бастап Қазақстанда Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық қаржыландыруы арқылы «Eurasian Expert Council» қоғамдық қоры Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Qorgau» құқық қорғау жобасын жүзеге асыра бастады. Жобаның басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың құқықтық білім деңгейін арттыру және халықтың құқығын қорғаумен айналысатын ұлттық жүйе қалыптастыру. Маңғыстау облысында дәл осындай жеті орталық белсенді жұмыс жасауда. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санатына және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға білікті заңгерлік көмек ақысыз негізде ұсынылады. Бұл туралы 21 қазан күні Ақтау қаласында өткен семинар-тренинг барысында сөз болды. Мемлекеттік құрылымдардың азаматтық қоғам мен өзара әрекеттестігін жақсарту бағытындағы іс-шараны Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен «Eurasian Expert Council» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды. Семинар-тренингке құқық қорғау саласындағы ҮЕҰ-лар мен «Qorgau» жобасының заңгерлері, Маңғыстау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болатбек Ақшауов, полиция департаменті қалалық басқармалары мен аудандық полиция бөлімдерінің басшылары қатысты. «Тұтынушылар құқығын қорғау бойынша Маңғыстау облыстық қоғамы» ҚБ президенті Никар Рафикова өз баяндамасында тұтынушылар құқығын қорғаусаласындағы ІІД мен ҮЕҰ арасындағы өзара әрекеттестікке баса тоқталса, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара қарым-қатынасы жүйесіндегі ҚХА-ның жұмысы туралы әңгімеледі. Семинар-тренингте сондай-ақ «Маңғыстау облысының азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Жібек Ахметова, Qorgau жобасының Ақтау қаласындағы заңгері, білікті медиатор-халықаралық сала маманы Мұса Нұржанов, «Eurasian Expert Council» ҚҚ басшысы Шыңғыс Лепсібаев ойларын ортаға салды. Семинар-тренинг қорытындысынд ақатысушыларға сертификат табысталды. Қандай да болмасын қиын жағдайға тап болған Маңғыстау облысының тұрғындары да Qorgau жобасының аясында ТЕГІН заңгерлік кеңес ала алады. Ол үшін qorgau.kz сайтына кіру немесе мына мекенжайға жолығу қажет: Ақтау қ., 29-шағынаудан, 24-үй, Құқық қорғау қызметтерінің орталығы.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ