«Ауыл – ел бесігі» ұлттық бағдарламасы бойынша облыс аумағындағы ауылдық елді мекендерді кезең-кезеңімен көркейтіп, дамытуға бағытталған іс-қимыл шаралары қолға алынды. 2019 жылы бұл іске республика бойынша 30 млрд. теңге бөлінді. Оның 1,1 млрд. теңгесі біздің облыстағы іргелі елді мекендер Маңғыстау ауылына 432,4 млн. теңге, Шетпе, Ақшұқыр ауылдарының әрқайсысына 376,3 млн. теңге берілгелі отыр. Тарихы мың жылдың қойнауындағы киелі түбекте Адай уезінің ізінде алғашқы құрылған әкімшілік аумақтық бірлік қарашаңырақ Маңғыстау ауданының тұрғындары қандай қиыншылық кезеңдер болмасын ата кәсібі малдан, мал шаруашылығынан қол үзген жоқ. Мал шаруашылығы аудан экономикасының негізі болып келді, әлі де солай. Қазір облыс бойынша қолда бар малдың жартысынан астамы Маңғыстау ауданының үлесіне тиеді. Былтыр өзінің 90 жылдығын атап өткен қарт аудан, әсіресе ел тәуелсіздігі жылдарында дәулеті де сәулеті келіскен іргелі елді мекендермен толығып, жасарып, жаңғыра түсті. Кеңестік кезеңде ферма орталықтары деңгейінде кенжелеп қалған Ақшымырау, Шебір, Тұщыбек ауылдары өз алдына ауылдық аумақтық әкімшілік бірлік болып құрылды. Кезінде кеңшарлар таратылып, жекешелендіру науқаны басталғанда олардың баланс иелігіндегі балабақшалары мен клуб, кітапханалар басқа да әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттарының «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп қалмай сақтап қалу шараларының алынуы ауылдарды ыдыратып алмаудың оң шешімі болды. Қазір жоғары лауазымдағы кейбір басшылар аузындағы, күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарындағы тарихы терең, белгілі тұлғалар есімдерін иеленген ауылдарды «келешегі, болашағы жоқ елді мекендер санатына жатқызу» деген шешімдері мен сөз тіркестері мүлдем ұнамайды. Асылында барды жоқ ету емес, бар ету, сақтап қалу шарасын алған жөн. Бір кездері «болашағы бұлдыр» саналған Бекі елді мекені қазір қандай? Бұрынғы ферма басқарушысы, аудандық мәслихаттың депутаты, ауыл ақсақалы Бақыт Қарабаевтың табандылықпен жүргізген азаматтық ісінің нәтижесінде ауыл іргесі сөгілмеді, бастауыш мектеп ашылды, аумақта құрылған шаруа қожалықтарының қатары қөбейіп, мал басы өсті, ауыл тұрғындары мал өнімдерін сатып кәсіп жасады. Бекі ауылы "Ақтау – Атырау" автомагистралының бойындағы іргелі мекенге айналды. Алайда енді аудан орталығына жақын, "Шетпе – Тұщықұдық – Қызан – Ақшымырау" автотрассасының бойында орналасқан тарихи құтты мекен Тиген ауылы жөніндегі әңгіме басқаша өрбиді. Мұнда «ел де, жер де сіздерге аманат» дегендей соңғы қос ғасырдың батырлары Құлбарақ баба мен Исатай Сүйеубаев аталарымыз дамылдап жатыр. Тиген – күні кешеге дейін жанға жайлы, малға қолайлы дәулеті тасыған ел, қонысты жер еді. Әсіресе Тиген жері Октябрьдің 50 жылдығы атындағы кеңшар директорлары есімдері елге танымал, ауыл шаруашылығы ісінің білікті ұйымдастырушылары Бисембі Әріпов, Бектұр Төлеуғалиев, Оңаш Епенов, ферма басқарушысы Алпысбай Шүйішев, атақты малбегілері Бисалы, Еділбай Бекқалиевтер, Қыстаубай Дауылханов, Тұрсынбай Елемесовтердің тұсында шаруасы шалқып, даңқы дүрілдеп тұрды. Ондаған қос пәтерлі тұрғын үйлер, пошта, байланыс үйімен қоса ферма кеңсесі салынып, медициналық пункт, дүкен, монша, шағын клуб, кітапхана үйі басқа да әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету объектілері жұмыс жасады. Пішен базасы мен ірі сояулы шөпті уату цехы (кормоцех), ауыл шаруашылығы техникаларының тұрағы болды. «Қошақ» дөңінен басталып Ауыздыбас жеріне дейінгі Солтүстік Ақтау су бассейнінің фонтан сулары игерілді, Қабақ, Тасмұрын жерінен мал азығы үшін суданка шөбі егіліп, жалдамалы кәріс ұлты егіншілерінің күшімен бақшалық мол өнім алынды. Осындағы А.Шүйішев басқаратын қой фермасында жылмажыл төлімен қоса есептегенде мал басы 25-30 мыңға жетуші еді. Міне, осындай әжептәуір экономикалық әлеуеті бар елдің қазіргі мүшкіл халі кім-кімді де ойлантады. «Тиген төңірегіндегі Тасмұрын, Селеулі, Терісбауыр, Бисалы, Шаршықора, Керімді, Қақпақты, Аңдығара, Ұзынбас, Қырықбасан, Ақсай, Дағдышы-Бұлыш, Қызылауыз, Қиян, Ботакөз, Шеккіқора т.б. бұрынғы ферма қыстақтарының көпшілігінде ел жоқ, иесіз», – дейді бұрынғы комсомол жастар шопандар бригадасының қос орденді ұстазтәлімгері, қазіргі Тиген тұрғыны Қыстаубай Дауылханов ағамыз. Ауылдың байырғы тұрғындарының қатары сиреген, жастар жағы жаппай аудан орталығы Шетпе мен облыс қалаларына қоныс аударған. «Арқада қыс болмаса, арқар ауып несі бар» деген ауылда жағдай болса, олардың қалаға қоныс аударып несі бар?! Ең бастысы, мұнда мектеп жоқ. Екіншіден, аудан есебіндегі 22 елді мекеннің тек Тигенінде ғана газ жоқ. Жастарды «ауылдан қалаға қашады» деп жазғырудың жөні жоқ, қазіргі заманда «көздерінің ағы мен қарасындай» 5-6 жастағы ұл-қыздарын интернатта жатқызып кім оқытады, ауылға көңіл бөлу кезеңі келген екен, онда Тигеннен бастауыш мектеп ашу керек, мектеппен қоса газ құбырын келтіру керек. Осы екі мәселе шешімін тапса, Тигеннің бағы қайта жанады. «Бастауыш мектепте білім сапасы төмен болады» дейді біреулер, бұған да келіскім келмейді. Бір мысал: бәрі соғыстың зардабы, өсім аз, бала жоқ, 1951–1954 жылдары сонау Бозашының Уақ құм бетіндегі «Түрлен» деген шағын ауылдағы Қарашағыр жетіжылдық мектебінің бастауыш сыныбын бір бөлмеде, бір мұғалім, парталар қатарына бөліп 10-15 баланы бір оқытты, сол кездері менен 1, 2 сынып төмен оқыған Ордалы Мұқанов пен Қуантқан Исаевтардың білім-білігін ешкімнен де кем болды демеймін, екеуі де білім беру ісінің үздіктері, ұйымдастырушылары, математика пәнінің атақты мұғалімдері болды. Газ мәселесі жөнінде. Тигенге Мәстектен газ құбырын тарту «жыр» болғалы қашан? Талай лауазымды тұлғалар да уәде берді, жобалық сметалық құжаттары жасалған. Жыл жоспарына енгізілер шақта шығып қалады, іске аспайды. Айтылатын уәж: «тұрғылықты халық саны аз, экономикалық жағынан тиімсіз», есесіне жыл аяғында біраз қаржы игерілмей қалады. Жыл өткен сайын тұрғылықты халық саны азайып келеді. Осы жылдың 9 маусымына тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дауыс беру жөніндегі Тигенде құрылған №177 сайлау учаскесі бойынша 120 сайлаушы тізімге енгізіліпті, яғни әлі аз емес, халық бар екен. «Егер Тигенге газ құбыры тартылар болса, суы кемшін Ақшымырау, Қызан ауылдарынан да аудан орталығына жақын Тигеннің оты, суы мол, шырайлы қоныстарына қызығушылар бар. Сондай-ақ бұрынғы Тиген тұрғындарының да бірқатары қайта оралар еді», – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және ветеренария бөлімінің басшысы Бекмұрат Әбуов. Газ тарту құрылыс монтаж жұмыстарына біршама қаржы қажеттігін жоққа шығаруға болмайды, жоғарыдан шешілмесе, жергілікті бюджеттен қарастырса да заң шеңберінен шығып кетушілік болмас еді. Соңғы жылдары бүкіл еліміз бойынша өріс алған «Туған жер», «Құтты мекен» жобалары өз жерімізден шыққан кәсіпкер азаматтарымыздың да патриоттық сезімдерін оятты. Елді мекендерде мәдени-спорттық объектілер салу, мешіт үйін тұрғызу, киелі орындарға тоқ, газ желілерін жеткізу, жол салу сияқты меценаттық үрдіс бастау алды. Тигенге газ құбырын тарту қолға алынса, бұл істен кәсіпкерлеріміз де шет қалмайды деп ойлаймын, ал ауылға қоныстанушылар легі көбейіп, өмір жанданса мектеп, мектепке дейінгі балалар мекемесі мәселесі мемлекеттік жеке меншік әріптестік шеңберінде болса да шешілер еді.
Жалғас ЖАПАҚОВ
"Маңғыстау" газеті, №87 (9680) саны