Жуырда «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының мәжіліс залында саяси кеңес отырысы өтті. Алқалы жиында партияның Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Серікбай Трұмов төрағалық етті. Отырысқа саяси кеңес, «Жас Отан» жастар қанаты, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың мүшелері, партия ардагерлері, жергілікті атқарушы орган басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиында алдымен өңір басшысы сөз сөйлеп, Елбасының алға қойған міндеттері мен тапсырмаларының маңыздылығына тоқталды. «Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жақында өткен саяси кеңестің кеңейтілген отырысына қатысып, «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты бағдарламасын ұсынды. Бағдарламаның басты тетіктері – ашықтық, белсенділік, партиялық бақылауды күшейту, бастауыш ұйымдардың жұмыстарын жандандыру, халыққа мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіре білу және олардың мәдениеті мен білімін көтеру жұмыстарын күшейту, соның ішінде жастарға көп көңіл бөлу. Партия өз қызметінде жариялылық пен тиімділік, есеп пен бақылау, талап пен жауапкершілік сынды қағидаларға арқа сүйеуі керек және партияның облыстық филиалы да өз жұмысын Елбасының тапсырмаларына сәйкес жандандыруы тиіс», – деді С.Трұмов. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Біріншісі – Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру туралы. Ол жөнінде партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов баяндама жасады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті түбегейлі күшейтіп, тазалық жүргізу қажет. Мұны жиі қозғап жүрміз. Сайланған Президент те бұл туралы айтты. Бірақ бұған халықтың өзі де атсалысуы керек. «Қазір көптеген жоғары оқу орнында емтиханды ақшамен тапсырады. Бұған қоса жатақханадағы орындарды бөлу кезінде тағы басқа мәселелерде студенттер пара беруге мәжбүр болуда» деген партия төрағасы ректорлармен жұмысты күшейтуді ұсынды. Бұл орайда, партияның облыстық филиалында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Қоғамдық кеңестің жұмыс жоспары жасақталып, жаңа құрамы бекітілді. Аталған кеңестің төрағасы «Интертич» медициналық орталығының директоры, партия ардагері Сағыныш Төралиевтің кандидатурасы орталық аппаратқа келісуге жолданған», – деді Е.Әбілов. Елбасының саяси кеңесте айтқан еліміздің табысын еселеуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалары өңірде жалғасын тауып, нақты нәтижелерге қол жеткізуі тиіс. Халық әлеуметтік мәселелерді шешуде партияға үлкен сенім артуда. Осыған орай Елубай Жақайұлы жауапты басшыларды партия төрағасы жүктеген жаңа міндеттерді орындауға күш салып, халық игілігі үшін атқарылатын шараларға белсенділік танытып, үлес қосуға шақырды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Nur Otan» партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысы. Бұл туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Нарешова баяндама жасады. Сонымен қатар жиын барысында елордадағы алқалы жиынға қатысып келген «Nur Otan» партиясы республикалық саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Аббат Өрісбаев сөз сөйлеп, ұсыныс-пікір айтып, өз ойын ортаға салды. Шара соңында аймақ басшысы С.Трұмов Елбасы және Президенттің тапсырмаларын мүлтіксіз орындауда маңғыстаулықтардың қосар үлесінің зор екенін айтып, халық сенімін ақтау мақсатында барлық жауапты басшыларды нәтижелі жұмыс жасауға шақырды.
Айгүл ОРЫНБАЕВА