©
Цифрландыру үрдісі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Мүмкіндігі шектеусіз жаңа сандық технологияларды экономика саласына жұмылдыру оның қарқынды дамуын қамтамасыз етеді. Әсіресе, бизнес кеңістік үшін ашық цифрлық платформа құру іскерлік орта өрісін кеңейтіп, кәсіпкерлік қанатын кеңге жаюына жағдай жасайды. Сандық технология сан алуан құжатты рәсімдеу мерзімін қысқартып, жеке кәсіпті қашықтықтан басқаруға, тауар өткізу нарығын кеңейтуге, оның айналымын ұлғайтуға, тиісінше табысты еселеуге мүмкіндік береді. Бизнесті цифрландыру үрдісі жетекші елдерде керемет жолға қойылған. Әлемдік нарықта әлеуеті зор алпауыт компаниялар сандық жүйе негізінде үздік нәтижеге қол жеткізуде. Мәселен, төрткүл дүниеге жылдам ас мәзірімен танымал «MсDonald`s» мейрамханалар желісі 2004 жылдан бастап тұтынушыларға сенсорлы экран арқылы өз бетімен тапсырыс беру қызметін іске қосты. Электронды тапсырыс қабылдайтын арнайы аппараттар 2016 жылы әлем бойынша 2600 нүктеге орнатылды. Сондай-ақ 2017 жылы компания мобильды қосымша арқылы тапсырыс қабылдау қызметін оңтайлы жолға қойды. Яғни инновациялық сандық технология компания үшін табыс мөлшерін ұлғайтудың, нарықтың сұранысын сапалы өтеу арқылы тұтыншу тартудың тиімді тәсілі ретінде үлкен рөл сомдады. Дамыған елдердің ішкі экономикалық үдерістеріне үңілсек, цифрландыру саясатының жарқын мысалдары жетіп артылады. Бүгінгі таңда бизнес жүргізудің сандық стратегиясын ойлап табу, сол бағыт бойынша даму жоспарын құру белең алып келеді.Сандық технология немесе автоматтандыру қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған. Осы ретте жасанды ой-санаға ие құлтемірлер дәуірі де алыс еместігіне көз жеткіземіз. Ал біздің еліміз цифрландыру үрдісіне енді аяқ басуда. Отандық кәсіпкерлік салада сандық жүйе мүмкіндіктері бизнес-сектордың ахуалын арттырып, оның өркендеп, өсуіне үлкен серпін берді. Қазіргі таңда «Атамекен» ҰКП «бір терезе» қағидаты бойынша кез келген азаматқа қызмет көрсетеді. Елімізде қолға алынған «Бизнеске арналған Үкімет» жобасы аясында мемлекеттік қолдау шараларын реинжиниринг жасау мен автоматтандыру, сондай-ақ осы қызмет түрлерін бір терезе қағидатына негізделген Atameken Services жүйесіне енгізу жүйеле жүзеге асты. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қаржылай емес қолдау шараларын ұйымдастыру бағыты аясында кәсіпкер үшін кез келген маман кеңесі қолжетімді. Біздің орталықта консультация оффлайн және онлайн режімде беріледі. Яғни, кәсіпкер палатаға келіп өзі бетпе-бет келген мәселе жөнінде эксперт кеңесіне құлақ түре алады. Немесе Atameken Services жүйесі арқылы 8 түрлі бағыт бойынша онлайн қызметке жүгінуге мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда шалғай ауыл, елді мекендерде өз кәсібін жүргізіп жатқан жандардың орталыққа қатынауына уақыты жетпей жатады. Онлайн қызмет көрсету жүйесі көптеген жандар үшін өті пайдалы әрі тиімді қолдау шарасы. Ең алдымен кәсіпкер жеке куәліктегі ЖСН-ді енгізу арқылы сайтқа тіркеледі. Немесе смартфонына бағдарламаның мобильді қосымшасын жүктеп, өз ыңғайына қарай пайдаға жарата алады. Онлайн қызмет көрсету аясында кәсіпкерлердің мәселелері бойынша өтінім беру, салық және статистикалық есептерді дайындау және ұсыну бойынша кеңес алу, бизнес-жоспар дайындау және екінші деңгейдегі банктерде қарауға дайындау, бухгалтерлік есеп жүргізу, мемлекеттік қолдау бойынша жан-жақты мағлұмат алу мүмкіндігі ұсынылады. Мәселен, кәсіпкер бизнес-жоспарын жасақтау үшін, онлайн өтінім беріп, нақты сауалдарын жолдай алады. Мамандар кез келген өтінімді мұқият саралап, байсалды жауап қатуға, тұщымды ақпарат беруге тырысады. Кез келген сауал күрделілігіне қарай бес жұмыс күні ішінде қаралады», - дейді «Атамекен» ҰКП Маңғыстау облыстық филиалының қаржылай емес қызмет көрсету бөлімінің басшысы Аққу Тұрашқызы. Бүгінгі таңда ғаламтор сервисі арқылы кәсіпкерлер білім деңгейін арттырып, біліктілігін жетілдіре алады. «Бизнес-кеңесші» жобасы аясында онлайн оқу курстары қашықтықта білім алуға, жеке кәсібін ашуға ынталы жандарға зор мүмкіндік беріп отыр. Онлайн оқып, емтихан тапсырып, арнайы сертификатқа қол жеткізген жан бизнестің қыр-сырына үңіліп, пайдасы мол мағлұматқа қанығары сөзсіз. «Онлайн оқу нәтижесінде заңды күшке ие сертификат беріледі. Биыл өңір бойынша күні бүгінге дейін 43 адам онлайн сабақ өтті. Ал тікелей палатаға қатынап оқығандар саны 435. Әрине айырмашылық зор. Десек те уақыт өте халық жаңа сандық технология мүмкіндіктерін игеріп, заман талабына икемделіп келеді. Өз уақытын тиімді меңгеру, әркез оны үнемдеп, өзге пайдалы дүниелерге жұмсау түсінігі қалыптасып келеді. Әрине біздің қызметкерлер тарапынан кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Онлайн сервистің мүмкіндіктері, оның тиімді тұстары жайлы толықтай ақпарат беріледі. Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП-да «Іскерлік қатынастар» жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында мекеме басшылары Қазақстанда оқып, Германияда іскерлік тәжірибеден өтеді. Бұл жобаға қатысу үшін онлайн өтінім беру де мүмкін. Алдағы уақытта сервистік онлайн жүйенің мүмкіндіктері кеңейе түспек. Сонымен қоса ғаламтор желісінде біздің палатаның сайты қызмет көрсетеді. Сайт арқылы кәсіпкерлер арнайы құжаттар мен келісімшарттардың үлгілерін тегін жүктей алады. Тағы бір айта кетер маңызда жайт жергілікті кәсіпкерлер «Алтан сапа» секілді республикалық маңызға ие сайыстарға қатысуға өтінімді онлайн режімде жолдай алады», - дейді А.Айтжанова. Үкімет тарапынан шағын және орта бизнеске қолдау жоқ емес. Соның ішінде шалғай ауыл, елді мекендерде кәсіп ашып, оны табыс көзіне айналдыруға талпынысы зор азаматтарға жан-жақты жағдай жасау мемлекет көздеген басты меже. Маңғыстау облысы бойынша аудан орталықтарында ғаламтор желісі және компьютерлермен жабдықталған өзіне өзі қызмет көрсету зоналары жасақталған. Бұл жерде кез келген азамат кәсіп бастау, оны жүргізу, табыс көзін еселеу және т.б жөнінде сауал жолдау арқылы нақты мәліметке тұшынады. Жалпы бизнесті цифрландыру жеке бастамаларды қолдауға, несие ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге, шағын және орта кәсіпкерлік өнімдерінің нарыққа шығу уақытын қысқартуға, ең бастысы әкімшілік кедергілер мен көлеңкелі бизнесті жоюға септеседі. Таяу болашақта еліміздің экономика саласына инновациялық сандық технологияларды жұмылдыру еңбек өнімділігінің артуына, бәсекеге қабілетті экспорт деңгейін арттыруға, электронды сауда үлесін еселеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ғаламтор кеңістігінде сауда нарығы қызып тұр. Электронды сауда платформалары арқылы қысқа уақыт мерзімінде қалаған тауарға қол жеткізу көптің көңілінен шығады. Ел Үкіметі 2022 жылға дейін электронды сауда жүйесіне 200 мың бизнес өкілін қосуды көздеп отыр. Сонымен қоса, мемлекет тарапынан электронды сауданы реттеу және ілгерілету, электронды төлемдерді қабылдауды кеңейту, халықтың және кәсіпкерлердің сандық және қаржылық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ инфрақұрылымды және логистиканы дамыту бойынша бірқатар ауқымды іс-шаралар атқаруды көздеп отыр. Бұның барлығы бизнесті цифрландыру саясаты аясында жүзеге асады. Бизнес пен мемлекет сенімді серіктестікке айналып, кәсіпкерлік құлашын кеңге жайып келеді. Бұл, әрине, қуантарлық жайт.Голрох ЖЕМЕНЕЙ