Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай Абай мәдениет-демалыс кешенінде «Алты Алаштың – үркері» атты жас ақындар айтысы өтті. Көмейіне жыр толтырып, сөзден маржан терген айтыскер ақындар Әбіш шығармашылығы мен ізгі жолын тақырыпқа арқау етті.
Сөз жүйрігін саралайтын додаға Маңғыстау облысының түкпір-түкпірінен келген жас айтыскерлер бақ сынады. Олар жазушының дара жолын көпке ұсынып, қоғамдағы өзекті мәселелерді тілге тиек етті.
Аламан айтыста сазгер, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, «Маңғыстау әзілдері» кітабының авторы Ерекен Қорабаев, журналист Алмас Алтай, облысқа белгілі айтыскер ақындар Фархад Мұсаев, Райымбек Түзелов, республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы Шалқарбай Ізбасаров баға берді.
Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлде оралдық ақын Мұрадым Мирлановқа бұйырса, жетібайлық ақын Азамат Орынбасаров 1-орынды қанжығасына байлады. 2-орынды Қызылтөбе ауылынан келген Зейнетулла Қосымбаев иеленсе, ақтаулық ақын Рамазан Тезекбаев 3-орын алды. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА