Маңғыстау облысының Қоғамдық кеңесі бүгінгі таңда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіре түсуде билік органдары қызметінің сапалы орындалысына, ашықтық әрі сабақтастық қағидатының қатаң сақталуына, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына бақылау орнатуды жүзеге асырып келеді. Қоғамдық кеңес отырыстары облыс аумағында орын алған өзекті мәселелерді ортақ талқыға салып, байыппен сараланған нақты шешімдер мен ұсыныстарды құзырлы органдарға жолдайды. Осылайша қоғамда күйіп тұрған мәселелерге билік назарын аударып, олардың өз шешімін табуына септеседі. Маңғыстау облысының Қоғамдық кеңесінің қызметі мен міндеті жайлы аталған кеңес төрағасы Келжанов Құралбек Қошкелдіұлымен сұхбаттасу сәті түскен еді. «Халық пен билік арасындағы байланысты нығайту, ортақ мәселе төңірегінде ой саралау бүгінгі күннің жаңалығы емес. Ол сонау хандық дәуірден арқауы үзілмей келе жатқан дәстүр. Халық үніне құлақ асу үшін алдын-ала даярланған залға емес, ел ішіне бару керек. Әдемі сөз бен құрғақ уәделердің заманы өтті. Қоғамдық кеңес қалың қауымға ықпалы тиер ең күрделі мәселелерді көтереді. Оны жан-жақты талқылайды. Облыс әкімінің назарына тастайды. Одан кейінгі мәселенің шешімі қандай болмақ?! Әңгіменің өзегі осы. Сол себепті қоғамдық кеңес құр-бос даурықпа сөзге емес, нақты бір іске негізделуі тиіс. Халыққа ең керегі – әділеттілік. Адам кедейлікті көтереді, бірақ әділетсіздікке бейжай қарауы мүмкін емес. Елдің дүрлігуіне себепкер де қоғамның әр алуан саласында орын алып жатырған әділетсіздіктер. Менің өмірден түйгенім шынайы әділетті қоғам орнату ғана елді өркениет биігіне жетіре алады. Мен төрағалық еткен мерзімде Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің отырыстарында жұмыссыздық, денсаулық сақтау, білім беру, бизнес секторды дамыту, жастар саясаты жөнінде әр алуан өзекті мәселелер талқыланды. Әрине, ең алдымен денсаулық сақтау саласын жетілдіре түсу, қызмет көрсету сапасын арттыру, жемқорлық фактілерін жою мәселелері аса маңызды. Дені сау ұрпақ салауатты ұлт келешегі екенін естен шығармауға тиіспіз. Бұдан соң білім беру жүйесін жаңғыртуға қатысты туындаған түйіткілді мәселелер өте көп. Бәсекеге қабілетті, озық білім беру стандартын қалыптастыруға тырысып баққанымызбен көптеген олқылықтардың орын алуына жол бердік. Қоғамдағы мұғалімнің бедел-мәртебесінің төмендеуіне де өзіміз кінәліміз. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарының қызметіне деген халық сенімін қалыптастыру мәселесі – соңғы уақытта ел арасында үздіксіз талқыға ұласып жүр. Полиция қызметкерлерінің өз міндетін тиянақты, аса жауапкершілікпен атқара білуі қоғамның жіті назарында жүрген үлкен мәселе», - дейді Қ.Келжанов. Құралбек Қошкелдіұлы Қоғамдық кеңес қызметін ұйымдастыру, оның материалдық-техникалық базасын жасақтау, қаржыландыру тетіктерін жүйелі іске қосуда заңнама мазмұнындағы қарама-қайшылықтар жөнінде де сөз қозғады. «Облыстағы Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыруда шикілік пен шалағайлық орын алып жатады. Кейде Үкіметтің аталған кеңесті құрудағы мақсаты не деген сауал біздің тараптан да туындайды. Әлі күнге дейін кеңес қызметі бір ізге, бір ретке түсіп, жүйелене қойған жоқ. Бұл шындық. Халықтың уәкілін халық сайлауы керек. Әр аудан, ауыл-аймақ, не елді мекеннен сол жердің тыныс-тірлігімен етене таныс, халықтың тұрмысындағы ең түйіткілді мәселелерден толықтай хабардар тұлға кеңеске мүше болғаны абзал. Ол әрине мәселені көтеріп қана қоймай, сол мәселені шешу жолдарын да ұсынуы тиіс», - деді өз сөзінде Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қ.Келжанов. Ұлттық сенім кеңесі құрылғалы екі айдың жүзі толды. Халық қалаулылары, қоғам белсенділері, партия мен БАҚ өкілдері енген кеңес құрамы айқындалып, арнайы ережесі жасақталған Қаулы бекітілді де. Ұлттық сенім кеңесі қоғам мен билік аражігін нығайта түсер алтын көпір болмақ. Ұлттық кеңес ұлттық-мемлекеттік мүдде төңірегіндегі түйіткілді мәселелер, қоғам өмірінде орын алған өзекті оқиғалар, халық әл-ауқаты мен тұрмыстық деңгейіне қатысты күрмеулі жайттар жан-жақты қызу талқыға түсетін ашық диалог алаңы рөлін ойнайды. Баспасөз бен телевизияда жаңа ұйым жайлы әр алуан пікір, ой-көзқарас жария етілді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі бой көтергелі елміздің түкпір-түкіпірінде төрт жылға жуық қызмет етіп келе жатқан барлық билік деңгейіндегі қоғамдық кеңестердің рөлі қандай болмақ деген сауал туындағаны рас. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жайлы Құралбек Қошкелдіұлының ой-пікіріне құлақ түрген едік. «Қоғамдық кеңес өз қызметін әрі қарай жалғастыра береді. Десек те алдағы уақытта Ұлттық сенім кеңесінің қызметі мен құрамы қалай өзгеріп, түрленетіні белгісіз. Мүмкін облыстардағы Қоғамдық кеңес ұжымдарын таратып, Ұлттық сенім кеңесінің өңірлік бөлімшелері қызмет етеме ол жағы да беймәлім. Немесе қоғамдық кеңесте көтерілген ең өзекті елдік мәселелер Ұлттық сенім кеңесіне жолданып, жұдырықтай жұмылып бірлесе қызмет етуге бет бұрамыз. Бұның нақты жауабы келер күннің еншісіне тиесілі екендігін айтып өткен жөн. Жуырда облыс әкімінің жеке қабылдауында болдым. С.Трұмов осы елдің азаматы. Өңірдің ахуалын бес саусағындай біледі. Жергілікті атқарушы билік өкілдері Қоғамдық кеңеспен тізе қосып, өңір аумағында көп жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді шешуге жұмыстанатынын жеткізді. Әрине, сын айтамыз деп кейде мін тағатын кездер болады. Сын садағына іліккен солқылдақ тұстар сол күйі тұралап қалмай, оңалуы үшін білікті маман, тәжірибелі қызметкерлермен кеңесе отырып, құзырлы органдарға бағыт-бағдар беруден кенде қалып жатқанымыз жоқ», - дейді Құралбек Қошкелдіұлы. Маңғыстау облысының Қоғамдық кеңесіне 2019 жылға дейін Сайын Қырымқұлов төрағалық еткені мәлім. Ол кезеңде де көптеген мәселелердің бас шалынды. Десекте бірен-сараны болмаса, әліге дейін түйіні тарқамаған түйіткілді мәселелер өз уақытын күтіп жатқанына біраз болды. Құралбек Қошкелдіұлымен әңгіме барысында осы жайлы және Қоғамдық кеңес қызметіндегі сабақтастық қағидаты жөнінде аз-кем сұхбат құрдық. «Қазіргі таңда мемлекеттік басқару жүйесіндегі сабақтастыққа аса мән беріліп келеді. Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының өзі сабақтастық принципіне негізделген. Қоғамдық кеңесте көтерілген кез келген мәселенің өз шешімін табуын жіті қадағалаймыз. Бір істі аяғына жеткізбей, ұмыт қалдырып, назарды өзге мәселе арнасына бұруға әрине жол бермейміз. Біраз мерзім өтсе де, шешімі табылмаған мәселелерге қайта айналып соғамыз», - дейді Маңғыстау облысының Қоғамдық кеңес төрағасы. Сұхбат соңында Құралбек аға Қоғамдық кеңес қызметі алдағы уақытта жандана түсетіндігін, ал ол үшін ұлтжанды азаматтар ортақ мүдде және ортақ идея төңірегінде топтасып, әділ әрі адал қызмет етуі тиістігін тілге тиек етті.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ