Қарақия аудандық мәдениет үйінде керемет рухани кештің куәсі болып қайттық. Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театры ұжымы Құрыққа Қ.Жүнісовтың «Алғашқы махаббат» комедиясымен келді. Жастар жылы аясында өткен шараға жас та, жасамыс та қатысып, қойылымды тамашалады. Күлдіре отырып, ойландыра алатын тәрбиелік мәні зор комедияның көрермендері қатарында аудан әкімі Қ.Беков бастаған мемлекеттік қызметкерлер де болды. Қойылымнан соң сахнаға көтерілген аудан басшысы театр ұжымын құттықтап, жетекшілері Тоқтамұрат Тілеуұлына Алғыс хат тапсырды. Бұған дейін театр балаларға «Қап, бәлем!» қойылымын арнаған болатын. Айта кетейік, талантты актерлер арасында Құрықтың тумасы Нұрлыбек Жұмабайұлы мен Жадыра Нұрғайыңқызы да тамаша өнер көрсетті. Театр - өмір айнасы, рухани қазына. Мәдениет пен өнерді мәпелеген театрға да бір сәт уақыт бөле білсек, көкірек көгжиегіміздің ашыла түсетіні анық.
Ш.КЕНДІН