Келін – отбасының шырақшысы, шаңырақтың ұйытқысы мен берекесі, әрбір жанұяға шаттығымен кіретін жан. Түз адамы деп есептелетін ерлердің ісі – ел, ауыл-үй, шаруашылық қамы болса, әйел затының міндеті сырттай қарағанда «от басы, ошақ қасы» секілді қарапайым көрінгенімен, нақтырақ зер салсақ, үй ішінің шаруасымен айналасып, бала-шағаны бағып-қағу, өсіру, ағайын, жұрттың береке-бірлігіне ұйтқы болу сияқты ең бір маңызды істер әйелге жүктеледі. Әр шаңырақтың тұрмыс-тіршілігі, хал-ахуалы да осы үйдегі ақ жаулықты анамен тығыз байланысты болатыны ұлтымызға тән құндылық деуге болады. Осыған орай қазақ отбасындағы келіннің алатын орнын ұғындыру және келінге, болашақ анаға деген сыйластықты ояту, бүгінгі заманауи келіндер арасында салт-дәстүрімізді ұстану деңгейін анықтау мақсатында жуырда аудандық мәдениет үйінің фойесінде "Заңғар асу" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік мекемесі тапсырысы аясында "Үлгілі келін - 2019" байқауы өтті. Сайыстың мақсаты отбасындағы келіннің рөлі, қазақ келінінің бойынан табылу керек асыл қасиеттерді жастарға үлгі ету, жас келіннің отбасы мүшелеріне деген сыйластығын арттыру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін қазақ келіндерінің қасиетін дәріптеу болды. Жармыш, Шетпе, Шайыр ауылдарынан жоғары дайындықпен келген қатысушылар жарыстың көркін аша түсті. Қазіргі қоғамдағы қазақ келінінің образы бөлімінде өз шеберліктерін көрсете білсе, баланы бесікке бөлеу, ағаш үй бөліктерін таныстыру, ұршық иіру, қазақтың ырым-тиымдарына байланысты қойылған сұрақтарға жауап беру секілді бөлімдерде қатысушылар өз белсенділіктерімен көпшіліктің көңілінен шыға білді. Жарыс қорытындысы бойынша Бас жүлдені Жармыш ауылының тұрғыны Ардақ Рзабекова алса, 1-орынды Шетпе ауылының тұрғыны Марина Жебеқызы жеңіп алды. Сайыс соңында ауылымыздың ақ жаулықты аналары жас келіндерге өздерінің өнегелі әңгімелерін айтып, ақыл-кеңестерін берді. Сонымен қатар сайыс барысында "Жас проджект" жастар корпусын дамыту жобасы аясында ауданымыздан жеңімпаз атанған қатысушылардың өнімдері көрме ретінде ұйымдастырылып, жастардың іскерлігіне қатысушылар сүйсіне қарады. Жарысты ұйымдастырушы "Заңғар асу" қоғамдық қорының директоры Аққалам Дүйсембаева қорытынды сөз сөйлеп, қатысушыларға алғысын білдірді. Барлық жарысқа қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Өз тілшіміз