Облыстық «Достық» үйінде өткен «Ашық есік» күні аясында кәсіби медиаторлар тұрғындарға тегін кеңес берді. Шараға 50-ден аса азамат қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz cайты. Іс-шараға облыстық сот, медиация орталықтары және облыстық Ассамблея құрылымдарының өкілдері келді. «Мүмкіндігі мол шараға жиналған тұрғын көп. Соның бірі – Шара апай. Ол пәтер аламын деп алаяққа алданып қалған. Кәсіби медиаторлар тұрғынға қандай қадам жасау қажет екенін, қандай жағдайда бітімгершілікке келуге болатынын түсіндірді. Осылайша көкейтесті сұрақтарына тұшымды жауап ала алған халық риза болып тарасты. Өйткені барлығының бірдей заңгер мен адвокатқа жүгінуге жағдайы жетпейді. Мұндай шаралар Жанаөзен қаласы, Мұнайлы және Бейнеу аудандарында жалғасын тапты», - дейді Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметі. Айта кетейік, 31 шілде күні медиацияны дамыту мақсатында «Нұр Отан» ХДП МФ ғимаратында «Ашық есік» күні өткізілген еді. Онда Ассамблея медиаторлары ниет білдіруші барлық азаматтарға медиация жөнінде кеңестер беріп, тегін негізде медиативтік келісімдерге қол қойған. Сонымен қатар шара аясында Маңғыстау облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Қарабаев ҚХА медиация кабинеті меңгерушісі, кәсіби медиатор Сания Саталиеваны кәсіби мерекемен құттықтап, алғыс хат табыстады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді МО Қазақстан халық Ассамблеясының баспасөз қызметі ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="83773,83772"]