М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында қобызшылар тобының «Romantic kobyz & classica» атты концерті өтті. Концерт қазақтың көне тарихымен бірге жасасып келе жатқан қасиетті қобыз аспабының ел арасында кеңінен таралуына өлшеусіз үлес қосқан, Қорқыт пен Ықыластың өнерін жалғастырушы, бүкіл саналы ғұмырын қобызға арнаған Жаппас Қаламбаевтың 110 жылдығына арналды. «Қарағайдың түбінен, Қайырып алған қобызым, Үйеңкінің түбінен, Үйіріп алған қобызым, Желмаяның терісін, Шанақ қылған қобызым, Ортекенің мүйізін, Тиек қылған қобызым, Бесті айғырдың құйрығын, Ішек қылған қобызым», - деп жырға қосқан қазақ ұлтының қасиетті күйін дүниеге таратып келе жатқан қобыз аспабының шебер орындаушылары, Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің қобызшылар тобының Мәдениет саласының үздігі Гүлжамал Ербозованың жетекшілігімен Евгений Бруссиловскийдің «Бозайғыр» күйімен ашылды. Одан соң сахнада Қуат Шілдебаевтың «Хорал», «Отанана», Ахмет Жұбановтың «Көктем», Махамбеттің «Жұмыр-Қылыш» күйлері шалықтады. Александр Дмитриевтің «Старая карусель» шығамасы квинтетшілер тобы орындаса, ҚаршығаАхмедияровтың «Қосбасар» күйін Салтанат Оңайбай жетіген аспабында, Жансая Исаева, Дидар Бердібекова, Нұршат Сайын адырна аспабында орындап көпшілік ықыласына бөленді. Әлқуат Қазақбаевтың «Тлеп сарыны» Гүлжамал Ербозова мен Ажар Көбегенованың, Карлос Гардельдің «Тангосы» Абыл Тарақұлы атындағы өнер мектебі оқушыларының орындауында көрерменге жол тартты. Дмитрий Шостаковичтің «Романс», Ғани Қолғанатовтың өңдеуіндегі Энрике Сантеухинидің «Рио-Рита», Карл Дженсистің «Polladio», Астор Пьяццолланың «Adios Nonino», Бауыржан Көбенғалиевтің өңдеуіндегі Александр Кокориннің «Гавана-клубы» мен Ришар Гальяно «Танго для клодасын» Жақсылық Шодыров баян аспабында орындап, Рахат Мадреев өңдеуіндегі Джеймс Уильямстің «Виктори» шығармасын тыңдаған көпшілік өнерпаз орындаушыларды қошеметке бөледі.
Үміт ЖӘЛЕКЕ