Мұражай естелігі өткендердің, Ерлік пен ел даңқына жеткендердің. Мұражай - қазынамыз қасиетті, Жас ұрпақ мұражайды қастерлегін, - деп мұражайдың таусылмас қазына екенін оқушыларға ұғындырып, өткен мен болашақты жалғастырушы екенін түсіндіру мақсатында Қарақұдық орта мектебі жанынан мұражай ашылды. «Мен – қазақпын. Сондықтан да қандастарым секілді менің де кіндік қаным тамып, тұсау жібім кесілген жер бар. Ол атамекенім - Маңғыстауым. Дүниеде өзің барын ойласам, іргелі елім бары есіме түсіп, өзімнен-өзім масаттанамын», - деп заманымыздың заңғар жазушысы Ә.Кекілбаев айтқандай, ауылдың және мектептің тарихын саралай отырып кешегісі мен бүгінгі дамуын және оған сүбелі үлесін қосқан азаматтарды кейінгі ұрпаққа таныту арқылы туған жерге деген сүйіспеншілігін ояту, этномәдени құнды заттардың қадір-қасиетін бағалай білу, ауыл маңындағы қамқорлыққа алынған тарихи- мәдени ескерткіштерді таныту мақсатында мұражай ашу қажеттігін ұғындым. Сол мақсаттарды жолға қою үшін мектеп мұражайын «Ауылым – алтын бесігім» және «Мектебім – алтын ұям» атты екі бөлімнен жасақтау жолға қойылды. «Ауылым – алтын бесігім» бөлімінде ауылдың ашылуы туралы облыстық атқару комитетінің шешімі және ауылдың тарихынан ондағы қызметкерлер мен басшылар туралы сурет-шежірелер қойылып, сол кездегі шарықтап дамуындағы жеткен жетістіктерден сыр шертеді. Қаракөл қойын өсіру және ірі көлемді елтірі дайындауда жеткен жетістіктер атап көрсетілді. Сондай-ақ қаракөл елтірісін Еуропа, Ресей мемлекеттеріне шығаруда теңдессіз үлес қосқан совхоздардың бірі болғандығы атап көрсетілді. Осы бөлімде «Қариялар – ауылдың шежіресі» бұрышында Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері мен бейбіт өмірде Ауған соғысына қатысып, азаматтық борышын өтеп келген ардагерлер бейнесі қойылды. Майдан даласында 19 жасында қару асынып түскен Дауылхан Базылбековтың бейнесі – құнды суреттердің бірі. Ол кісі Қорғаныс министрі болған Сағадат Нұрмағанбетовпен бірге Берлинге дейін барып, жеңісті қарсы алған. Сонымен бірге Шәрелхан Әленовтің «Жастар да жеңісті жақындатты» атты 1992 жылы жазған мақаласы тың деректен сыр шертеді. Онда Октябрь ауылының төрағасы болған Есен Бисеновтің бала кезінде тылға азық-түлік жеткізгеніне байланысты В.Сталиннің алғыс хаты нақты көрсетілген. Аталарымыздың алған төс белгілерінің құжаттары қойылды. Қариялар туралы деректер осы тақырып бойынша жинақталған.Келесі бұрыш «Тың даланы түлеткендер» тақырыбы бойынша қойылды. Онда ауыл басшылары, әкім, хатшылары, жем-шөп цехі, елтірі дайындау бөлімі қызметкерлері, дәрігерлер, пошта, кітапхана, мәдениет саласының қызметкерлері, алғашқы балабақша ұжымы мен шопандар бейнесі, сонымен бірге ауылымызға ат басын бұрып келген жазушы Ілияс Есенберлиннің бейнесі де қойылды. Бұл кісілер туралы деректер «Тарихы терең, тағзымы биік ауыл» деген жинаққа енгізілді. «Іскерлікті жалғаған ұрпағына» бұрышында көрік ұстап, темірден түйін түйіп, ағаштан бұйым жасаған Өмірбай Бесімбайұлы, 10-16 баладан тәрбиелеп, шаруасымен бірге ісін жасап, ұлттық бұйымдарды насихаттап жүрген аналарымыздың бейнелері қойылды. Әбиева Ажар анамыздың жетістігі де, мақтанышы да өз қолынан шыққан жұмыртқадай аппақ алты қанат үйдің Астанадағы ҚР Президентінің Ұлттық мәдениет орталығында тігулі тұрғандығы ауыл тұрғындары үшін мақтаныш болса, кейінгі ұрпақ үшін маңызды дүние деп есептеймін. Ауыл мәдениеті туралы деректер бойынша жинақталды. Мәруа Еділханова 2003-2004 жылдары ғылыми жобада «Ауылым - алтын бесігім», «Өнерім - өмірім», «Көрікші ата - Өмірбай» тақырыбында қорғап, облыстан 2 мен 3-орындармен оралған болатын. Осы шығармашылық жұмысын бейнетаспа арқылы жинақтап, тапсырды. Бүгін өмірде болмаса да сұхбат барысындағы дауыстары сақталған. Ұлттық теңгеміз, аналарымыз тұтынған күміс жүзік, өңіржиектер де осы бұрышқа қойылды. Олар туралы деректер «Өмірім-өнерім» атты жинаққа енгізілді. Келесі бұрышта іскер жандардың қолынан шыққан ескі заттардан экспонат жинақталды. Онда өрмек тоқитын құралдар – ағаш мосы, теру, серу, қылыш, сірі тоқитын қылыштар жинақталды. 1956 жылы тоқылған аттың тартпасы, жылқының бас терісінен сәнделіп жасалған тұзбастық, ешкі терісін өңдеу арқылы жасалған мес, жылқының сүйегінен жасалған түйенің мұрындығы, киелі көрік, сол арқылы жасалған мосы, көсеу, қырықтық, қақпан, диірмен, ескі шәйнек пен самаурын, 1950 жылғы өкшесі барқытпен оюланып тігілген көк сауыр етік, 1970 жылы Ұштаған ауылының тұрғыны Ескелді Тәтіш атамыздың тіккен шоңқайма етігі де мұражай төрінде. Сондай-ақ аяқ қап, бау-басқұрлармен бірге Қырмызы анамыз «Бостанға - 40 жыл» бауын, Рысты анамыз «Егемендікке - 25 жыл» сырмағын, қалақпен тоқылған және жай қарындашпен тоқылып басталған таңғыш бауларын тарту етті. Бостан ауылы әкімшілігіне қарасты «Ұлы қырғын», «Үш там» тарихи ескерткіштері туралы да деректер көрермендер үшін тың дүниелер береді. «Мектебім – алтын ұям» бұрышында мектеп тарихы, басшылары, ең алғашқы ұстаздар мен оқушылар, мектепті күміс, алтын белгімен және ерекше куәлікпен бітірген оқушылар орын алды. Мектеп оқушылары ұстаған атрибуттар, О.Тұрмағанбет атындағы «Атамекен» оқушылардың ерікті ұйымы туралы деректер де бар. О.Тұрмағанбет туралы деректер оқушыларға «Сахараның саңылағы» жинағы бойынша берілсе, мектеп тарихы «Білімнің бірегей ордасына – 40 жыл» жинағына, ал ұстаздар туралы деректер «Қалдырған ізің мәңгілік» деректер жинағына енгізілді. Құнды құжаттар – мектептің ашылғандығы туралы шешімдер, 1 және 2-бұйрық кітаптары, алғаш ашылған уақыттағы баспа беттеріндегі мақалалар, журналдар, алғашқы көрнекі құралдар – диопазитив, пленка, табло, буындап қосу шаблондары мен радиола, баяндар қойылды. Медицина, мәдениет саласында жүрген мектеп оқушылары туралы сурет-шежірелер де бар. Өзі өлсе де артында өшпестей із қалдырған оқушымыз Қуат Қонашов туралы дерекке тоқталмай өту мүмкін емес. Себебі оның өзі қолымен құрған Ақтау қаласындағы облыстық филармониядағы «Ақтау сазы» фольклорлық ансамблі – біз үшін мақтаныш. Ол туралы да деректер жинақталды. Мектеп директоры Шәрелхан Әленов, Темірбай Бесімбайұлы туралы «Ұстаздарды ұлықтау» деген жинақ әзірледі. Зейнеткер ұстаздар Мәруа Еділханова, Бақтыгүл Дауылбаеваның портфолиолары жинақталды. Жинақталған жұмыстар оқушылар мен мұғалімдердің ізденіспен жұмыс жасауына мол мүмкіндік береді деп ойлаймын. Мұражайды танып, білу үшін кесте жасақталып, сыныптар бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Өткеніңді түгендемей, бүгініңді бүтіндей алмайсың», – демекші, өткен тарихты жинақтап, келешек ұрпаққа қалдыру – аға буын өкілдерінің міндеті.
Ж.ӨМІРБАЙҚЫЗЫ, Қарақұдық орта мектебі