Маңғыстауда "Такси" жедел алдын алу шарасы аясында автокөлікті заңсыз басқарған 67 шетел азаматына айыппұл салынды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590, 593, 608, 463 баптарына сәйкес 1162 факті анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Көші-қон қызметі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабы бойынша 2 әкімшілік хаттама толтырылған. Онда шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны жазылған. Ал 382-бапқа сәйкес, яғни жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін 11 әкімшілік хаттама сотқа жолданса, екеуіне ескерту берілген. «Шара аясында 1162 әкімшілік құқық бұзушылық факті анықталды. Олар ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабында көрсетілген көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзған. 593-бапта жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамағаны айтылған. Ал 463-бап бойынша тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды)жүзеге асырғаны жазылған. Сондай-ақ 608-бапта жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беруі бойынша құқық бұзушылық анықталған», - дейді Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. 6 маусымда маңғыстаулық полицейлер Көші-қон қызметімен бірлесе «Такси» жедел алдын алу шарасын бастаған еді. Негізгі мақсаты – жолда көлік жүргізушілерді бақылау, көлік жүргізу тәртібін арттыру, облыс аумағында тіркеусіз және тиісті құжаттарсыз жолаушы тсымалдап жүрген жүргізушілерді анықтау.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА