Құрықтағы «Ынтымақ» алаңында Ресейдің Астрахань облысындағы Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы ұлттық мәдени орталық пен Қарақия ауданы өнерпаздарының бірлескен концерті өтті. Биыл XXIV рет өтіп жатқан халықаралық әкім кубогі турнирінің аясында өткен кеш шымылдығын ауданымыздың белгілі әншісі Дәурен Оспан «Қазақ елім» әнімен ашып, Астраханьдық «Сарыарқа» этно-фольклорлық ансамблі жалғастырды. Құрманғазының күйлері мен қазақ әуендерінің жиынтық сазын орындаған топтың әуені бөлек, мақамы өзгеше. Шетте жүргенімен ұлттық салт-санадан шетін қалмаған қандастарымыздың ортасында қыл қобызды қазақша сайратқан орыс қызыда болды. Осылайша екі ел өнерпаздары алма-кезек сахнаға көтеріліп, ел-жұртқа тамаша кеш сыйлады. Кеш соңында сахна төріне көтерілген Астрахань облыстық Қ.Сағырбаев атындағы ұлттық мәдениет орталығының директоры Аманкелді Әбуғазиев Қарақия халқына Астраханьдағы ағайынның ақ сәлемін жеткізді. - Жыл сайын Қарақия ауданында бірнеше мемлекеттің және қазақстандық аймақтардың спортшылары әкім кубогінде бас қосып келеміз. Биыл бірінші рет спортпен бірге мәдени шараға қатысып отырмыз. Екі күннен бері футбол алаңында спортшыларымыз сәтті ойын үлгісін көрсетсе, бүгін ұлтымыздың өнерін сіздермен бірге ұлықтап отырмыз. Осындай тамаша шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған аудан әкімі Қ.Беков пен мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Д.Атағараевқа, қонақжай Қарақия еліне алғысымыз шексіз! - дей келе Құрманғазы мавзолейінің портреті мен Астрахань облысы басшылығының Алғыс хаттарын аудан әкіміне және Д.Атағараевқа табыстады. Өз кезегінде Құрық ауылының әкімі Манар Төлегенов құттықтау сөз сөйлеп, қонақтарды аудан әкімі атынан Алғыс хат, естелік сыйлықпен марапаттады. Еділ мен Жайықты телі емген екі елдің елшісіндей болған мәдени-рухани кеш «Атамекен» әнімен қорытындыланып, көпшілік қауым құрметті қонақтармен естелік суретке түсіп, қимастықпен шығарып салды.
Шынар КЕНДІН