«Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы туралы аудандық мәслихат депутаттарының онлайн режимдегі дөңгелек үстелі болып өтті. Президент Жолдауын халыққа насихаттау мен түсіндіруді алға тартқан дөңгелек үстелге қатысқан халық қалаулылары алдымен ҚР Президентінің Жолдауын талқылады. Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы Айкүміс Досанова: - Жолдаудың аталуынан-ақ көрініп тұрғандай, Президент Қазақстанның алға қарай өркендеуі үшін тұрақтылықтың маңыздылығына ерекше мән берді. Тұрақтылыққа жетудің жолы – қоғамдағы барлық топтар арасындағы сындарлы диалог. Ел үшін қандай маңызды мәселе болса да айқай-шумен, ұрыс-керіспен емес, үстел басындағы салқынқанды келіссөздер деңгейінде талқыланып, шешілуі керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы – қоғамды мазалап отырған, мазалайтын бүгінгі және келешек өзекті мәселелердің көпке ұнамды, жедел, тиімді жолын табуға ұмтылудың көрінісі. ҰҚСК қоғамдық диалогтың жаңа замандық үлгісін көрсетеді деп есептеймін. Қазіргі жағдайда халықтың білім деңгейі, кәсіби тәжірибесі мен тұрмысы әркелкі. Азаматтар өз ойларын ашық айта бастады. Пікірлер де әркелкі. Бұл жерде бір нәрсені ескеруіміз керек. Кейде біз әртүрлі деңгейдегі саясаткерлердің пікірлерін, ол пікірдің айтылуына әкелетін жағдайды ескерместен олардың әңгімелерін сан-саққа жүгіртіп жатамыз. Өз пікірімізді сарапқа салмастан жарыққа шығарып жібереміз. Бұл қоғамда түсінбестіктер туғызады. Қоғамның тыныштығын бұзу үшін пікірді әдейі бұрмалау да болып тұрады. Осының бәрі тұрақтылықтың іргесін шайқайды. Егер тұрақтылық жиі бұзылып, әр топ өз мүддесіне басымдық беріп, халық заңға, қаржыға негізделмеген талаптар қойып, келісім жасалмаса, ол текетірестерге әкеліп, мұның ақыры елді ең басты құндылығы – мемлекеттігінен айрылып қалуға әкелуі ғажап емес. Сондықтан нағыз патриоттар халықтың алдында дандайсымай не құрғақ популизммен айналыспай, өскелең қауіп-қатер алдында ұлттың бірлігі туралы ойлауы керек. Мен Президент Жолдауынан халық алдындағы жауапкершілікті сезіну мен келешек үшін алаңдаушылықты сезіндім, - деп сөз бастаса, депутат Рүстем Рысмұхамбетов: - Қоғамда өрістеп кеткен жемқорлық еліміздің даму жолына тұсау болып тұр. Осы орайда коррупцияға жол бермеу үшін басшылардың жауапкершілігін қарау заңдастырылатын болады. Әсіресе, экономикаға шетелдік инвестиция тартуда біріккен жобаларды алдын ала сараптамадан өткізу қажет деп есептеймін. Қандай да жаңа жұмыс азаматтардың өмірі мен денсаулығына, табиғатқа зиянын тигізбеуі керек. Кейбір атқарылған жобалардың ақырында құмға сіңген судай із-түзсіз жоғалып кетуі не жұмсалған қаржының халыққа қызмет етпеуі көпшіліктің қызмет басындағыларға сенімсіздігін туғызып жүр. Басқарушылар мен халық арасындағы сенімді қалпына келтіру оңай жұмыс емес. Бірақ саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар елдің тұрақтылығын сақтау үшін осы сенімнің орнауына бірігіп жұмыс істейді деп сенемін. Президент Жолдауында Қазақстан экономикасын әртараптандыру, шикізат өндірумен айналыса бермей, өнім өндіруге жол ашу, ірі зауыттар мен фабрикалар салмағанның өзінде ең қарапайым заттар экономикасын дамытуға баса көңіл аударылған. Әсіресе, шағын кәсіпкерлікті тексеруге үш жылға мораторий жариялау мен шағын кәсіпкерлерді 2020 жылдан бастап үш жылға салықтан босату – батыл қадам. Елімізде бизнесті қолдауға Ұлттық қордан 100 миллиард теңге бөлінбек. Бұл жаңа компаниялардың ашылуына, жұмыссыздықтың жойылуына, халықтың күй жағдайын жақсартуға себепші болады, - деді. - Жолдауда ескірген тұрғын үйлерді жаңғырту, яғни модернизациялау туралы айтылған. Өте дұрыс мәселе. Біздің Форт-Шевченко, Баутин, Аташ елді мекендерінде ертеректе салынып, әлі қолданыста тұрған 13 екі қабатты үйлер бар. Оларда жүзден астам отбасылар тұрып жатыр. Бұл үйлердің шатырларын, коммуникация жүйелерін жөндеп, іші-сыртының сылағын жаңарту керек. Бұрынырақта бір екі қабатты үй жөндеуден өткен. Осы жұмысты аудан бойынша іске асыру жоспарына қосуды ұсынамын, - деп тоқталған Демеген Садықов аудан тұрғындарын алаңдатып отырған ең бірінші баспана мәселесін сөзге алды. «Мұғалімдер мәртебесі» туралы заң жайында да аз айтылып жатқан жоқ. Бастаманың өзі де Президент Қ.Тоқаев тарапынан көтеріліп, Жолдауында да нақты тапсырмалар ретінде жүктелген болатын. Бұл тұрғыда аудандық мәслихат депутататы Айна Берішбаева: - Жаңа жылға «Мұғалімдер мәртебесі» туралы заңмен кіргелі отырмыз. Заңды іске асыру алдымен мұғалімдердің өзіне байланысты. Мұғалім мәртебесін мұғалім ғана көтереді. Заң тек себепші болады. Президент Жолдауындағы дарынды балалармен жұмыс, тіл үйрету, ана тілімізді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, жастардың мектеп қабырғасында жүріп мамандық таңдауына жәрдемдесу туралы ұстанымдарын қолдаймыз, - деп өз қолдауын қуана жеткізді. Үкіметтік бақылау, ойламаған жерден болатын апаттардың алдын алудағы дайындық сынды күрмеулі мәселелер жөнінде депутат Айтқали Төлеумағанбетов: – Жолдауда ішкі істер қызметкерлерінің, азаматтық қорғаныс саласының, ел әскерінің имиджін көтеру, олардың жалақысын жақсартып, жаңа замандық құралдармен жабдықтауды да айтқан. Расында да кейінгі кездерде ойламаған жерден болатын апаттар көбейіп кетті. Мұндай апаттар кей жағдайларда адамдардың өз міндеттеріне жауапсыз қарауынан да туындап отыр. Әрине, апатқа кінәлілер жазаланып жатыр. Бірақ жапа шеккен қарапайым азаматтардың моральдық шығындарын кім толтырады?! Сондықтан апаттың соңынан оның зардаптарын жоюмен айналысқаннан бұрын апатты болдырмау шараларын алу керек. Жолдау бұл саланы да ретке келтіреді деп ойлаймын. Тауарлар мен қызмет көрсетулер бағаларын орынсыз көтеруге Үкіметтік бақылау болуы дұрыс. Қазір ауданымызда 3 спорт кешені, 10 мектеп жанындағы спорт залдары, 14 ашық спорт алаңдары бар. Олар бұқаралық спортты жақсартуға пайдаланылуы керек, – деді. - Президент суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін 3 миллион гектарға ұлғайтуды тапсырды. Біздің ауданның жерінде де суармалы алқаптар бар. Егіншілермен кездесіп, оларды қинап жүрген проблемаларды шешуіміз керек деп ойлаймын. Жанынан газ құбыры өтіп жатса да Сәубет алқабында газ жоқ. Газдың келуі жылыжайлар салуға, адамдардың егіншілікпен жыл бойына айналысуына жол ашады. Өз керегімізді өзіміз өсіретін боламыз. Су көзін үнемді пайдалансақ, біздің жерімізден шықпайтын жеміс- жидек жоқ. Жер – анамыз. Жер – тек бүгінгі ұрпақ емес, келешектегі тұрғындардың да меншігі, - деген депутат Бүркітбай Қонақбаев, оны сақтау, дұрыс пайдалану – маңызды мәселе екенін жеткізді. Сонымен қатар «Президенттің туризмді дамыту туралы тапсырмалары біздің өңірде осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға себепші болады» деген пікірін білдірген депутат Бақтыгерей Төлешов бұрыннан қозғалып жүрген мәселе - Таушық пен Форт арасындағы жолды асфальттау жайын да айтып өтті. «Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мәдениет саласына көңіл бөлуді жақсарту, қызметкерлердің жалақысын көтеру туралы айтқандарын мәдениет пен өнер қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жасалған үлкен қамқорлық деп қабылдадық. Бұл шешім іске асар болса, саланы жаңғыртуға, жас мамандармен қамтуға, жаңа ұжымдар ашуға, халықты көркемөнерпаздықпен айналысуға көптеп тартуға, бір сөзбен айтқанда, Президент Жолдауын іске асыру үшін құлшыныспен жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Елімізді өркендетіп, дамытуды мәдениеттен тыс қарай алмаймыз. Қазақстанды мәдениеті өркендеген, әлемге танымал елге айналдыру – бір адамның емес, көптің ісі. Танымал тұлғалар біздің мәдени ошақтарымыз, елді мекендеріміз сияқты шағын ортада да тууы мүмкін. Ол үшін таланттарды танып, оларға музыкалық білім беріп, шеберліктерін шыңдау бағытында түрлі деңгейдегі жарыстарға қатыстырып, білікті мамандардың кеңестерін алып отыруымыз керек. Алда Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойы бар. Ұлы Абайдың, ғұлама Әл-Фарабидің атаулы мерекелеріне үлес қосамыз» деген Мәнет Шырақбай дөңгелек үстел жиынында пікір білдірді. Мемлекеттік сатып алулар үдерісін ретке келтіріп, олардан үнемделген қаржыны әлеуметтік мәселелерді шешуге, елді мекендерде тұрғындарға қажетті бұрыштарды жасауға бағыттауды ұсынатынын жеткізген Қуаныш Озғамбаевтың сөздерінен соң Ақшұқыр ауылы атынан сайланған халық қалаулысы Амантай Нәбиев: - Президент Жолдауын ел игілігіне айналдыруға барлығыңызды бір кісідей жұмылуға шақырамын. Жолдауда халықтың көтеріп жүрген өзекті мәселелері түгелге жуық қамтылған. Алдағы жылы міндетті медициналық сақтандыруға өтеміз. Бұл дәрігерлік көмектің қолжетімділігін жақсартады. Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қомақты қаржы бөлініп отыр. Сайын ауылындағы емхананы кеңейту назардан тыс қалмаса екен. Мәселе – кадр тапшылығын жою. Білімді мамандарды баспанамен қамту үшін Ақшұқыр мен Сайыннан мамандарға арналған үй салынса деген ұсынысым бар. Көп балалы отбасыларына бір жолғы көмек емес, арнайы әлеуметтік пакет әзірленетіні – жақсы хабар. Бірақ көмекті ала отырып, азаматтар бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталануы тиіс. Көмек алдымен жұмыс істейтін, бірақ табысы аз отбасыларына берілгені жөн. Мұның мәні баланы еңбекке үйретуге жол ашады. Бала еңбек дағдысын ата-анасынан үйренуі керек. Бала көргенінен үлгі алады. Жұмыссыздықты азайту үшін барлық шараларды алуға тиіспіз, - деп қорытты. Дөңгелек үстелде халық қалаулылары көтерген мәселелер Жолдау көтерген жүкте екені белгілі. Жолдаудың халыққа игілікпен жетуін, жүзеге асуына жұмысты жандандыруды тапсырып тарқасқан жиын енді іс жүзінде сараланбақ.
Өз тілшімізден