Қарақия ауданының Жетібай аулындағы кітапханада «Экоөнімдерді өсіру» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Ауыл әкімдігі мен мемлекеттік органдар өкілдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, сала басшылары, мұғалімдер, дәрігерлер және кәсіпкерлер қатысқан басқосуда Жетібай ауылының экологиялық ахуалы және ауыл шаруашылығын дамыту, аймақтың «жасыл экономикаға» дайындығы туралы мәселелер сөз болды. Сондай-ақ 2019 жылға арналған азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі жөнінде жасалған талдау жұмыстары және мониторинг жайы да айтылды. Бұл шара ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен халықаралық экология академиясының қолдауымен өткен болатын. Ал қаржылай қолдау «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес ұйымы тарапынан «Қазақстанның экологиялық қоры» қоғамдық бірлестігінің «Балалар және қоршаған ортаны қорғау» жобасын жүзеге асыру аясында жүзеге асып келеді. Басқосуға қатысқан Маңғыстау облыстық экология департаментінің өкілдері Ғ.Меңдіғали мен М.Құрманғалиев экологиялық реттеу бөлімінің негізгі қызметтеріне тоқталып, әсіресе Жетібай ауылында қоршаған ортаны жақсарту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды сақтау және қоғамда экологиялық тұрақтылық деңгейінде қолайлы жағдайға қол жеткізу, мемлекеттік экологиялық сараптамалар қалай жүргізілетіндігі және эмиссияға рұқсат беру тәртібі туралы әңгімеледі. Дөңгелек үстел басындағы кездесуде Жетібай ауылында таза экологиялық ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру, егіншілік және мал шаруашылықтарын одан әрі дамыту жолдары әңгіме арқауына айналды. Экоөнімдерді және тауарлардың ерекшеліктерін анықтау мәселелеріне көбірек көңіл бөлу қажеттігі, әсіресе эконөнімдер жүйесін сертификаттауды реттеу және ауылшаруашылығы қызметін экологиялық тұрғыдан жақсарту механизмдерін жетілдіру керектігі айтылды. Ал ауыл шаруашылығы саласы өз деңгейінде қолдау тауып отырса, Маңғыстау өңірінде экоөнімдер нарығы дами түсері анық.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА