Әбіш ағаның мерей тойлары шындығында 60 жасқа толғанында ғана атап өтіле бастады. Ал 50 жасында республика да, облысымыз да үнсіз қалған. Маңғышлақ облысы өзіне енші берген Гурьев облысына қайта қосылып, аласапыран болып жатқан кез болатын. Баяғыда жергілікті маңыздылық аясынан шығып, әлемдік дәрежелік атақтарға ие болып кеткен адамға кішкентай екі облыстың қосылуы кедергі болмаса керек еді. Әрірек үңілсек бұл өлкелер бұрыннан бір-бірімен ішек-қарындары араласып кеткен бір өлке саналатын. Тек облыстық «Коммунистік еңбек» газеті, сосын кейбір аудандық газеттер (Маңғыстау, Бейнеу) ғана арнайы мақалалар жариялаған. Ал жазушының 60 жылдығының Ақтау қаласындағы мерей тойының қалай дүркіреп өткені менің күнделігіме былайша түсіпті. Сол шақты, яғни бұдан бірнеше (жиырма) жыл бұрынғыны қайта бір еске салудың еш әбестігі болмас. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбайұлының 60 жасқа толған мерейтойы облыс орталығы Ақтау қаласында бар сән-салтанатымен атап өтілді, – деп бастаппын. – Бейнеулік бір топ делегация 1999 жылғы 6 желтоқсан күні таңертең пойыздан түскен бойда жазушының 12 томдық толық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсіміне үлгердік. Тұсаукесер Абай атындағы мәдениет сарайында өтті. Рәсімді облыс әкімі Ләззат Кетебайұлы Қиынов ашып, құттықтау сөз сөйледі. Бұл он екі томдық жинақты Алматыдағы «Өлке» баспасы екі айдың ішінде шығарып үлгеріпті. Баспа директоры Мереке Құлкеновтің айтуынша Әбекеңнің баспаға әзірлеген толық жинағының көлемі 15-16 томға жұқпай кетеді екен, алдын ала жоспарланған он екі томға сыйғызу үшін біраз дүниелерді іріктеуге, сұрыптауға тура келіпті. Бұдан өзге «Арыс» баспасынан ақын Әбекеңнің «Дүниеғапыл» атты өлеңдер жинағы жарық көріпті. Шындығында, Әбіш ағамыз 22 жасында «Алтын шуақ» атты алғашқы өлеңдер жинағымен әдебиет табалдырығын ақын болып аттаған ғой. Демек, Әбекең «Алтын шуақ» пен «Дүниеғапылдың» арасындағы 40 жыл ішінде қарасөздің қаймағын қалқып, әлемнің озық ойлы адамзатының таңдайын қақтырған шедеврлерді дүниеге әкелді. «Әбіш әлемі» атты ғылыми-практикалық конференция сағат 15.00-де басталды. Маңғыстаулықтар Әбекеңді орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтаумен қарсы алды. Әбіш ағаның шашбауын көтерісуге бірге келгендер осал жандар болмай шықты. Әбдіжәміл, Зейнолла Қабдолов, Манаш Қозыбаев, Нұрлан Оразалин, Мереке Құлкенов, Марал Сқақбаев, Төлен Әбдіков, Есенғали Раушанов, Темірхан Медетбеков, Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрлан Өнербаев, т.б. бұлардың бәрі – Қазақ елінің әдебиетінің, ғылымының, мәдениетінің мақтаныштары. Конференцияны облыс әкімі Л.Қиынов ашып, жүргізіп отырды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сақып Керелбаев тартымды баяндама жасады. Баяндамадан кейін сөз алғандар заңғар жазушының өзіндік ерекшеліктерін ашып, көрсетіп берді. Әсіресе үш ақсақал – Әбдіжәмілдің, Манаштың, Зейнолланың сөздері залда отырғандарды тебірентіп жіберді. - Мен өз шәкірттерім арасындағы қағылез қара баланың көзінен бірде тұнып тұрған ақыл көрдім, – деді өз сөзінде З.Қабдолов ағамыз. – Ол лекция оқып тұрған ұстазын сынап, мінеп отырғандай болып сезілді. Оның жанарындағы ақылдан жүрексіндім. Осыны кейін Мұхтар Әуезовке айттым. Сонда «Ә ә, қалай дедің? Көзінде ақыл тұнып тұр дедің бе? Дұрыс айтасың, ақыл тұнып тұрады» – деп Мұхаң ризашылық ықыласпен таңданған. Тағы бірде орыстың бір көрнекті ақынына әңгіме үстінде Әбіш жөнінде айтып «У Абиша волоси поют» дегенім есімде. Сонда әлгі ақынның «осы сөзіңді маған сат, Зейнолла» – деп жалынғаны. Расында да Каспий теңізінің толқындары тәрізденген бала Әбіштің қара бұйра шашы үнемі қимыл-қозғалыста, ән салып тұрғандай болып көрінетін. Зейнекең осылай залды бір сілкіндіріп алды. Шаш демекші. Осы жолдардың авторы – менің есіме шаш туралы екі оқиға түсіп отыр. Бірі ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түсіп, алғаш рет Зейнолла ағаның алдында «зачет» тапсырып отырғанда маған оқыстан «шығармашылықпен айналыспайсың ба?» дегені. Мен «иә, аздап өлең жазамын» дедім. Ол «бәсе, шашың шығармашылық адамдарына ұқсайды» дегені. Мүмкін ұлағатты ұстаз сол кезде студент Әбішті есіне түсірген болар. Шығармашылығым әнебір айтқандай болмағанмен, сол кезде шашымның әрі қара, әрі толқынданып тұратын бұйралығы жөнінен ешкімге дес бермейтінмін. Тіпті «шіркін, сенің бұйра шашыңды маған берсе ғой» деп кластас қыздарым жөніме жүргізбейтін. Әбіш аға сайлаушылармен кездесу кездерінде Сам құмын аралап жүріп «Омар – Тұр» сәулетті кесенесін тамашалап тұрып: «Әй, шашы өзіне бағынбайтын жігіт, – деді күздің салқын желімен дудырап, қопыраңқырап өз еркіне жайылыңқырап кеткен менің басыма қарап. – Бір кезде менде де сенің мынау қап-қара бұйра шашыңдай шаш болған-ды. Жас кезім есіме түсіп, бұйра шашыңа қызығып тұрғаным...». Тағы бірде жанындағы жолдастарына қарап: «Айтуар екеумізді қаққан бір перінің салқыны ғой. Сондықтан да біз қолымызға қалам ұстап жүрміз...» дегені. Осы екі эпизодтағы Әбекеңнің аузынан шыққан әзілі аралас екі сөзінен рухани туыстықты білдіретін ағаның ініге деген ыстық ықыласын шынайы сезініп бір марқайып қалғанмын. Аракідік «айналайын» деген сөзді де қосып қоятын. Кейін әлгі эпизодтарды мен өлең жолдарына айналдырғанмын. ...Ғылыми-практикалық конференцияда тіл безеген шешендер қағазға қарап та, қарамай да ой-пікірлерін ағын судай сапырып Әбекеңді аспан әлеміне шарықтатып жатқанда, залдан бір әже сөз сұрап мінбеге көтерілді. Көтерілді де ағамызды жерге түсіріп, қарапайым пенде қыла қойды. – Қарағым Әбіш! – деді әлгі әже. – Мен сенің анаң Айсәулемен бірге өстім. Таушықта көрші отырдық. Көмір шахтасына бірге түстік. Соғыс кезі болатын. Сен үш жаста едің. Әкең соғысқа кетіп, оралмады. Айсәуле екеуміз жетімдік пен жесірлік зардабын бірге тарттық. Талай көз жасымызды көл қылып отырып сырласқанбыз. Сол үш жасар ұл бүгін елімізді аузына қаратқан абзал азамат болыпты. Мерейтойың құтты болсын. Алпысқа келсең де менің баламсың. Бидай дәнінен шашу шашамын. Дән шашқан – жақсы ырым. Ол ертең ел ырзығы болып өсіп шығады... Неткен ғажап сөз еді. Қарапайым ана сөзімен ғана өзіне дейінгі «зергерлердің» пысын баспағанмен іштеріне орамды ой тастап қана қоймай, тағы бір халқымның даналық дәстүрін көрсетті. Әлгі әже төралқада отырғандардың үстіне ешкімнен қымсынбай уысындағы дәнді үсті-үстіне шашты. Осы сәтте Әбіш аға орнынан тұрып барып, кейуана ананың маңдайынан сүйген. Міне, бұл – елдің, жер-ананың өз перзентіне деген махаббаты мен сағынышының жарқын көріністерінің бірі еді... Әбекең өз сөзінде бүгін таңертең ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Токиодан телефон соғып, құттықтағанын, маңғыстаулықтарға өзінің ыстық сәлемін жеткізуді өтінгенін айта келіп, облыс әкімі Ләззат Кетебайұлының да осы сәтте 50 жасқа толып отырғанын айтып, оған Елбасымыздың құттықтау хатын табыс еткен еді... Тарих деген – осы. Оның жарқын тұсын да, көлеңкелі сәтін де анда-санда жаңғыртып, айтып қоймаса жадымыздан шығып қалады.
Айтуар ӨТЕГЕНОВ