Қарақия ауданында ҚР Президентінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылап, алдағы міндеттерді айқындау жөнінде алқалы жиын өтті. Жиынды Қарақия ауданы әкімі Қ.Беков жүргізіп, аудандық мәслихат хатшысы А.Қ.Мееров, аудан активі мен мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудандық мемлекеттік органдар басшылары, кәсіпорындардың басшылары, құрметті азаматтар мен ардагерлер, білім және медицина саласының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жастар қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауы көтерген негізі басым бағыттары мен жалпы стратегиялық жоспарлары аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімі Қыдырберді Әндірұлы кең көлемде баяндады. Жолдауда арнайы басымдық ретінде жүзеге асуы тиіс 5 міндетті, яғни І – Заман талабына сай тиімді мемлекет. ІІ – Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. ІІІ – Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика. ІV – Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі. V – Қуатты өңірлер – қуатты ел бағытын таныстырып, осы бағытта ауданымызда атқарылуы тиіс жоспарларды айқындады. Бұдан соң әр сала өкіліне сөз кезегі берілді. Онда «Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту» мәселесі бойынша №6 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Ерлан Байғожаев, «Мәдениет саласы қызметкерлерін қолдау шаралары» тақырыбымен мәдениет саласының жас маманы Арай Қаржаубаевалар баяндама оқып, ұстаз мәртебесі үшін, мәдениет саласы қызметкерлеріне деген қамқорлығы үшін, ел Президентіне алғыс білдірді. «Шағын және орта бизнесті дамытудың маңыздылығы және берілетін жеңілдіктер» тақырыбы бойынша «Атамекен» Ұлттық палатасының Қарақия аудандық филиалы директоры Аманат Махмутов баяндай келе, кәсіпкерлікке скрининг жүргізу мәселесіне тоқталды. Айта кетейік, скрининг деген – маркетингті зерттеу. Жалпы мақсаты – кәсіпкерлер мен тұрғындардың қажеттілігін айқындау. Кәсіпкерлердің арасындағы экономикалық байланысты күшейту, экономикалық байланыс карталарын жасау. Бұл жөніндегі А.Махмутовтың ұсынысын аудан басшысы да қолдап отыр. Ал «Құқық қорғау саласындағы реформалар» тақырыбы бойынша аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Асхат Дүйсенғалиев бұл сала бойынша биылғы Жолдауда көрсетілген басымдықтардан туындайтын міндеттерге тоқталды. Спикерлер Жолдауға қатысты озық ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты. Жиынды аудан басшысы Қыдырберді Әндірұлы қорытындылай келе, барша қарақиялықтарды Жолдау жүктеген міндеттерді бірге, жұмыла атқаруға шақырды.
Шынар КЕНДІН