©
Бір ойшыл замандасымыз айтқан екен: «Кітап оқу – қиын өнер. Мәселе – оқудың мәдениетінде». Ал оқудың мәдениетін қалыптастыру дегеніміз – әу баста отбасы тәрбиесінен, қала берді мектеп, оқу орны, қоғамдағы қызметің мен орның арқылы қалыптасатыны анық. Сондықтан да бұрынырақта осы айтылған орындардың бәрінде оқуға, кітап оқуға жағдай жасалып, үлкенді-кішілі кітап қорлары жинақталған болатын. Кейінірек олар ықшамдалып, кітапханаларға берілді. Енді адамдарды сол кітапханаларға тартудың шараларын алудың маңызы арта түсті. Неліктен олай істеу керек десек, адамға сана мен ақыл кітап арқылы көп беріледі. Мен көп жылдардан бері М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Ақтау көлік колледжінде оқытушы болып жұмыс жасаймын. Бұл колледждегі менің сүйікті орнымның бірі – оның кітапханасы. Ол кітапхана аса бай, онда кәсіптік мамандыққа қатысты оқулықтармен қатар, мектептің жоғарғы сынып оқулықтары, көркем әдебиет саласының барлық жанрларына қатысты және тарихи тақырыптарға арналған монография зерттеулер де жеткілікті. Кітапханада 100 мыңнан астам әдебиеттер бар, оның бәрі каталогке сәйкес рет-ретімен орналастырылған. Мысалға, тарихи тақырыпқа арналған «Қазақстан тарихы», Ә.Кекілбаевтың шығармаларының толық жинағы, С.Қондыбайдың 15 томдық толық шығармалар жинағы, т.б. қаламгерлердің еңбектері сақталған. Оқу мәдениетін қалыптастыруда кітапхана қызметкерлерімен ұдайы шаралар ұйымдастырылып тұрады. Абайтану, Әбіштану, Фаризатану, Серікболтану т.б. тақырыптарына оқулар ұйымдастырылып, үздіктер қалалық және облыстық оқуларға жолдама алып жатады. Кітапхана қоры үнемі толықтырылу үстінде, жыл сайын оқытушылардың қажеттіліктері бойынша екі рет жаңа ғылыми әдебиеттер мен оқулықтар қорына сұраныс жасалады, интернет материалдары негізінде баспа оқулықтар да дайындалады. Республикалық, облыстық деңгейдегі газет-журналдар мен басқа да басылымдар жеткізіліп отырылады, оларда берілген шұғыл жарияланатын мақалалар таратылады, арнайы көрсетілімдер ұйымдастырылады. Кітапхана жанында көпшілікке арналған оқу залы интернетпен қамтылған, студенттердің еркін дайындалу мүмкіндігі қарастырылған. Оқу залы қашан барсаң да, тым-тырс тыныштық құшағында алаңсыз оқу-жазумен айналысып отырған шәкірттерге толы. Олардың оқуын қадағалап, сұраныстарын лезде тауып беріп отырған кітапхана қызметкерлері Тыныштық Жанғалиева, Дина Шамбилова және Балғаным Ералы апайлар – студенттер мен оқытушылардың ыстық ықыласына лайықты жандар. Кітапхананың жұмысы тек қана өзінің оқырмандарымен шектеліп қалмаған, оған сырттан көмектесіп, үлестерін қосушылар да жоқ емес. Өткен жылы бір азамат өзінің жеке қорынан 40-50 дәне кітап әкеліп кітапхана қорына қосты, кейбіреулер ойлағандай қолданудан тысқары ескі кітаптар емес, арасында ескі болғанмен өзінің маңызын жоймаған көптеген оқулықтар, қазақстандық және шетелдік жазушылардың белгілі шығармалары да бар екен. Ақшұқыр мектеп-гимназиясының 2-сыныбында оқитын немерем былтырдан бастап тұрақты ертегі кітаптар әкеліп, бәріміз бірігіп оқуды әдетке айналдырдық. Келесі кітапты алайын деп барғанда кітапханашы апайы алдыңғы алғанының мазмұнын сұрайды екен. Ал биыл жыл соңында үлкен салтанатты жиында сол мектеп өзінің төрт оқушысын кітапқұмарлығы үшін арнайы қомақты сыйлықпен (2 велосипед, екі планшет) марапаттады. Әрине, қазіргідей ақпараттанудың электрондық жүйесіне енген кезеңде кітап, газет-журнал оқуға қызықтыру мен оны насихаттаудың қиыншылықтары көп. Бірақ кітапты тікелей парақтап оқып, түсініп, тұшынып, оның қадірін біліп құрметтеп, басқа дүниелеріңнен де артық қастерлеп ұстаудың маңызын аға ұрпақ әлі де болса сақтай білген. Біздің өмірімізде үйіндегі кітапты айтпағанда, күнделікті басылымды да алып оқуға бермей, «қажет десең осы үйде отырып оқып ал» деген азаматтар, үйінің бір қабырғасын еденнен төбеге дейін сәкілеп кітап жинаған жандар көптеп кездесетін. Ол олардың рухани қажеттіліктеріне қарай жинаған байлығы және ол жұтқа жұтылмайтын ұрпағына қалдырар мұрасы болатын. Сол азаматтардың біз көріп жүрген бүгінгі ұрпақтары да, басқа жандардай емес, кітапты аса құрметтеп ұстайтынын көріп жүрміз. Міне, кітапты оқу өнері мен оқудың мәдениетінің негізі осында жатса керек.Жұмат НҰРБЕРГЕНОВ, Ақтау көлік колледжі оқытушысы