Алтын күз—егін алқаптарынан өнім жиналып, жер емген егіншілердің еңбегінің нәтижесі бағаланатын мезгіл. Егін мол жиналса, ел ризығының да мол болғаны. Бұл қуанышты жайт егінмен түпкілікті айналысатын халықтарда үлкен мереке ретінде атап өтіледі. Жақында өңірімізді мекендеген корей халқы Маңғыстау туризм колледжінде«Чхусок» дәстүрлі мерекесін атап өтті. Оған колледж мұғалімдері мен студенттері, корей этномәдени орталығының, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өңірлік штабының өкілдері қатысты. «Чосон» корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Маденова қонақтарды корей халқының мәдениетімен, салт-дәстүрімен, өнерімен таныстырды. - «Чхусок»–қыркүйек пен қазан айының ортасында тойланатын корей халқының ең атаулы мерекесі, - деді ол. Кореяда бұл мереке бес күн қатарынан тойланады. Мереке атауының мағынасына зер салсақ «чху» корей тілінен аударғанда күз, «сок»-кеш деген мағынаны білдіреді, яғни, қазақ тіліне «күзгі кеш» деп аударылады. Мейрам ежелден күзгі жиын-терім жұмыстарының аяқталуына сәйкес, ай толған кезде тойланады. Атаулы мереке арнайы жеміс-жидектердің, дәнді дақылдардың пісіп-жетілген кезіне орайластырыла өткізілетін, ырыс-берекені, еңбекті насихаттайтың думанды мереке. Мерекелік басқосу барысында жақында өткен корей кинофестивалінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосқан бірнеше жастар Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар «NURBANK» АҚ Ақтау қаласындағы филиалы корей өкілдерінің аға буындарын атаулы мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ «Чхусок» мейрамына қатысушыларға корей халқының ұлттық тағамдары мен ұлттық киімдерінің көрмесі ұсынылды. Көңілді мейрам соңыэтномәдени бірлестіктер өкілдері мен колледж оқушылары дайындаған шағын концерттік бағдарламаға ұласты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА