Жоғарғы мемлекеттік билікте баяулап та болса қалыптасқан жүйені жаңғырту процестері жүріп жатқан қазіргі өтпелі кезеңде елдің әлеуметтік жағдайын түзеу, тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау басты мәселеге айналғаны шындық. Әділеттілікке қол жеткізу үшін саяси-әлеуметтік өзгерістерді қалайтын қоғамдағы наразылықтар күш алғанын тағы жасыра алмаймыз. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі халық пен билік арасындағы көпір қызметін атқарып, келісім мен ашық диалогті дамытады деп сенім артуда бұқара халық. Құрамы жаңартылған қоғамдық кеңестерде де халықтың үні естілсе деген үміт бар. Кешегі сәрсенбі күні өткен облыстық қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібінде қаралған бір ғана мәселе бойынша аймақ басшысы С.Трұмов облыстың әлеуметтікэкономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси жағдайы, шешімін күткен бірқатар мәселелері және алдағы жоспарлары жайында есеп берді. Құралбек Келжанов басқаратын қоғамдық кеңес отырысына қатысқан оның 29 мүшесімен қатар, облыстағы бірқатар басқармалар мен департамент басшылары, БАҚ өкілдері жиналды. Кеңес төрағасы облыс әкімінің қызметіне сәттілік тілеп, сөз кезегін ұсынды. Облыс әкімінің еркін түрде бір сағатта баяндап шыққан есебінен жиналғандар өңірдегі нақты ахуалдың жай-күйін білді, мәселелердің мәнісіне қанықты. Бұрынғы әдетте желпініп айтылатын жетістіктерден гөрі жаңа әкім түйткілді мәселелер жайына көбірек назар аударды, барды бар деп, жоқты жоқ деп ашығына көшті. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Ішкі жалпы өнімнің (3 трлн. 600 млрд. теңге) тоқсан пайызға жуығы мұнай-газ саласымен байланысты облыста өндіріс көлемі тиісті деңгейге шыға алмай отырғанын айтқан әкім, жыл аяғына дейін жағдайды түзетуге күш салатындығын жеткізді. Инвестиция тарту бойынша да нәтижелер (8 айдағы көрсеткіш – 83%) көңіл көншітпейді. «Дегенмен 9 айда оның көлемін 93%-ға жеткізетін мүмкіндіктер бар», – деді ол. Құрылыс жұмыстарының көлемі жалпы республика аймақтары бойынша алдыңғы орындарда болғанымен, былтырғы жылмен салыстырғанда қарқыны төмендеген (8 айда – 74%). Тұрғын үй құрылысы бойынша 7000-дай жаңа пәтерді пайдалануға беру міндеті тұр. Сондай-ақ облыс әкімі ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнесті құраушы кәсіпкерлік саласы, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, бюджет қаржысын қысқарту және тиімді пайдалану, ауыз су, жол салу және жөндеу, туризм, еркін экономикалық аймақ, Жаңаөзен қаласын кешенді дамыту жоспары жайында жеке-жеке тоқталып өтті. Соның ішінде ауыз су мәселесі өзекті болып тұр. МАЭК кәсіпорны (тәулігіне 50 мың текше метр) мен «Каспий» су тұшыту зауытының (20 мың текше метр) өндірген ауыз су көлемі жеткіліксіз. Биылғы жазда жаңадан ауылішілік су құбырлары тартылған Мұнайлы ауданы мен Ақшұқыр, Сайын ауылдарына су жетпей қалуы байқалды. Бұл мәселені шешу бағытында Қаражанбастан тәулігіне 17 мың текше метр су өндіретін зауыт құрылысы жүріп жатса, «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын арттыру бойынша жұмыстар қолға алына бастаған. Дегенмен жоспарда тұрған Құрықтан және Кендірліден әрқайсысы тәулігіне 50 мың текше метр су шығаратын зауыттар салу жобалары жүзеге аспайынша мәселе түбегейлі шешімін таппайтыны мәлім болды. Облыста соңғы төрт жылдан бері бюджет кірісін толықтыру деңгейі көздеген межеге жетпей келеді. Бұл өз кезегінде бюджет тапшылығын (19 млрд. теңге) туындатып, бірқатар жобалардың қысқаруына (6 млрд. теңге) себеп болуда. Республикалық бюджеттен қосымша бөлінетін 7 млрд. теңгені есептемегенде тағы сонша қаражатты қысқарту керек. Сондықтан жоспар-жобасы дайын біраз жұмыстарды бюджет тапшылығына байланысты кейінге ығыстыруға тура келеді. Әрине, одан әлеуметтік маңызы бар салалар зардап шекпейтін болады, деп нақтылады С.Трұмов. 2012–2020 жылдарға арналған Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру бойынша 45 млрд. теңге игерілген. Осы қаланың мәселесі Үкімет үйінде өткен арнайы жиында да қаралған. Тұрғындар саны 150 мыңнан асып кеткен, соның ішінде еңбекке қабілетті жастағылардың саны 77 мың адамды құрайтын қала халқын жұмыспен қамту өткір проблема болып тұр. Қала құраушы негізгі «Өзенмұнайгаз» компаниясы мен сервистік қызмет көрсетуші кәсіпорындарда 15 мың адам жұмыс істейді. Мұнай өндірісі мен басқа салалардағы жұмысшылардың жалақы мөлшерінің үлкен айырмашылығы да әлеуметтік теңсіздікті тудырады. Жағдайды жеңілдету үшін Кендірліден елді мекен салу туралы Үкіметке ұсыныс енгізіліп, Құрықтан газ өңдеу зауытын ашу, тұрғындарды жоспарлы түрде Ақтауға көшіру үшін бес жылда жаңа 10 мың пәтер салу сияқты шараларды іске асыру көзделіп отырғаны белгілі болды. Қала тұрғындарын солтүстік өңірлерге көшіру жобасының іске асуы мардымсыз: 2016 жылдан бері ол жаққа 16 отбасы көшсе, 6 отбасы кейін көшіп келген. Көшіп барушыларды қолдау үшін бір кезекті көтерме ақы мөлшерін ұлғайту, жерсінгенше жеңілдіктер қарастыру жөнінде ойұсыныстар айтылды. – «Кем-кетігіміз жоқ, жағдайдың бәрі түзу» десек қателесерміз. Сондықтан барлық жағдайды анық біліп, ашық талқылап, мәселені шешу үшін бірігіп жұмыстануымыз керек», – деп түйіндеді сөзін облыс әкімі. Кейін қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан МАЭК кәсіпорны тарифтерінің көтерілу себебін анықтау үшін халықаралық талаптарға сай қаржылық және техникалық аудит жүргізу, мемлекеттік органдардың арыз-шағымдарды қарау және қызмет көрсету сапасы, денсаулық сақтау, білім беру, экология, ауыл шаруашылығы, туризм мен инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне қатысты сауалдар қойылды. Аймақ басшысы барлық сұрақтардың нақты жауабын беріп, кейбір күрмеулі мәселелерді шешу бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ