Қарақия ауданында «Денсаулық санына жет!» ұранымен «Денсаулық фестивалі – 2019» жалпыреспубликалық шарасы өтті. Таңғы сағат 8.00-де Құрық ауылына кіре берістегі "Зәм-зәм суы" шипажайы маңына жиналған көпшілік қауым фестивальді бұқаралық марафоннан бастады. Бірнеше шақырымды жүгіріп өтіп, аудандық спорт мектебі жанындағы стадион мәресіне жеткендер қатарында аудан, ауыл басшылары, жалпы аудан тұрғындары, мемлекеттік қызметкерлер мен жастар, спортшылар мен еріктілер болды. Стадионға жиналған мыңға тарта қатысушы таңғы жаттығу жасап, көңілді спорттық флешмобқа қатысты. Ақтау қаласынан арнайы келген Зумба биінің жетекшісі Александра Максименконың бастауымен кио кушинкайдан Азия ашық кубогінің қола жүлдегерлері Гүлназ бен оның ұстазы Армандтар тұрғындарға спорттық жаттығулар жасатты. Таңғы жаттығудан кейін жиналған көпшілікті Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Б.Тұяқов құттықтап, аудан тұрғындарын бұқаралық спортқа атсалысып, салауатты өмір сүруге шақырды. Бауыржан Орынбайұлы ауданымызда өткен "Денсаулық фестиваліне" қосқан үлесі үшін Александра Максименконы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Келесі сөз кезегін алған аудандық аурухана директоры Жамал Шоланова ұлт саулығының - ұлы мұрат екенін айта келе, фестивальге белсене араласқан оқу орындарын марапаттады. Айта кетейік, фестивальді аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімі мен аудандық емхана жанындағы салауатты өмір сүру орталығы бірлесіп ұйымдастырған болатын. Осыған байланысты стадионда түрлі дәрігерлік көмек қызметі ұйымдастырылып, тұрғындардың денсаулығын қарады. «Денсаулық санына жет!» ұранымен марафоннан басталған таңғы жаттығудың соңы жеңіл атлетикадан спорттық сайыстарға ұласып, жеңімпаздар кубоктармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Шынар КЕНДІН