Ақтау қаласының 56 жылдығына орай Жастар үйі ғимаратында мерекелік концерт өтті. Оған қаладағы жоғары, техникалық және кәсіптік оқу орындарының ұстаздары мен студенттері қатысты. Ақтау қаласы әкімдігіне қарасты, қалалық қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен өткен концертте ақмаржан қаламыз Ақтаудың көрікті жерлерін, зәулім ғимараттарын,көз тартар тамаша табиғатын, ескерткіштерін паш ететін видео үзіктер көрсетілді. Ақтау қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Меруерт Сұлтанбаева көрермендерді қала күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. – Құрметті жастар! Баршаңызды қаламыздың мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жоғары жетістіктерге жетіп, қаламыздың қарыштап дамуына сүбелі үлес қосып жүре беріңіздер! Еліміздің елеулі азаматы болыңыздар! Ойға алған игі бастамаларыңызға ақ жол тілеймін. Келешектеріңіз кемел, болашақтарыңыз жарқын болсын! Сұлу қаламыз көркейіп, өсе берсін! – деді ол. Мерекелік концертте суретшілер байқауының қорытындысы шығып, жеңімпаздар марапатталды. Бірінші орынды Нұрдәулет Тойлыбайұлы иеленсе, екінші орын Әлия Құттымұратоваға, үшінші орын Жансая Қонысбайға бұйырды. Жеңімпаздар дипломдар мен сыйлықтарға ие болып, естелік суретке түсті. Мерекелік концертте жергілікті өнерпаздар қала күніне арнап ән-жырдан шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ханым ҚУАТ