Облыста алғаш рет жас кәсіпкерлер форумы өтті. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қолдауымен өткен шараға бизнес саласына енді ғана қадам басқан кәсіп иелері қатысты. Ауқымы кең, мақсаты биік аталмыш шара Қазақстан мұнайына 120 жыл және Қаламқас кен орнының ашылғанына 40 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Өңірдегі жас кәсіпкерлер қашанда қолдауға ие. Бұл тұрғыдан мұнай саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның қолдауы ерекше. Форумның басты мақсаты – бизнес ашуды мақсат еткен кәсіпкерлерге бағыт-бағдар көрсету, жаңа жобаларын таныстыруға мүмкіндік беру, инновациялық бірлестіктің потенциалын көрсетіп, оны қолдау. «Форумға қатысып, бизнес бастауға талаптанған талапкерлердің көп екендігіне қуаныштымыз. Осындай кәсіпкерлікке бейімі бар жастарды қолдап, оларға кәсіпкерлер мен сарапшылар көмегімен бағыт-бағдар көрсетуге арналған шаралардың көптеп ұйымдастырылғаны құба-құп. Жастардың бастап жатқан жаңа жобаларының ел игілігіне пайдасы тиюіне тілектеспіз. Осы орайда, компания басқармасы атынан форум жұмысына сәттілік тілеймін!», - деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының заң және кадр мәселесі жөніндегі орынбасары Ерболат Сәрсенов. Ауқымды шара үш этап бойынша өткізілді. Алдымен залда көрме ұйымдастырылып, қатысушы кәсіпкерлердің өнімдері жұртшылыққа таныстырылды. Сонымен қатар олар өзара бір-бірімен танысып, жаңа серіктестер табуға мүмкіндік алды. Екінші кезеңде жас кәсіпкерлер мен кәсіп бастауға ниеттілер эксперттік кеңес алаңында бас қосып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы, «Даму» қоры, екінші деңгейлі банк өкілдері және облыстық кәсіпкерлік басқармасы мамандарына көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Олар өз тараптарынан қатысушыларға несие алуға арналған бағдарламалар, субсидиялар, оларды алу жолдары, басқа да мүмкіндіктер туралы толық ақпарат берді. Үшінші кезеңде, өңірдегі ірі бизнес өкілдері кәсіп бастаудағы, оны дамытудағы бірнеше жылдық тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтар болсақ, сату және көпшілік алдында сөйлеу жөніндегі маман Қайрат Хасанов өнімдерді сату, тұтынушымен дұрыс қарым-қатынас орнату қағидаларын айтса, SMM-маман, таргетолог Елена Ясинова әлеуметтік желіде өз-өзін жарнамалау жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ Маңғыстау облысындағы «Domino home & horeca» атты алғашқы франчайзиндік жүйесінің бас директоры және негізін қалаушы Жалғас Дәулетов пен отбасылық наубайхана, сәндік салон студиясы және отбасылық ресторандар жүйесінің негізін қалаушы Шамрад Телеубаев қатысушыларға кәсіп бастаудың қыр-сыры мен жетістікке жетудегі құпияларымен бөлісті. «Бүгін «МаңғыстауМұнайгаз» АҚ қолдауымен облыста алғаш рет жас кәсіпкерлер форумын өткізіп жатырмыз. Форумның көздегені өңірдегі жас кәсіпкерлерге әрі қарай кәсібін жандандыру үшін, жаңа серіктестер тауып, өздерін халыққа таныстыру үшін мұмкіндіктер беру. Бұл жерде жастардың алға қарай дамып, мақсаттарын айқындауға жол ашылады. Мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Осы орайда «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға осы форумды өткізуімізге тікелей қолдау білдіргені үшін алғыс айтамын», - дейді «Жарқын кәсіпкер» бизнес клубының төрағасы, кәсіпкер Жалғас Дәулетов. Шараға қатысушы жастар да бұл форумның пайдасы зор екенін айтты. «Осындай шаралардың жиі өткізіліп тұрғаны біз үшін үлкен көмек. Себебі өңірдегі басқа да кәсіпкерлермен жүздесеміз, тәжірибе алмасамыз. Тұтынушыларымыздың да санын арттырамыз. Бұның барлығы жұмысымыздың алға қарай дамуына біршама үлес қосады. Сонымен қатар өзіміздің жұмысымызды халыққа таныстыруға мүмкіндік аламыз», - дейді кәсібін бір жыл бұрын бастаған «Алтын декор» ЖШС директоры Нұрқуат Ванов. «Форумнан алған әсерім өте керемет. Облыстағы бизнес өкілдері біз секілді жас кәсіпкерлерге кәсіпті қалай жүргізу керек, қалай дамытуға болады, сол секілді әдістерін егжей-тегжейлі үйретті деп айтуға болады. Бізге осындай мүмкіндік сыйлаған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға, «Жарқын кәсіпкер» бизнес клубының ұйымдастырушыларына алғыс білдіреміз. Өз кәсібімді жүргізуге осы форумның ықпалы зор деп есептеймін», - дейді жас кәсіпкер Эльмира Тәджединова. Жастардың жалындап, дамуына жаңа серпін берген осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Айгүл ОРЫНБАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН, Ербол АЙТБАЕВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="83788,83797,83789,83798,83791,83786,83784"]