Тамыздың 28-і күні Форт-Шевченко қаласындағы аудандық мәдениет үйі ғимаратында «Келешекке - кемел біліммен» тақырыбында Түпқараған ауданы педагогикалық қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтті. Бұл өз кезегінде 16 тамызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен республикалық тамыз кеңесінің, іле-шала Серікбай Өтелгенұлының қатысуымен өткен Маңғыстау облысы педагогикалық қызметкерлерінің тамыз конференциясының жалғасы іспетті. Түпқараған ауданы педагогикалық қызметкерлерінің тамыз конференциясына аудан әкімі Айдос Хамиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Утесбаева, Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлыбек Қойжанов және «Назарбаев зияткерлік мектептері» педагогикалық шеберлік орталығының» директоры Қатира Боранбаева қатынасты. «KELESHEKKE-KEMEL BILIMMEN!» тақырыбындағы мектеп, балабақша баннерлері жұмыстарының таныстырылымынан бастау алған конференцияның алғашқы баяндамасын аудандық білім бөлімінің басшысы жасады. «Ауданның білім саласының жай-күйі және 2019-2020 оқу жылындағы міндеттері туралы» сөз қозғаған Айбаршын Куанышқалиқызы ауданның білім саласында жүзеге асып жатқан жұмыстары туралы айтып өтті. - Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында балабақшалар саны ауданда көбейді. Аудандағы мектепке дейінгі ұйымдардың желісі 22 ұйымды құрайды: 11 мемлекеттік балабақша және 11 жекеменшік (8 балабақша, 3 шағын орталық). Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау-білім ұйымдарының басты міндеттерінің бірі. Құқық бұзудың алдын алуды қамтамасыз ету және балаларға қауіпсіз жағдайды жасау мақсатында балабақшалардың 99%-ында, мектептердің 100%-ында бейнекамералар орнатылған. Жаңа оқу жылында 4 және 9, 10-сыныптар жаңартылған білім мазмұнымен оқитын болады. Сонымен мектептің 1-10-сыныптары жаңартылған мазмұнға көшеді. Ауданда 93 химия, биология, информатика, физика мұғалімдері бар. Оның ішінде 39 мұғалім ағылшын тілінің А1, А2, В1, В2 деңгейіне оқытады. 24 мұғалім өз пәндерінде ағылшын тілінің элементтерін қолданады. Өткен оқу жылында 299 түлек қорытынды аттестаттау тапсырды. «Алтын белгі» иегерлер саны-7, үздік аттестатқа ие болғандар-9. Соңғы екі жылда ҰБТ білім сапасы рейтингісінен алынып тасталса да, білім беру гранттары білім сапасының көрсеткіші болғандықтан ҰБТ мәселесі күн тәртібінен түспейді. Мемлекеттік грантты иеленгендер саны өткен жылмен салыстырғанда артқаны байқалады. Себебі өткен жылы 78 (оның ішінде «Серпін» - 15) түлек иеленсе, 2019 жылғы мектеп бітірген 267 түлектің 92-сі мемлекеттік грант иегерлері атанды (оның ішінде «Серпін» - 14). Биыл жергілікті бюджет есебінен берілген 175 білім беру грантының ішінде 12 мұғалім мамандығына, бұдан басқа көп балалы және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балалары үшін министрлік тарапынан берілген 305 гранттың 4-і мұғалім мамандығына берілді. Жалпы мемлекеттік грант бойынша да аудан түлектерінің 19-ы мұғалім мамандығына түсті. Соңғы 3 жылдағы республикалық олимпиада көрсеткіштеріне келетін болсақ, республикаға 17 оқушымыз қатысып, 9 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Республикалық кезеңдегі жеңімпаз оқушылардың 90 пайызы Ақшұқыр мектеп-лицейіне тиесілі екенін баса айтқым келеді. Ал ғылыми жобалар конкурстары бойынша М.Әбдіхалықов атындағы мектеп-гимназия, Шахта орта мектебі, Ақшұқыр мектеп-лицейі мен Ж.Мыңбаев мектеп-гимназияларының жетістіктерін ерекше атауға болады. Қазіргі таңда аудан бойынша 778 мұғалім жұмыс жасайды. Оның ішінде, жоғары білімдісі - 574 (73,7%), арнаулы орта - 204 (26,2%) мұғалім. 2018 жылдан бастап мұғалімдерді аттестаттау жаңа жүйеге көшті. Аталған жүйе бойынша мұғалімдер 16 (2%) шебер-педагог, 117 (15%) педагог-зерттеуші, 105 (13,4%) педагог-сарапшы, 138 (17,7%) педагог-модератор біліктілік санатына ие болды. Жаңа оқу жылында педагогтер қатары 22 жас маманмен толықты. Мұғалім мамандығын таңдаған жастар қатары ауданда көбейіп келе жатқанын айта кеткім келеді. Аудан мектептерін оқып бітірген 210 түлек алдағы 3 жылда мұғалім мамандығын оқып бітіреді, - деді ол. Сонымен қатар конференция барысында аудандық білім бөлімінің басшысы балабақшалар мен мектептердің директорларына бірнеше тапсырмалар да жүктеді. Келесі кезекте ауданның білім саласын дамытудың алдағы міндеттері туралы аудан әкімі Айдос Хамиев сөз тізгінін алды. Аудан әкімі өз баяндамасында Президентіміздің республикалық тамыз кеңесінде көтерген 8 мәселесіне қысқаша тоқталып өтті. Аудан әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиұлы мен білім бөлімінің басшысы Айбаршын Қуанышқалиқызына білім беру ұйымдары қызметкерлерінің артық жүктемелерін азайту, орталықтандырылған есеп бөлімін құру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды. Сөз соңында «Ардақты ағайын! Ауданның білім саласына бөлінетін қаржы бюджеттің 52%-ын немесе 3,6 млрд. теңгені құрайды. Ауданымызда білім саласына жеткілікті деңгейде көңіл бөлініп отыр. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген нақыл сөзі бар. Осы орайда білім саласына қатысты барлық мақсат-міндеттер Үкімет әзірлеп жатқан «Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында» толық қамтылатын болады. Аталған бағдарламаның жобасына ұсыныс-пікірлерімізді осы бастан дайындап, талқылау жұмысына белсенді қатысуымыз керек. Құрметті ұстаздар! Ендi санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталмақ. «Әр iстiң өз iргетасы бар» дегендей, әр жаңа оқу жылының өз жоспар-жобасы болуы заңдылық. Биылғы жылдың басымдықтарын Мемлекет басшысы айқындап берді. Баршаңызға жаңа оқу жылында табыс тілеймін! Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақ, мерейі үстем болсын» деп тілек білдірді. «Келешекке - кемел біліммен» тақырыбындағы Түпқараған ауданы педагогикалық қызметкерлерінің тамыз конференциясы Ж.Мыңбаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Анар Төлеуованың «Жетекші мектеп-инновациялық өзгерістердің тиімділігін арттыру кепілі» тақырыбындағы жарыссөзімен жалғасты. Кейінгі кезекте М.Горький мектеп- лицейінің ата-анасы Гүлзира Маңғыбаеваның «Білім мазмұнын жаңартудағы апробация және ата-ана» тақырыбындағы сөзінен соң «Алма» жекеменшік балабақшасының директоры Жазира Шортанова жекеменшік балабақшалар және олардың болашағы жайлы сөз қозғады. Аудан әкімі Айдос Хамиев бірқатар ұстаздарға Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хаты, Түпқараған ауданының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын тапсырды. Ал Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлыбек Қойжанов ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын ауданның білім саласына еңбек сіңірген ұстаздарына тапсырды. Тағы да айта кетерлігі, конференция барысында жас мамандарға еңбек кітапшасын тапсыру рәсімі өтті, жас мамандар ант қабылда ды.
Өз тілшімізден